Қоғам дегеніңіз мәселесін шертіп қалса сарнай жөнелетін домбыра сықылды. Күңіреніп салғанда кей кісіге қолыңдағыңды беруге даяр тұрасың. Қазір қай жан болмасын мәселесіз емес. Біреуде анау жоқ, бәзбіреуде мынау жоқ. Біреуге анау жетпейді, басқаға сонау жетпейді. «Бір кем дүние» дегенің осы болар.
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру концепциясында билік пен халық арасын жақындатуды тапсырған. Биліктің қай тармағы болмасын халыққа есігі айқара ашық болуы тиіс. Осы орайда Жетісу өңірінде «әкімге базынамды жеткізе алмадым» деген кісі аз. Аймақ басшысы Бейбіт ИСАБАЕВ өңір тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдауды жиілетті. Әдеттегідей сәрсенбінің сәтті күнінде облыс әкімі жеке қабылдау өткізіп, көп тұрғынның көкейкесті мәселесіне құлақ түріп, талай күрмеулі дүниенің тінін тарқатты.
Аймақ басшысының қабылдауына алғаш болып Аятбек Айтқалиев келді. Жай келмепті, талай тарихи кезеңнің куәгері, 95 жасаған қарт анасы Айкен Айтқалиева мен жарын әкепті. Арбаға таңылған кейуананы көрген облыс әкімінің «сауға сұрай» келген азаматқа ренжи қарағаны да анық байқалды. Тіпті, баладай болған шағында ғасыр жасаған ананы бұлай әуреге салғанын да айтып қалды. Анасын алдына сап келген Аятбек Айтқалиевтың шымбайына баспанасыз жүргені батса керек. 3-4 жыл бұрын Ақсу ауданы, Құрақсу елді мекенінен облыс орталығына қоныс аударған азамат қазір уақытша баспана (времянканы) паналап жүр екен. Өзі ІІ топтың мүгедегі әрі зейнеткер. Әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Бірақ осы уақытқа дейін бір баспанаға қол жеткізе алмай жүр екен. Тіпті, пәтер кезегіне де былтыр тіркелген. Аймақ басшысы пәтер кезегін алға жылжыту мүмкін емесін алға тартып, бірақ баспана мәселесін шешуге болатынын жеткізді. Қайырымдылық қорлары арқылы ескі времянкасын сүріп, орнына жаңадан баспана салып беруді Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілге тапсырды. Өз кезегінде қала тұрғыны күн суытпай құрылыс жұмыстарын бастау керегін айтып қалды. Облыс әкімі Аятбек Айтқалиевтың өтініші жерде қалмайтынын да жеткізді.
Бұдан соң өз жайын айтып бірнеше мәрте ел Президенті Әкімшілігінің есігін де қаққан Ұзақбай Қожантов қабылдауға келіпті. Оның айтуынша, ұзақ жылдар Кербұлақ ауданында әк шығарумен айналысқан зауытын белгілі тұлғалар рейдерлік жолмен басып алған. Қазір не жері, не зауыты жоқ бұрынғы кәсіпкер «Аlacem» өндіріс орны да оның жерін «барымталағанын» алға тартты. Қазір 13 гектар ғана жері қалғанын айтып, аймақ басшысының көмек беруін сұрады. Өз кезегінде болған жайды таразылай тыңдаған Бейбіт Өксікбайұлы Кербұлақ ауданы әкімдігімен бейнебайланысқа шығып, жайдың барысына қанықты. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасарларына прокуратурамен, аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеп, мәселенің ақ-қарасын ажыратып, түйінді мәселені тарқатуды тапсырды.
«Балам – болашағым» деген елдің тұрғындары әдетте әкімдік табалдырығын балаларының мәселесімен тоздыратыны белгілі. Бұған дейін де түйткілін айтып, облыс әкімінің де, орынбасарларының да қабылдауында болған Гүлстан Абдуллаева бұл жолы мүгедек екінші қызының жайына болысуды сұрай келіпті. Қала тұрғынының айтуынша, бірінші қызының жайы әу баста жөнді емес екен. Денсаулығы нашар. Енді екінші баласының да денсаулығы сыр бере бастаған. Азғантай уақытта төрт мәрте есінен танып, ақ халаттылардың көмегіне жүгінген. Алайда өңір дәрігерлері нақты диагноз қоя алмапты. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров тиісті деңгейде көмек көрсетіліп, тиісінше дәрі-дәрмек беріліп жатқанын айтып ақталды. Науқасты санавиация арқылы Астана қаласына жөнелтіп, сонда емдеуге мұрындық болатынын да жеткізді. Бұған қанағаттанбаған қала тұрғыны өзінің де денсаулығы жоғын, тиісінше медицина құрылымдарынан тиісті дәрі-дәрмек ала алмай жүргенін де айтып қалды.
Тіпті, ешқандай мемлекеттік мекемеден көмек жоғын да сөз етті. Аймақ басшысы өз кезегінде бірінші науқас қызына екі мәрте қайырымдылық шарасы аясында көмек көрсетілгенін, арнайы қорлар мен атымтай жомарттардың қол ұшын созуы нәтижесінде 12,5 млн. теңге қаржы жиналғанын, екінші қызына да облыстық жастар ресурстық орталығы мұрындық болуымен қайырымдылық нәтижесінде 80 мыңнан астам қаржы жинастырылғанын айтты. Мұның аз көмек емесін, нәтижесінде бірінші науқас қызына екі мәрте ота жасалғанын да алға тартты. Содан кейін балаларының науқастығына байланысты шарадай басын шақшадай қылған ана оқу жылына дайындық барысында балаларына баржоғы 40 мың теңге берілгенін, мұның не киімге, не оқу құралдарына жетпейтінін, тұрмыстағы қызының баспанасыз жүргенін де сөз арасында айтып қалды. Аймақ басшысы науқас баққан анаға қаржылай көмек көрсетуді тапсырды. Ал баспана мәселесі Үкіметпен бекітілген арнайы кезектен тыс шешілмейтінін ашық айтты. Шыны керек, өңірде Гүлстан Абдуллаеваның науқас балалары секілді диагнозы қойылмаған 10 бала бар екен. Аймақ басшысы денсаулық басқармасының басшысына мұндай балалар қағажу көрмеуін нығырлай тапсырды.
Жер дауы, жесір дауы әу бастан қазақ тұрмысында бедерленеді. Тап қазір осы жесір дауы кейін шегініп, жер дауы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай өткен жылдан бері қараусыз һәм пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жүріп жатыр. Осы орайда Ескелді ауданы, Ақын Сара ауылының тұрғыны Темірхан Шәріпов аймақ басшысының қабылдауына ұсыныс айта келіпті. Оның айтуынша, ақынсаралықтардың мемлекет меншігіне өткен жерді арнайы конкурспен қайта үлестіруде қапы қалатын түрі бар екен. Өйткені ауылдағылардың жерді алуға мүмкіндігі жоқ көрінеді. Темірхан Шәріпов ауылдық округ тұрғындарын біріктіріп, кооператив құрып, тірлігін дөңгелентуге мүмкіндік беруін сұрай келіпті. Бүгінде Ақын Сара ауылдық округі бойынша 11 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 3,2 мың гектары егістік болса, қалғаны мал жайылымы. Ескелді ауданы әкімімен бұл мәселе жайын бейнебайланыс арқылы пысықтаған Бейбіт Өксікбайұлы Т. Шәріповтың жер мәселесін шешу, ауылшаруашылық көліктерін лизингке алуына жағдай жасау жайын таразылауды жауапты орынбасары мен жергілікті әкімдікке тапсырды. Тиіс болған жағдайда ауыл тұрғындарымен кездесуді де ұсынды.
Текелі қаласында туып, сол қалада қанатын қомдаған Асхат Ақылбеков те әкім қабылдауында болып, 12 жыл тұрған баспанасын «тартып алғанын» айта келіпті. Қазір Алматы қаласында нәпақа тауып жүрген азамат анасы дүниеден озған кезде құжаттарға мән бермегендіктен үйінен айырылғанын да жасырмады. Қазір оның қолында ешқандай баспанаға иелік ететіні туралы құжат жоқ. Текелі қаласының әкімі Әділ Алмас бейнебайланыс арқылы азаматтың мәселесіне қанық екенін, бірақ құжатсыз баспанаға иелік ету мүмкін емесін алға тартты. Себебі, Асхат Ақылбековтың отбасы 12 жыл бойы ешқандай құжатсыз сол баспанада тұрып келген. Кейін анасы қайтқан соң текелілік азаматты балалар үйіне жөнелткен. Сол уақытта баспанаға бәзбіреу меншік құқығын иемденген. Аймақ басшысы өңір тұрғынына баспаналы болу үшін түрлі мемлекеттік бағдарлама барын, баспана кезегіне тұру керегін түсіндіргенмен Асхат Ақылбеков Текелідегі қара шаңырағын ғана қайта алуды армандайтынын жеткізді. Тиісінше облыс әкімі Бейбіт Исабаев Текелі қаласының әкіміне жанжақты әрі толыққанды көмек көрсетуді тапсырды.
Жалпы, аймақ басшысының жеке қабылдауына ұзын саны 15 тұрғын келіпті. Көпшілігінің өтініші – баспаналы болу. Алайда, сол 15-тің қатарында жергілікті әкімдікті қайырымдылық қоры деп түйсінетіндер де бар екен. Былай айтқанда, олардың пайымынша, әкімдік кез келген тұрғынның жамауын жасқау керек сықылды. Бұл қоғам арасында масылдық сананың әбден орныққанын аңғартса керек. Керек, керек дегенмен әркімнің жеке керегін түгендейтін әкімдік те, әкімдіктегілер де қайырымдылық қоры емес. Мұны да түйсінген абзал.
Дастанбек САДЫҚ





