Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, тілшілер қауымының қойған сұрақтарына жауап берді. Екі сағатқа созылған баспасөз мәслихатында Жетісу жерінің өркенді жетістіктері таныстырылып, көрсеткіштерінің деңгейі сараланды. Брифингтің алғашқы бөлігінде аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен межеленген міндеттер туралы мазмұнды баяндама жасады.
ЖОСПАР АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛДЫ
Жиында Бейбіт Өксікбайұлы 6 айдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің көлемі 12,6 пайызға өсіп, 695,5 млрд. теңгені құрағанын айтты. Сонымен қатар, 10 айда барлық индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалғанын жеткізді.
– Экономиканың өсу қарқыны 112,9 пайызды құрады. Былтыр 104 пайыз болған. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі. Салалардың ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есе ұлғайса, тұрғын үйді пайдалануға беру 22,6 пайызға, сауда 1,6 есеге өсті. Жыл басынан бері облыс экономикасына 20 пайыз өсіммен 240,7 млрд. теңге инвестиция тартылды, оның ішінде жеке инвестициялар 143,4 млрд. теңге. Мемлекеттік бюджетке 241 млрд. теңге, республикалық бюджетке 180 млрд. теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп. Ал жергілікті бюджетке түсімдер 25 пайызға өсіп, 60 млрд. теңгені құрады, – деген облыс әкімі алда тұрған негізгі міндеттер мен жүзеге асырылатын іс-шараларға кеңінен тоқталды.
ЕГІН САЙЛЫ, КӨҢІЛ ЖАЙЛЫ
Жер жаннаты Жетісу облысы – аграрлы аймақ саналғандықтан Бейбіт Өксікбайұлы агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамыту, ауылшаруашылығын уақыт талабына сай өркендету мәселесіне ұдайы көңіл бөлініп келетінін тілге тиек етіп, осы сала бойынша атқарылып жатқан шаруаларды баяндады.
Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд. теңге бағытталған. Ауылшаруашылығына үлкен көңіл бөлінгендіктен ала жаздай тырбанып, Жер-Ана еміп өскен диқандардың егіні сайлы, көңілі жайлы болды. Тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген шаруалар 324 мың гектарға дәнді дақылдар себіп, 870 мың тонна астық жинаған. Оның орташа өнімділігі гектарына 27 центнерді құрайды.
– Биыл жалпы жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғаш рет 4-ші көрсеткішке ие болып отыр. Алдағы екі-үш жыл көлемінде өңірде 1 млн. тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндік бар. Ал мал басының барлық түрлері мен өнім өндірісінің (ет – 101,6%, сүт – 101,2%) өсімі қамтамасыз етілді. Төрт түліктің саны 3,2 млн. басқа жетті, – деген Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша, ауылшаруашылық өнімін өңдейтің 120 кәсіпорын 10 айдың ішінде 70,2 млрд. теңгенің азық-түлігін өндірген. Бұл былтырмен салыстырғанда 23 пайызға көп. Ауылшаруашылық шикізатының шамамен 35 пайызы облыстағы кәсіпорындарда қайта өңделеді. Үш жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, қайта жұмыс істей бастады. Қызылшаны субсидиялау нормативі тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бұл қант қызылшасының алқабын 2 есеге көбейтіп, 8,5 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.
Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна тәтті түбір өткізіліп, жыл соңына 42 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұған қоса қант құрағынан 29 мың тонна қант өңделеді.
Облыста «Ірі жобалар» бойынша алдағы екі жылда 25 млрд. теңгеге 10 ірі жоба іске асырылмақ. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Облыста жоғары өнімділікті дақылдар алқаптарын ұлғайту үшін су шаруашылығының 11 нысаны салынуда. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқан 16 нысанның 7-еуі су қоймасы. Соған орай алдағы 2-3 жылда 48 мың гектар жер сумен қамтамасыз етіліп, тағы 20 мың гектар жаңа суармалы жерді айналымға қосу жоспарлануда.
ДАМУ ҚАРҚЫНЫ АРТТЫ
Баяндамасында өнеркәсіпті дамыту мәселесіне кеңінен тоқталған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
– Облыстағы 535 кәсіпорында 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жалпы өнеркәсіп көлеміндегі өңдеу секторының үлесі 80 пайызға тең. Аймақта негізінен ашытқы (уыт), электрлі аккумуляторлар, жоғары вольтты электр тарату желілеріне арналған темір-бетонды және металл тіректер өндіріледі. Облыс құрылғаннан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған бесеуі кеңейтілді, 759 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл құны 39 млрд. теңге болатын 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам адамға жұмыс береді. Соның ішінде керамикалық плиталар шығаратын «Алмаз Керамикс» кәсіпорнының 2-ші желісін іске қосу бар. Қуаты жылына 7 млн. шаршы метр, құны 1,8 млрд. теңге болатын кәсіпорын 260 адамды жұмыспен қамтиды. Күн панельдерін шығаратын «Майами Солар» ЖШС-на 80, «EcoWattAKA» жел электр стансысысына 105 адам жұмысқа алынады, – деп баламалы энергетиканы дамыту бойынша облыста атқарылып жатқан әлеуетті жобаларға тоқталды.
Оның айтуынша, Жоңғар қақпасы аумағында салу жоспарланған қуаты 1 ГВт-тық ірі жел электр стансысына Сауд Арабиясынан 883,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, тау-кен саласын дамыту шеңберінде металлургия комбинатының құрылысы басталып, ауқымды жоба іске асырылады. «Шоғырландырылған құрылыс тау-кен компаниясы» ЖШС-і қуаты жылына 860 мың тонна мыс концентратын өндіруге жетеді. Егер зауыт іске қосылса 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қазір құрал-жабдықтар мен тауарларды сақтауға қажетті қоймалар мен техникалық ғимараттардың құрылысы аяқталды. Комбинат құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады. Жалпы облыстың инвестициялық портфелінде 2030 жылға дейін құны 2,2 трлн. теңге болатын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 184 жоба бар.
Облыс аумағында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» ХШЫО жұмыс істейді. Онда қазір 2030 жылға дейін инвестициясының жалпы көлемі 622 млрд. теңге болатын 52 жобаны іске асыру жоспарланған.
Көлік-логистика саласына ірі инвесторларды тарта отырып, өңірдің транзиттік әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталған Бейбіт Өксікбайұлы «Достық» стансысында құны 12 млрд. теңге, қуаты 150 мың контейнерлік «ЕТТ Dostyk» ЖШС-і мультимодельді көлік-логистикалық орталығы салынғанын, 2 көпфункционалды жүк тиеу терминалы перспективалы жобасын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі салынып жатқанын атап өтті. Теміржол тармағының 451 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтетіндіктен аймақ экономикасына қосымша 293 млрд. теңге инвестиция тартылып, жергілікті тұрғындар үшін 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оған жетісулық кәсіпорындардың өнімі қолданылады.
Жетісу жерінде шағын және орта кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп, облыс экономикасының маңызды бөлігі ретінде әрбір кәсіпкерге мол мүмкіндік есебінде тиімді несие берілуде. Соның арқасында облыста тіркелген 59 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысанында 110 мың адам жұмыс істейді. Биылғы 10 айда бюджетке 33 млрд. теңге түсім түскен. Бұл былтырғыдан 1,5 есе көп. Аймақ басшысының айтуынша алдағы 2 жылда бұл көрсеткішті 5-7%-ға арттыру межеленіп отыр.
АСТАНАДАН АҚШИГЕ ПОЙЫЗ ЖҮРЕДІ
Тұмса табиғатымен тамсандырып, самал желімен баурап алатын, саф алтындай ауасы бар, алыс-жақын шетелдерден қонақ үзілмейтін, туризмі ерекше дамыған Жетісу жері ішкі және сыртқы туризмді өркендетуге қолайлы аймақттың бірі болғандықтан Бейбіт Өксікбайұлы бұл салада да ауқымды істер атқарылып жатқанын атап айтты. Мониторинг деректеріне сәйкес 10 айда облысқа келген 2 млн. туристтің 1,5 миллионы Алакөл жағалауына барған. Жалпы, Алакөл мен Балқаш жағалауына апаратын Талдықорған – Өскемен (287-615 км.), Үшарал–Достық (180 км.), Лепсі – Балқаш жағалауы (0-27 км.), Алматы–Өскемен–Лепсі–Ақтоғай (0-110 км.) жолдарының құрылысы 2024 жылдың соңында толық аяқталады. Одан бөлек Үшарал әуежайы былтыр күрделі жөндеуден өтсе, Астанадан Ақшиге «Тальго» пойызының қатынасы ашылды. Сонымен қатар, келесі жылы Балқаш көлі жағасында инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы басталып, 2025 жылдан демалыс орындары, қонақүйлер салынады. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында биыл «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында құны 2 млрд. теңге тұратын визит-орталық салынды. Шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Шоқан Уәлиханов мұражайына апаратын 6,8 шақырым жол орташа жөндеуден өтіп, мұражай қайта жаңғыртылды. Сарқан ауданында Жасылкөлге дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізілуде.
ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ – БАСТЫ БАҒЫТ
– Қолжетімді тұрғынүй, сапалы ауызсу, елді мекендерді газдандыру, жол салу – бұл бірінші кезекте халықтың өмір сүру деңгейін арттыруды қамтамасыз ету үшін қажет. Облыста тұрғын үй кезегінде 30 мың адам тұр. Баспана кезегінде тұрғандардың 15 мыңнан астамы талдықорғандықтар. Биыл 323 мың шаршы метр үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Оның 50 пайызы бюджет есебінен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 есеге көп. Жалпы жыл соңына дейін 3494 пәтер беріледі. Нәтижесінде кезекте тұрғандардың саны шамамен 14-15 пайызға азаяды. Бүгінде демеушілер есебінен Талдықорған қаласында 180 пәтерлік үш үй және әлеуметтік осал топтағыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға арналған 27 жеке тұрғынүй салынды. Бұдан басқа «Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылы 560 пәтерлік 9 көппәтерлі үй салуды жоспарлап отыр, деген облыс басшысы алдағы 4-5 жыл ішінде кезекте тұрғандар санын 40-50 пайызға азайтуды көздеп отырғанын жеткізіп, газ бен ауызсу тарту жұмыстары бойынша істеліп жатқан шаруаларды баяндады.
Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша, жыл соңына дейін 199,5 шақырым облыстық маңызы бар жолдар және 80 елді мекеннің ішкі көше жолдары жөнделеді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі 93 пайызға жетеді.
Облыста 358 елді мекеннің 323-і орталықтандырылған сумен қамтылған. Жыл соңына қарай 2 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, тағы 15 елді мекенде ауызсудың сапасы жақсарады.
Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Облыста бұл жоба жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Қазір газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 26-сы, Талдықорған қаласын қоса алғанда 298 мың адам газға қол жеткізген. Жыл соңына дейін тағы 8 елді мекен көгілдір отынға қосылады. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі аралықта жатқан барлық елді мекен газдандырылып, 500 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 72 пайызы газға қол жеткізеді. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарын газдандыру үшін Талдықорған – Үшарал магистральды газ құбыры құрылысының ЖСҚ-сы әзірленді. Соған байланысты 2028 жылға қарай 124 мыңға жуық тұрғыны бар тағы 66 елді мекенді көгілдір отынға қосылады.
Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Сол бағдарламаларда көрсетілген міндеттер орындалып, жоспарларды жүзеге асырылуда. Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 29 мыңдай жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі былтырғымен салыстырғанда 5,1%-дан 4,8%-ға төмендесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі 32%-дан 28%-ға азайды.
– Маусым айынан бастап Алакөлдің жағасында 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға арналған 35 орынды сауықтыру лагері жұмыс істеді. Биыл Талдықорған қаласында «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық және мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Асар» спорттық-оңалту кешені ашылды. Бүгінгі күнге Талдықорған қаласы бойынша 300 адамға, оның ішінде 54 балаға оңалту қызметі көрсетілуде. Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен, демеушілер көмегімен 14 Инватакси сатып алынды. Инватакси саны 36-ға жетті. Сонымен қатар, келесі жылы Талдықорғанда 150 орынды оңалту орталығын салуды жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылып жатқан ілкімді істерді де атап өтті.
Облыста апатты және үшауысымды мектептер жоқ. Алайда бейімделген мектептердің проблемасын шешу өзекті болып тұр. Жоспарланған 6 мектептің 5-еуі іске қосылса, жыл соңына дейін тағы 1200 орынды бір мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы 2026 жылға дейін облыста 21 жаңа мектеп салынады, оның 7-еуі «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде тұрғызылады.
Денсаулық сақтау саласында құрылысы жүргізіліп жатқан 8 нысанның екеуі биыл қолданысқа берілді. Қалғаны келер жылы ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар демеушілер есебінен Қаратал ауданы Үштөбе қаласында ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылды.
– «Қазақмыс» корпорациясы демеуші ретінде Талдықорған қаласында онкологиялық орталық салуға уағдаласты. Бұдан басқа, жергілікті бюджет есебінен биыл 21 блокты-модульдік медициналық пункт ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6, ал 2025 жылға дейін 35-і тұрғызылады. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 59 нысан салу жоспарлануда, – деген Бейбіт Исабаев мәдениет және спорт салаларында 18 нысанның 8-і қолданысқа берілгенін, жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 4 блокты-модульдік спорт кешені ашылатынын, жеке демеушілер есебінен Талдықорған қаласында «Жетісу Арена» жабық мұз аренасы іске қосылғанын, «Жетісу» волейбол клубы үшін 4 қабатты тұрғын үй жыл соңында берілетінін, Үстел теннисі орталығының құрылысы келесі жылы аяқталатынын атап өтіп: – Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен алдағы мақсат-міндеттері, қорыта айтсақ осындай. Әрине, жаңадан құрылған өңірдің барлық проблемалық мәселесі толық шешілді деуге әлі ерте, – деп ашық әңгіме дайын екендігін жеткізді. – Тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауылшаруашылық жерлер мәселесі, ауылішілік жолдардың сапасы, газдандыру, облысқа инвестиция тарту, Талдықорған қаласын абаттандыру, арықтарды қайта жөндеу, суару жүйелерін, үйлердің шатыры мен қасбетін жөндеу бойынша атқарар іс жеткілікті. Түрлі саладағы жұмыс барысында жіберілген олқылықтар мен кемшіліктер болса түзеп, халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға күш салудамыз.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Сауалдарыңыз болса, жауап беруге дайынмын.
Жиын соңында облыс әкімі Орталық коммуникация қызметіне жиналған журналистер қауымы қойған сұрақтарға жауап берді.
Айдар ҚАЛИЕВ
Астана қаласы
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай





