«Талдықорған» ипподромында шаңғы спорты бойынша «Денсаулық» фестивалі өтті. Іс-шараны ұйымдастырған Талдықорған қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі саламатты өмір салтын насихаттап, көпшілікті бұқаралық спортқа тартуды мақсат етті.
Бұл күні ауа райы да өзгеше болды. Аспан әлемінен ақ ұлпа қар ұшқындап, жиналғандардың қысқы спорт түріне деген қызығушылықтарын арттыра түскендей еді.
Дәстүрге айналған қысқы спорт мерекесінде алғысөзді қала әкімі аппаратының басшысы Жеңіс Андабеков алып, шаңғының шабандоздарына ізгі тілегін жолдады.
– Армысыздар, құрметті қала тұрғындары мен спортшылар қауымы! Бүгінгі қысқы спорт түрі бойынша ұйымдастырылған «Денсаулық фестивалі» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Саламатты өмір салтын ұстанған ел – бәсекеге қабілетті ел. Сондықтан, барлықтарыңызды спортпен щұғылдануға шақырамын. Бүгінгі сайыс қуаныштың, достықтың, бірліктің мерекесіне айналсын. Әділ төрешілік көтеріңкі көңіл күй мен достықтың жеңісін сыйласын, – деді ол.
Құттықтау сөз сөйлеген Талдықорған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Жексенбай Мейрембаев та тұрғындардың іс-шараға белсене қатысқанына дән риза екендігін тілге тиек етті.
– Бүгінгі «Денсаулық» фестивалі атына сай дәрежеде өтуде. Спорт дегеніміз мәдениетті адамның бір ғана қыры. Сіздермен бірге бұл сайысқа қатысқым-ақ келген. Бірақ жасым жетпіске келіп қалғандықтан шаңғымды үйге қалдырып кеттім. Әйтсе де 4-5 жылдай болды, осы ипподром аумағын шаңғымен асықпай жүріп өтемін. Сіздер де денсаулықтарыңызды күтіп, еліміздің спортын дамытуға үлес қосыңыздар, – деді ол.
Жарыстың бас төрешісі Бауыржан Ырысбаев жарысқа қатысқан әр қатысушының сый-сияпатсыз қалмайтынын айта келіп, шаңғышыларға жарыстың ережесі мен сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.
Ерлер мен әйелдер арасында өткен бәсекеге спорт ардагерлері мен әскери бөлім қызметкерлері, колледж, лицейлердің денешынықтыру мұғалімдері қатысып, жарыс көрігін қыздырды. Олардың қай-қайсының да біршама дайындықпен келгендері байқалады.
Жарыс ережесі бойынша қыздар мен мектеп оқушылары 500 метрлік қашықтықта жарысты. Ал 18-63 жас аралығындағы ер азаматтар 3 шақырымдық қарлы жолды еңсерді.
Спортшылар мәре сызығына жақындаған сайын көпшіліктің қолдауы да күшейе түскендей. Алдыңғы лекте келгендер бір-бірін құшақтап, құттықтап жатса, кейіндеп қалғандардың да достық әзілдерінің үйлесімін тапқаны жан жадыратты.
Іс-шара шаңғы жарысымен шектелмеді. Марапаттау рәсіміне дейін қолдаушыларды сөзімен баураған жүргізуші фестивальдің сәнін кіргізіп, би жарысын ұйымдастырды. Осылайша алдын ала жан-жақты ойластырылған мазмұнды бағдарлама ешкімді зеріктірген жоқ. Тіпті күн ызғарын да сезінбеген қала тұрғындарының зейіндері биде, назарлары спортшыларда болды. Олар қызықты спорт шарасын ұйымдастырған қала басшылығына алғыстарын айтып, риза көңілмен тарасты.
Данияр АЙНАБЕКҰЛЫ,
Жетісу университетінің білімгері





