Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір апта ішінде арзандап, тұтынушылардың қалтасына түсетін салмақ жеңілдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық статистика бюросы жүргізген мониторинг нәтижесі көрсеткендей, елімізде көкөніс пен кейбір негізгі азық-түлік түрлерінің бағасы едәуір арзандаған. Әсіресе жазғы және күзгі өнім жинау маусымының белсенді жүруі нарықтағы ұсынысты арттырып, бағаны тұрақтандыруға оң ықпал етуде. Осылайша, ішкі нарықта отандық өнім көлемінің көбеюі тұтыну бағаларының төмендеуіне жағдай жасап отыр.
Есепті кезеңде қияр бағасы 2,4%-ға, ақ қырыққабат 2,1%-ға арзандады. Сондай-ақ қызанақ пен картоп 1,7%-ға, сүйексіз сиыр еті 0,4%-ға, алма 0,3%-ға, қарақұмық жармасы 0,2%-ға, ал қаймақ 0,1%-ға төмендеді. Ал бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан, сүйекті сиыр еті, тауық еті, тартылған ет, сүзбе, айран және шай бағасы өзгеріссіз сақталды. Бұл халықтың басым бөлігі күнделікті пайдаланатын өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Өңірлер арасында оң динамика айқын байқалады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жалпы баға деңгейі Шымкентте 0,4%-ға төмендеді. Павлодар мен Талдықорғанда көрсеткіш 0,2%-ға, ал Ақтөбе, Көкшетау, Қонаев және Қостанай қалаларында 0,1%-ға арзандады. Алматы, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Өскемен, Қарағанды, Петропавл мен Тараз қалаларында баға бұрынғы деңгейінде қалды.
Статистикаға сәйкес, республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 483 теңге болды. Ең арзан қияр Шымкентте сатылып жатыр – бір келісі 321 теңге. Пияздың орташа бағасы ел бойынша 200 теңге болса, ең төмен көрсеткіш Түркістанда (138 теңге) және Қызылордада (164 теңге) тіркелді. Ақ қырыққабаттың орташа бағасы килограмына 191 теңгені құраса, ең қолжетімді баға тағы да Түркістан қаласында – килограмы 143 теңге. Қызанақтың орташа бағасы 529 теңге деңгейінде, ал ең арзан көрсеткіштер Таразда (310 теңге), Шымкент пен Түркістанда (324 теңге) байқалды.
Ет өнімдері секторында да тұрақтылық сақталуда. Сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 778 теңгені, ал қой еті 4 493 теңгені құрайды. Өңірлік фермерлер мен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жұмысы нарықтағы алыпсатарлықты шектеуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жиі ұйымдастыру да тұтынушыларға өнімді делдалсыз, тікелей өндірушіден тиімді бағада алуға жағдай жасайды.
Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексін апта сайын есептеп отырады. Арнайы мониторинг барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда тұрақты жүргізіледі. Мұндай ашық бақылау жүйесі нарықтағы баға өзгерістерін дер кезінде анықтап, қажетті реттеу шараларын қабылдауға көмектеседі.





