Биыл Қазақстанның зейнетақы жүйесі алғаш рет халықаралық рейтинг – CFA институты мен Mercer Consulting халықаралық кәсіби консалтингтік компаниясының (Австралия) бірлескен зерттеу жобасы болатын Mercer CFA институтының жаһандық зейнетақы индексіне енгізілді. Жан-жақты талдау және бағалау нәтижелері бойынша еліміздің зейнетақы жүйесі осы рейтингте 20-орынға ие болды.
Зейнетақы жүйелерін кешенді зерттеуден тұратын жаһандық зейнетақы рейтингіне ғалам халқының 47 елі кірді.
Mercer жаһандық зейнетақы индексі 50 түрлі алғышартты қамтиды. Бұл «лайықтылық», «тұрақтылық» және «тұтастық» сияқты үш субиндекске біріктірілген алдыңғы қатарлы елдердің зейнетақы жүйелерінің ондаған көрсеткіштерін талдайды. 2023 жылы рейтингке енгізілген Қазақстан 64,9 балл жинап, «C+» бағасын алды. Дәл осындай баға алған Гонконг, АҚШ, БАӘ, Колумбия, Франция, Испания, Хорватия сияқты елдерден балл саны жағынан озық тұр. Есепке сәйкес, аталмыш елдердің зейнетақы жүйелерінің жақсы жақтары қасиеттерімен қатар ұзақмерзімді тұрақтылық пен тиімділікке қол жеткізу үшін жоюды қажет ететін кейбір кемшіліктері де бар. Әр зейнетақы жүйесі жеке дара талданғанын ескерген Mercer CFA институты қазақстандық зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша мынадай ұсыныстар жасады. Бірінші, кедей қарт зейнеткерлерді қолдаудың ең төменгі деңгейін жоғарылату. Үй шаруашылықтары зейнетақы жинақтарының деңгейін көтеруге ынталандыру. Зейнетақы жинақтарына қол жеткізуді шектеу арқылы зейнетке шығар алдындағы кезеңде жинақтардың шығыс ағынын қысқарту. Өмір сүру ұзақтығы ұлғайған сайын егде жастағы адамдардың жұмыс күшіне қатысу деңгейін арттыру. Зейнетақы жүйесіне қатысушылардың жылдық үзінді көшірмелерінде болжамды зейнетақы төлемдерін көрсету бойынша талаптар енгізу.
Қол жеткізген нәтижеге сәйкес отандық зейнетақы жүйесінің MCGPI индексіндегі қорытынды бағасы субиндекстік бағалаулардың үлес салмағы бойынша өлшенген нәтижелерді жинақтау жолымен алынған 64,9 балды құрады. Зейнетақыны есептеу мен төлеуге байланысты алты аспект назарға алынды. «Лайықтылық» жалпы балдың 40%-ын құрайды. Қазақстан зейнетақы жүйесінің рейтингі Малайзия, Оңтүстік Африка және Түркиядан алдыда. Айта кету керек, Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріске салықтық жеңілдіктер жұмыстан босатылған жағдайда салымшылардың зейнетақы жинақтарына құқықтарының сақталуы, инфляцияны ескере отырып және зейнетақы активтерін инвестициялау арқылы олардың ағымдағы құнының сақталуы және алғышарттары бойынша салымшы үшін тиімді ұстанымдары бар. Алайда, ең төменгі базалық зейнетақының мөлшері, базалық зейнетақыны индекстеу және индекстеудің жүйелілігі, халықтың жинақ қаржысының деңгейі (оның ішінде зейнетақы), халықтың берешегі, зейнетақы жинақтарын өсіп келе жатқан активтерге инвестициялау мүмкіндігі бойынша нығайтылуы тиіс. Қолданыстағы зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын ескеретін «тұрақтылық» субиндексі бойынша 74,8 балды құрайды.
Қазақстанның халықты зейнетақы жүйесімен қамту алғышарттары мен демографиялық көрсеткіштері бойынша ұстанымы ерекше. Егде жастағы қызметкерлердің еңбек қызметін жалғастыра отырып, өздерінің зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігі оң бағаланды. Жақсартылу әлеуеті бар ұстанымдарға азаматтардың жинақ қаржысының деңгейін арттыру, оның ішінде қомақты зейнетақы жинақтарын қалыптастыру, 55 жастан асқан адамдар арасында халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру, зейнетақы жарналарының мөлшерлерін ұлғайту жатады. Тұрақтылықтың субиндекстері (жалпы рейтингте 7-орын). Тұтастық (14-орын) барынша жоғары бағаланады. Қазақстандық зейнетақы жүйесінің осал тұсы лайықтылық субиндексі бойынша белгіленгендіктен оны нығайту қажет екені айтылды.
Зейнетақы жүйелеріне осы индикаторлар бойынша толық және объективті бағалау жүргізу үшін ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк, халықаралық еңбек ұйымы, Economist Group зерттеу және талдау бөлімшесі, ұйымдардың деректерін қамтитын ашық халықаралық көздерден алынған мәліметтердің пайдаланылғанын атап өтеміз. Жыл сайын жарияланатын жаһандық зейнетақы индексі 2023 жылы әлемдегі зейнетақы жүйелерінің көпшілігі халықтың қартаюы, мемлекеттік қарыздың өсуі және инфляцияның жоғары деңгейіне байланысты күйзеліске ұшырағанын атап өтті. Бұл мәселелер барлық зейнетақы жүйелеріне әсер етті. Ал қарт адамдар зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өздерінің жағдайын жасауы керек болды. «Біз енді тек әлеуметтік қамсыздандыруға немесе мемлекеттік зейнетақыға сене алмаймыз», – деді есеп авторларының бірі.
Сондай-ақ, 2023 жылғы рейтингте алдыңғы рейтингтерде болмаған ерекшеліктердің бар екенін атап өткіміз келеді. Дәлірек айтқанда, бұл жасанды интеллекттің әлемдік зейнетақы жүйелерінің әсеріне қатысты жағдай. Осылайша, зерттеушілердің пікірінше, жасанды интеллект зейнетақы жүйелері, ең алдымен, жинақтаушы жүйелерін өзгерту және жақсарту үшін шексіз әлеуетке ие.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнет- ақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналарын тарту, зейнетақы төлемдері, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады. Салушыға зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді. «Қазақстанның зейнетақы жүйесі Mercer институтының CFA жаһандық зейнетақы рейтингісіне енгізілді» тақырыбына түсірілген бейнесюжетті төмендегі видеодан тамашалаңыздар.
Г. Мұқашқызы
Фото: egemen.kz





