«Жетісу» газетінің қазанның 28-індегі №121 санында М. Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Райхан Есенбаеваның «Тәуіптен қалған тәбәрік» атты Көтен тәуіп Қоңырбайұлы туралы танымдық мақаласы жарық көріпті. Талап, әрине, оң, бірақ тарихи тұлғаны жазуда дерек берушілердің жауапсыздығынан бірқатар қателіктерге ұрынғаны көзге түсіп тұр.
Біріншіден, тарихта Көтен тәуіп Қоңырбайұлы есімімен танымал тылсым күшке ие әулиенің есімі Қойлыбай деп жазылған. Қойлыбай бақсы біздің бабамыздан ертеректе Сарыарқада ғұмыр кешкен, Балталы-Бағаналы Найманнан тарайтын ел аузында есімі қалған тұлға. Қойлыбай бақсы туралы ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың осы аттас дастаны бар, ұрпақтары бар. Ал ел жадында Өрістік әулие, Жалаңаш әулие деген жанама есімдерімен қалған Көтен тәуіп Қоңырбайұлының ұрпақтары мұндай жаңсақ ұғымға жол бермейді.
Екіншіден, 1690 жылы дүниеге келіп, 1790 жылы өмірден қайтқан әулие бабамыздың тегі Найман (Матай) деп жазылыпты. Шежіре бойынша әулие ұрпақтары былай таратылады: Садыр ішінде Шәржетім, одан Бадана, одан Есберлі, одан Шыбық, одан Балтай, одан Қоңырбай, одан Түгел, Күшіман, Көтентәуіп. Әулие атамыздың бәйбішесінен Қанкөбен, Мамаш, Сейіт, Қосшы туады, тоқалынан Самар атты бір ұлы тарайды. Мамаш өз тұсында танымал бақсы болған кісі. Әулие баба өз қобызын осы ұрпағына қалдырған. Мамаштан Игісін, одан Тұқымет-қобыздың мираскері. Бұларға да бақсылық қонған көрінеді.
Үшіншіден, мақала авторының тәуіп ата кесенесінің шырақшысы Бижамал апайға Мәскеуден келген орыс жігіті 60 мың доллар әкеп табыстапты, содан кейін кесене көтеріліпті деген аңызы шындыққа жанаспайды. 1994 жылы Лепсі-Көктерек аралығындағы баба зираты жаңартылды, ұрпақтары бірлесіп күмбез көтерді. Арнайы қор құрылып, құрылыстың басы-қасында сол кездегі Лепсі мұнай базасын басқарған Кеңес Сердалинов, осынау киелі істің жанашыры болып Бижамал апа жүрді.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Редакциядан: осы хат келіп түскеннен кейін біз «Тәуіптен қалған тәбәрік» мақаласының авторы Райхан Есенбаевамен хабарласып көрдік. Зерделей келгенде, аталмыш жазбада айтылған жаңсақтықтарды автор Көтен тәуіп кесенесінің бұрынғы жалған шырақшысының айтуы бойынша жазып шыққанын айтты. Райхан Есенбаева жіберген қателігі үшін баба ұрпақтарынан кешірім сұрап, өкініш білдірді.
Халқымызда: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген нақыл сөз бар. Айтушыдан кеткен қателікті жазушының тереңдей зерттемегенін шалағайлық деп қабылдауға мәжбүрміз. Мұны қарымды қаламгер Жомарт Игіман өз жазбасында: «Талап, әрине, оң, бірақ тарихи тұлғаны жазуда дерек берушілердің жауапсыздығынан бірқатар қателікке ұрынғаны көзге түсіп тұр» деп іштей біліп отырғанын меңзейді.
Бабалар даналығын жүрегіне жылу еткен тәуіптің ұрпақтары жазбада жіберілген қате деректердің әулиенің қасиетті есіміне көлеңке түсірмейтіндігіне сенімді. Қайта осы мақала арқылы бірталай түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға сеп болыпты. Тіпті, бүгінде жазба авторы мен тәуіп ұрпақтары бірлесе отырып, бабамыздан қалған мұраларды өскелең ұрпаққа өнеге етудің жақсы бастамасын бастап та кетіпті. Міне, бұл өсер елдің ұрпақтарының өзегі талмайтын ұлы қасиетінің бірі.





