Тұлпар болар жүйрікті тап басып танитын халықтың ұрпағы болғандықтан, бәйге десе ішкен асымызды жерге қоятынымыз жасырын емес. Соңғы жылдары аламан бәйгеде алдына қара салмай жүрген «Жұмыртұяқ» атты сәйгүлікті барлық республика таниды. Дүбірлі додада тұлпардың аты аталса болды, «Хамза шабандоз келді» деп халық та қошеметпен қарсы алады. Аламанда атой салып, өнерімен талайды тәнті етіп жүрген қаршадай баланың бойындағы таудай батылдыққа біз де таңғалып, арнайы жаттығу алаңына іздеп бардық.
Тақымы тұлпарға жабысқан, желмен бірге жарысқан Хамза Амангелді Ескелді ауданына қарасты Жалғызағаш ауылында тұрады. Отбасында 5 қыз, 2 ұл бар. Биыл үшінші сынып оқитын шабандоз сабақ біте салысымен арнайы жаттығу алаңына асығады екен. Біз барғанда ол өзі қатарлас балалармен қылқұйрықтарын баптап, жылқыларға жем-шөп салып жүр екен. Шынашақтай баланың жылқыға құмарлығы 5 жасынан басталыпты. Шабандоздың әкесі Марлан баласы 4 жасқа келгенде арнайы тоқым тігіп беріп, атқа мінуді үйретіпті. Жасы 5-ке келгенде Хамза атта еркін шаба бастаған. 6 жасынан бастап үлкен бәйгелерге қатысып, жүлдегер атанған. Тоғыз жасар Хамзаның да атқа деген құрметі ерекше.
– Жылқы десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә! Мен «Ер қанаты – ат» деген тәмсілді пір тұтып, тұлпардың үстінен түспеймін. Ат спорты маған қанат бітірді. Алты жасымнан бастап еліміздің талай жерінде өнер көрсеттім. Дүбірлі додаларда олжа салдым. Бәйгеге шабуға дейін талай атқа мініп машықтандым. Шамамен осы күнге дейін 50-60 жүлде алдым, – дейді ол.
Иә, шабандоз шашасына шаң жұқпаған жүйрікпен облыстың абыройын асқақтатып, талай додада топ жарды. Бәйгедегі жетістіктері үшін «Үздік шабандоз», «Ең жас шабандоз» атағын еншілеген шабандоз былтырдың өзінде бес бірдей ірі жарыста жеңістің желкенін көтерді. Атап айтсақ, Көкшетау қаласында 5 миллион теңге, Қаратал ауданында Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген аламан бәйгеде Тойота Ланд Крузер көлігін, Қызылорда облысында Тойота хайландер, Семей қаласында өткен аламан бәйгеде Mitsubishi L300 жол талғамайтын темір тұлпарын тақымдаған. Сонымен қатар, Абай облысында мәре сызығын екінші болып кесіп, 300 мың теңге еншілеген.
Есімі елге танылған шабандозды әкесі Марлан Бектенов баулып жүр.
– Хамзаның былдырлаған шағынан Қамбар ата тұқымына қызығушылығы жоғары болды. Қазақтың рухы ат үстінде. «Жылқы мінезді халықпыз» дейтіні де содан. Десе де тұқымына қарай әр жылқының мінезі әр қилы болады. Хамза мен «Жұмыртұяқтың» мінезі де ұқсас. Содан болар дүбірлі додаларда балам қылқұйрықтың бабын жақсы біледі, – дейді ол.
Аттың құлағында ойнап, жалынан тартқан шабандоз алдағы ат жарыстарына қызу дайындалып жүр екен. Ең басты додасы Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Әлемнің кіл мықты жүйріктері қатысатын сайыста рухты ұл алтын тұғырдан көрінсем дейді.
Тақымы атқа тисе арқаланып кететін кейіпкеріміздің арманы асқақ, мақсаты биік. Ол болашақта елдің атын әлемге танытатын жокей болсам дейді.
Жетісу жерінде ұлттық спортты ұлықтап, облыс намысын қорғап жүрген шабандоздардың көп болуы көңілге қуаныш ұялатады. Олай болса жас шабандоздар әлемге танылып, ұлтымыздың мерейін асқақтата берсін деп тілейміз. Әрдайым сәйгүліктерінің бабы мен бағы қатар шабатын алтын асықтай ұлға жүйрігі мәреге дара жетіп, бәйге төрінен көрінсін дейміз!
Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: Руслан КАДЫРОВ





