25 қазан – тарихи маңызы жоғары, Қазақстанның мемлекеттігіне ерекше ықпал еткен күн. Себебі, дәл осы күні еліміздің егемендігі, саяси-құқықтық тәуелсіздігі жарияланды. Осыған орай ұлттық мереке қарсаңында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаевпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Ғалиасқар Төлендіұлы, Республика күні мерекесінің маңыздылығын айтып өтсеңіз?
– Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның маңызы зор, тарихи құжат. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және еліміздегі басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айқындалды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.
1995 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы мереке күндері туралы» Жарлығымен 25 қазан – Республика күні болып жарияланды. 2009 жылы бұл мереке қысқартылып қалды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мейрамға «Ұлттық мереке» мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтерді. Бұл мерекенің басты құндылығы – еліміздің егемендігін құрметтеу. Біз бірінші кезекте егемендік – мемлекеттіліктің маңызды белгісі екенін ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік егемендіктің негізінде Қазақстан халқының егемендігі, ең маңызды конституциялық-құқықтық қағидат ретінде еліміздің азаматтарының мемлекет істерін тікелей басқаруды жүзеге асыруының нақты мүмкіндігі бекітіліп, кепілдендіріледі. Бұл біздің негізгі Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Сондықтан мемлекеттік егемендік аумақтың бірлігі мен бөлінбеуі, аумақтық шегараларға қол сұғылмаушылық және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау сияқты негізгі принциптерді қамтиды.
Бүгінде алыс-жақын мемлекеттерде болып жатқан қақтығыстар мен басқа да түрлі оқиғалар ел егемендігін сақтау оңай емес екенін көрсетеді. Әлемдік тарих пен қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың тәжірибесі көрсеткендей, Қазақстан Республикасы өз егемендігін мұқият қорғауы тиіс. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайту қазақ халқының ғасырлар бойғы мемлекеттілігінің жалғыз құқықтық және тарихи мұрагері ретінде республикамыздың қарқынды дамуының негізі болуы тиіс.
– Осы мерекенің қадір-қасиетін жастар санасына сіңіру үшін мейрамның атап өту үлгісі қалай болуы керек деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, мерекені тойлау қымбат болмауы керек. Бұл – идеологиялық мереке. Біздің тәуелсіз және заманауи мемлекет ретінде қалыптасуымыздың мерекесі. Біз осы күні жаңа мемлекеттің туған күнін құрметтеуге бағытталған іс-шаралар өткізуіміз керек. Жастарға елдің егемендігі туралы декларацияны қабылдау – нағыз ерлік екенін түсіндіру қажет. Жастар – бақытты. Өйткені олар егеменді Қазақстанда дүниеге келді. Бірақ, кейбір жастар егемендіктің құндылығын аға буын өкілдері сияқты толық түсіне алмауы мүмкін. Дегенмен, әрбір жас азамат өз мемлекетіміздің қалыптасу тарихын білуі керек. Қазір бұл туралы көптеген әдебиеттер бар. Жастарға арналған іс-шаралар түсіндіру және танымдық сипатта болуы тиіс. Ең бастысы, олар жастар үшін қызықты заманауи форматта өткізілуі керек. Қазіргі уақытта жастар әлеуметтік желіде көп уақыт өткізетінін ескере отырып, онлайн іс-шаралардың форматын, рилс түріндегі бейне, аудио материалдарды шығаруды, түрлі патриоттық челлендждерді өткізуді және т.б. мүмкіндіктерін пайдаланғанымыз дұрыс.
– Әулетіңізде бұл мерекені қалай атап өтесіздер және биылғы мерекелік жоспарыңызбен бөліссеңіз…
– Менің отбасымда аталған мереке ерекше құрметке ие. Біз оны бұрын атап өтетінбіз. Биыл ешқандай ерекшелік болмайды. Бірінші кезекте Астанада ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараларға қатысуды, сондай-ақ, еңбек және соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтап, оларға құрмет көрсетуді жоспарлап отырмыз.
– Республика күніне орай Жетісу жұртшылығына айтар тілегіңіз.
– Жер жаннаты Жетісу халқын Қазақ елінің елеулі мерекесі – Қазақстан Республикасы күнімен құттықтаймын! Бұл күн, бұл мереке – бүкіл қазақстандықтар үшін ең құнды, ең бағалы тарихи тағылымды күн. Бұл күн – рухы биік, намысы берік қазақ халқының ғасырлап күткен, ұрпақтан ұрпаққа аманат еткен, арманы мен азабы алмаса жүріп орындалған жеңісі әрі жемісі! Бұл мереке Отанға деген сүйіспеншіліктің, ел мен жерге адал махаббаттың арқасында өмірге келді. Өркениетке қол созған еліміздің бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Халқымыздың мерейін өсіретін кең-байтақ жеріміз бен ұлағатты ұрпағымызбен мақтанамыз. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында көптеген табыстарға жетті. Еліміз алып, зайырлы, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ел мұраты еңселі, бірлігіміз бекем, шығар шыңымыз биік болсын! Жаңа Қазақстанның, әділетті мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, жаңа бастамаларыңыз сәтті болып, қуаныш пен шаттық сыйласын! Бейбіт заман, игілікті бақ-дәулет, берекелі ырыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: t.me/senate_kz





