Аграрлық аудан үшін малдың қысқы азығын дайындау, қыстық қорды қамтамасыз ету – аса жауапты міндет. Сарқан ауданының құнарлы да шұрайлы алқабында жылдағыдай ат бауырына жететін шабындықтар жоқ. Сондықтан алты ай жаздан кейін келетін қатулы қысқа алдын ала қам жасайтын шаруақор жұрт жаздың әрбір күнін тиімді пайдалануда.
Аудан бойынша 229 850 тонна шөп дайындау жоспарланса, тамыздың басында дайындалғаны – 128 674 тонна. Тамыз айы мен қыркүйек мүмкіндік берсе межеленген деңгейден шыққанда ғана қыс сынағынан сыр бермей өтуге болады. Қожалықтарда 10 694 гектар алқапқа жоңышқа себілген. Жоңышқаға шалғы түсіп, бірінші түсімнен гектарына 49 центнерден өнім алынды, алынған өнім – 52 368,8 тонна. Екінші рет 1751,3 гектар алқаптың көк балаусасы шабылып, орташа өнімділік гектарына 21 центнерден айналды.
– Мал азығының басқа түрлері бойынша өнім жинауға күн-түн демей қам жасалуда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Абдраимова. – Атап айтқанда 7551 тонна пішіндеме, 18 247 тонна сабан, 11 751 тонна жем дайындалды. 25 074 гектар алқаптағы табиғи шөптің 19 610 гектары шабылып, әр гектардан 17,9 центнер өнім алынды.
Жемшөп дайындау жұмыстары жалға- сып, жаздың әр күнін тиімді пайдалануға тырысқан шаруалар қауымы шөп шабу науқанын қыздыра түсуде.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





