Ақын Мағжан Жұмабай сенген жастар қоғамның қозғаушы күшіне айналуы қажет. Ақыл-парасаты кемел, рухани бай, салауаттылығы саф алтындай жас буынның ертеңгі ел тізгінін ұстайтыны даусыз.
Өресі озық азаматты қоршаған ортасы мен ата-анасы тәрбиелеп шығады. Жас өреннің қараша халық алдында борышы барын құлын жалына қолы жеткеннен сезінгені дұрыс. Әрине, оған ықпал ететін осы қоғам.
Ел егемендігін қадірлейтін жас буынның бүгінде бейқамдықтан бойын аулақ сала бастағанын көзміз көріп жүрміз. Оған дәлел кешегі «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты байқауына қатысқан 100 жастың әрекеті. Олардың бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жоба өрендерге күш пен дем бергені анық. Мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және IT салалары бойынша еңбектенген ұл-қыздарды елі үшін қам қылмай жүр деп ешкім айта алмас.
Хакім Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген тәмсілі бүгінгі ұрпақты бәсекеге қабілетті болып қалыптастыруға негіздегендей. Осы бір киелі ұғымды ұстаным еткен тұлғаның ұпайы түгел, ұтылысы кем боларына нанған жөн шығар. Өңіріміздегі жастар саясатының оң жүргізіліп жатқанын Абай айтқан асыл сөзбен саралап көрсек болады. «Jetіsý jastary» КММ-нің қызметкерлері игілік жолында аянып жатқан жоқ. Жігерлі жастармен ортақ тіл табысып, тайқымас табандылықпен жұмыс істесіп келеді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, қоғам жүгін бірлесе көтерген бұл мекеме мамандарын айрықша айшықтап қоймасқа болмас. Облыстағы атқарылып жатқан шарапаты мол әр шараның басы-қасында мұндағы жанкүйер жандарды көзі қарақты жұртшылық өздері-ақ бажайлап жүргенін аңғарамыз.
Айта кетейік, «Jetіsý jastary» КММ жастар мерекесін атап өтуді 7 тамыздан бастап кетті. «Jetіsý jastary» КММ директорының орынбасары Жансая Смағұлованың айтуынша, мерекеге орай қызметкерлер 12 игі іс челленджін өткізбек. Сондай-ақ, олар «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін» ұйымдастырып, 30-ға жуық мекеменің басын қосып жұмыссыз жүргендерге 90-нан аса жұмыс орындарын ұсынады. Алдағы күндері аталған істің қорытындысы ретінде «Жастар» саябағында «Талдықорған – Дрим Сити» атты ауқымды мерекелік шара өткізу жоспарланғанын атап өтті.





