Кейінгі күндері жалпы елімізде білім саласында көптеген мәселе көтеріліп, өзгерістер енгізілуде. Осы орайда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кезекті отырысы өтті. Онда білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жұмысы сараланып, оған баға берілді.
Жиынды мәслихат депутаты Қуат Баймырзаев ашып, жүргізіп отырды. Бәрін бақылауда ұстап отырған облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева әр айтылған сынға үн қатып, «Тиісті орындар арқылы шешімін тез арада тауып, нәтижесі депутаттар алдында айтылсын», – деп нүктесін қойды. Төраға назарға алған мәселенің бірі – білім беру қызметімен рұқсатсыз айналысып жатқандар. Бұл жөнінде облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлнұр Жұмаханқызы баяндама жасады. Өз сөзінде: «Жетісу облысының білім беру ұйымдарында лицензияланған қызметпен қатар лицензиясыз білім беру қызметі де бар. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап лицензиясыз білім беру қызметі құқығына ие «Dostyq School Taldykorgan» ЖШС жекеменшік мектебі 10-11- сынып оқушыларының контингентімен (148 адам) қала орталығындағы бейімделмеген үй-жайда сабақ өткізеді. Лицензия алуға өтініш берілмеді. Білім беру ұйымдарын лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары білім алушылардың қауіпсіздігін және ең аз қажетті сандық және сапалық нормативтерді қамтамасыз етеді. «Dostyq School Taldykorgan» ЖШС жекеменшік мектебі бойынша департамент тарапынан кемшіліктерді жоюға және шұғыл шара қабылдау қажеттігі туралы облыс әкімдігіне хат жолданды» – деді. Аталған білім орнының директоры Аслан Серікқалиұлын депутаттар сұрақтың астына алды. Директор кінәсін мойындады, бәрін қалпына келтіру үшін уақыт сұрады. Бұл іске білім басқармасы араласа алмайтындығын, тікелей белгілі орындар шешетінін мәлімдеді. Депутаттар «Білім беруге құштар, үйретуге құлшынып тұрғандарға жағдай жасауымыз керек, бірақ заң аясынан шығып кетпейік. Бәрі осы шеңбер ішінде шешілсін. Заң органдарына, министрлікке хат жолдайық», – деді. Айтқанға құлақ түрмеген оқу орнына осыған дейін де ескерту жасалып, айыппұл салынған. Келесі ескертудің жөні бөлек, салмағы да басым.
Одан кейінгі мәселе – аттестаттау. «Бүгінгі күні 15 колледж, 20 мектеп, 25 балабақша қайта аттестаттаудан өтті. Алайда Ескелді ауданының Балпық би атындағы орта мектебі қайта аттестаттаудан өтпеді. 9-сынып оқушыларының білім деңгейінің төмендігі тестілеуден өтуге мүмкіндік бермеді. Білім беру ұйымына оқушылардың білім сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Биылғы жылдың соңына дейін 44 мектепті мемлекеттік аттестаттау жоспарланған. Облыстық білім басқармасына мемлекеттік аттестаттау қорытындысының төмен нәтижесін ескере отырып, білім беру ұйымдарының аттестаттауға дайындығын бақылауға алуы қажеттігі туралы хат жолданды», – деді баяндамада Гүлнұр Жұмаханқызы.
Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов бұл іс бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп, тапсырма беріліп, нәтиже бере бастағанын айтты. Білім басқармасының басшысына қойылған сұрақтың бірі – тамақтануды ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күрделі жөндеу және дәретханалардың жай-күйі. Бұл проблемамен өзі қызметке келген төрт айдан бері таныс Марат Бекбосынұлы ауылды жерде орналасқан сыртқы дәретханаларды бұзып, сүріп тастауға мектептің ішінде орын жоқтығын, ішкі дәретхана қарастырылмағанын айтты. Сондай-ақ, бірқатар мектепте асхана мен спортзал салу да жоспарланбаған. Одан бөлек те түрлі кедергілер барын талдап айтып, мәселені бір жақты шешу үшін шешімдер қабылдау керектігіне тоқталды.
Жалпы облыстағы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2022 жылдың қаршасынан бері жұмыс істеп келеді. Департамент өз тарапынан мониторинг, бақылау іс-шараларының нәтижелері туралы уақытылы хабардар етеді.
* * *
Облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Әсет Қанағатовтың қатысуымен мәслихаттың кезектен тыс Х сессиясы өтті. Шарада 6 мәселе қаралды.
Жиында облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №13-39 «Жетісу облысының 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, «Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылы Момышұлы көшесіндегі №2 көппәтерлі тұрғын үйді жылумен жабдықтауға арналған газ автономды блокты-модульді қазандықтың құрылысы және оған сервистік қызмет көрсету» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер алып тастау, Жетісу облысының басқару схемасын бекіту, учаскелік комиссиялар туралы ережені келісу, мәслихаттың 2022 жылғы 17 қазандағы «Жетісу облысындағы құқықбұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» №10-22 шешіміне өзгерістер енгізу, облыс әкімдігінің жанынан кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту мәселесі кеңінен талқыланды.
Алғашқы екі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндады.
Мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысындағы екінші және үшінші мәселелер қаралып, бекітілді. Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәния Наурызбаева түсініктеме берді.
Жиында мәслихат депутаттары облыс әкімдігінің қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынылған құрамын және облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекітті. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, бекітілді. Қаралған және кезектен тыс Х сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов мәслихат депутаттарының бюджетке өзгертулер енгізу туралы шешімдерін бекіткені үшін алғысын білдіріп, 9 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.
– Былтырғы 9 айдың қорытындысында облысымыздың экономикалық көрсеткіші 15-орында болған. Биыл 1-орынға көтерілді. Жетісу өңірінде 533 өнеркәсіп кәсіпорны бар. 625 тұрғынды жұмыспен қамтитын 45 жоба жүзеге асады, – деген облыс әкімінің орынбасары алдағы атқарылатын шаруаларды кеңінен тарқатты.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары инвестиция тарту, ірі жобалар, су және газбен қамтамасыз ету, агро-өнеркәсіп кешені, қант қызылшасын дамыту, тұрғындардың кірісін арттыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасының жетістіктеріне тоқталды.
Айта кетейік, бейсенбіде мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтіп, онда кезектен тыс сессияда айтылған, жоғарыда аталған мәселелер қаралды. Сондай-ақ, «Депутат сағаты» ұйымдастырылып, онда 32 халық қалаулысының биылғы 8 айдағы жұмысының қорытындысы шығарылды. Осы кезеңде олар бюджеттен қаражат алуға 63 өтінім беріп, оның 15-і мақұлданыпты. Облыстық мәслихат депутаттары тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік, тұрғын үй, құрылыс мәселелерін шешу үшін түрлі мемлекеттік органдарға 114 өтініш жолдаған. Қарау сатысында 48 депутаттық сауал бар.
«Жетісу-ақпарат»
Фото: Ашық дереккөзден





