Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарыла бастағанына 35 жыл. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда ел боздақтарын еске алуға арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған өңірдегі билік өкілдері, жастар, соғыс ардагерлері және олардың отбасы мүшелері мен мектеп оқушылары қатысты.
Аталған шара шаһардың орталық саябағындағы «Мәңгілік алау» мен Ауған соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткіштер алдына гүл шоқтарын қойып, өмірден өткендерді бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды.
Жиналған қауым алдында сөз алған облыстық ардагерлер бірлестігінің төрағасы Ермек Келемсейіт:
– Кезінде Ауған жеріне Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барған азаматтар антына адал болды. Себебі, ондағы соғысқа қатысқан талай жас қыршынынан қиылып, мыңдаған шаңыраққа қайғы әкелді. Біз әр жылы сол боздақтарды еске алып, олардың ерлігін атап өтудеміз. Енді, міне, бүгінгі бейбіт өмірде сол соғысты көрген азаматтар тарихи жаңарудан тыс қалмай, белсенділік танытып, Тәуелсіз еліміздің қоғамдық – саяси өміріне етене араласып келеді, – деді.
Осыдан соң Талдықорған қаласындағы М.Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған бір бұрыш ашылып, жиын Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында жалғасты.
Басқосуда Жетісу облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева аймақ басшыларының ізгі тілегін жеткізіп, ардагерлерді 35 жылдық мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Гүлнар Қожағұлқызы:
– 15-ші ақпан өткен ғасырдағы Ауған жеріне Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге барған азаматтар үшін айтулы күн. Себебі, бұл күн 10 жылдық соғыстың аяқталғанын еске түсіреді. Кезінде Ауғанстан жеріне жалпы қазақ даласынан 22 мыңнан астам азамат аттанса, оның 3701-і Жетісу жерінен. Соғысқа барған сол жауынгерлердің 924-і қаза тауып, 21 адам із-түзсіз кеткен. Жат ел, жат жердегі қарулы қақтығыста біздің отандастарымыз ерен ерліктің, өшпес өрліктің үлгісін көрсете білді. Батырлардың әрбір ерлігін кейінгі ұрпақ мақтан ететін болады, – деп атап өтті.
Жетісу облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бауыржан Барлыбаев:
– Әр соғыстың тарихы бөлек болғанымен, табиғаты бір. 15 ақпан соғыс майданында болған барлық азаматтар үшін қайғылы да қуанышты күн. Себебі, бұл шайқаста мыңдаған жауынгер ерлікпен қаза тапты. Өнегелі өмір өшпек емес. Олардың азаматтық борышын өтеу жолында жасаған ерен ерліктері елге ұран, ұрпаққа үлгі. Біз өткенімізді еске ала отырып, жастарға тағылымды тәрбие берудеміз керек. Әрі келешек ұрпақ мұндай соғысты көрмей бақытты ғұмыр кешсе екен тілейміз, –дейді.
Жиында бірқатар азаматтар облыс және қала әкімдерінің арнайы Алғыс хаты, Құрмет грамоталарымен марапатталып, жалпы соғыс ардагерлеріне 35 жылдық мерекелік медаль табысталды. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айдын КӘЛІМХАН





