Деннің саулығы адам үшін аса маңызды. Ыстық-суықтан сақтанып, күтіне білу өз алдына бөлек әңгіме. Ал, ағзаға тиісті дәрумендердің жеткілікті мөлшерде барып тұруы маңыздырақ. Қала тұрғындарының барлығы дерлік табиғи өнімдермен ауқаттанып жүрмегені шындық. Ақиқатында ел іздеген дәрумендердің негізгі мөлшері ешкі сүтінде екенін біреу білсе, біреу білмес.
Бүгінде ешкі сүті сұранысқа ие өнімнің бірі. Шаһар базарларында литрі мың теңгеге дейін шарықтап тұр. Әрине, көп мөлшерде сүт алу үшін оның асыл тұқым болғаны ләзім. Бір ешкі кем дегенде 3 литрге дейін сүт береді. Яғни бесеуін өсірген адам еш таршылықсыз күн кешіп, шаруасын әрмен қарай дөңгеленте беруге болады деген сөз. Енді есептейік, бір ешкі күніне шамамен 3 литр өнім берсе, 5 бастан жоқ дегенде 15 литр сүт аласыз. Оны мың теңгеге көбейтсеңіз әжептәуір ақша. Күндік табысты ешкінің 6 ай сүт беретінін ескеріп, жарты жылға шақсаңыз 2 жарым миллионнан астам табыс келеді. Бұл деген қазақтың «есің кетсе, ешкі бақ» деген мақалының жанды мысалы.
Нәресте үшін ана сүтін алмастыруға тұрарлық жер бетінде өнім жоқ екені даусыз. Десек те, ғалымдар көп жағдайда ана сүтінің орнына ешкі сүтін берсе болатынын айтады. Қазақ ықылым заманнан баланы да, енесіз қалған төрт түліктің қайсын болсын ешкіге теліп жіберген. Дәтке қуат алған тіршілік иесі содан аяқтанып кете беретін көрінеді. Бүгінгі ғалымдар жаңалық аштық деп даурығып жүргенде, біздің ата-бабамыз әуелден ешкі сүтінің дәрумен екенін білген.
Шекшеката түлігі басқа малдар сияқты туберкулез, бруцеллез секілді ашатұяқтының ауруымен ауырмайды.
Әбу — Әли ибн Синаның «Дәрігерлік ғылым қағидасында» сүттің емдік қасиеті жөнінде сөз болған. Ол сүт пен сүт өнімдерінің кәрі-жасқа бірдей пайдалылығын айта келіп, жасы ұлғайған адамдар үшін таптырмайтын ас деп түйген. Ғалым әсіресе, ешкі сүті өте пайдалы екендігін баса айтып, оны тұз бен бал қосып ішкен дұрыс деп шешкен.
Ешкі сүтінің сәбилер үшін пайдасы ерекше. Ол иммундық жүйені нығайтады, асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіреді, тірек-қозғалысын жақсартып, рахит ауруының алдын алады. Оған қоса, жүректің қалыпты жұмыс істеуіне ықпалын тигізеді. Жүкті келіншектер ешкі сүтін ішсе баланың қаңқасы, тістері жақсы дамиды. Алайда оны шамадан тыс іше беруге де болмайды. Зияны да жоқ емес. Ешкі сүті кобальтқа бай екені белгілі, сондықтан мұның құрамында фолий түзілімдері болмайды. Ал, оның жеткілікті деңгейден аздығы бала ағзасында анемияның пайда болуына әкеп соқтыруы бек мүмкін.
Ешкі сүті кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылынан түзіледі. Бұл дәрумендердің қосындысы көптеген ауруға төтеп беруге қауқарлы. Оның артық салмақтан арылтуға тигізер септігі мол. Өзі майлы болғанымен ағзаға май жинамайды. Сонымен қатар, терідегі түрлі бөртпе мен дақтарды кетіруде ешкі сүті табиғи тазартқыш құралы саналады. Шаштың түсуін тоқтатады.
Ешкі сүтін зерттеушілер оның емдік және аурулардың алдын алуда таптырмас құрал екенін байқаған. Анемия, тағамдық аллергия, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының аурулары, диабет, диадез, ағзаның қорғаныс қызметін арттыру, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығару және көздің нашар көруін оңалтуға ешкі сүті пайдалы екені дәлелденген.
Шаруалардың айтуынша, 1 сиырдың жемшөбімен 5 ешкіні асырауға болады. Осындайда «Мал өсірсең ешкі өсір, табысы оның көл-көсір» деп атам қазақтың бекер айтпағаны ойға оралады. Оның жүні мен түбітінің бағасы жылда өсіп отырады. Биыл қожалықтар келісін 4 мыңнан сатқанын айтады.
Шекшеката түлігін өсірумен айналысып отырғандардың бірі – Сәлімхан Ерғазы. 13 жылдан бері ешкі бағуды атакәсібіне айналдырған. Түлігінің дені тауешкілермен будандастырылған. Айтуынша, буданнан шыққан төл жазда аптап ыстыққа, қыста қақаған аязға төзімді. Бастысы, осы баққан малымен тұрмысын түзеген. Қазірдің өзінде мал басы, ешкі-лағымен қосқанда, 500-ге жуықтапты. Ақсақал ешкі малы бір дегенде 2-3 лақтан төлдейтін, өсімтал қасиетімен жұғымды мал екенін, күтімге де оңай, күй талғамайтынын әңгімелейді.
Айта кетерлігі, медицина мамандары ауруға ем іздеймін деп өзге сырқатқа жол ашып алмауды, ешкі сүтін кез келген жерден сатып алуға болмайтынын ескертеді. Сатып алған сүтті жақсылап қайнатып ішуге кеңес береді.
Медет ЖҰМАБАЙ





