Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Бейбіт Өксікбайұлы биылғы жылдың ақпан айында тұрғындар көтерген 8 мәселенің біреуінің шешімін тапқанын, қалған жетеуі бойынша жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді. Мәселен, Черкасск ауылындағы амбулаторияның күрделі жөндеуіне келетін болсақ, ғимараттың тозуына байланысты жөндеу жұмыстары тым қымбатқа түсетіндіктен блокты-модульді медпункт салу жөнінде шешім қабылданған. Жарияланған тендер қорытындысы шыққан соң нысан салу жұмысы жыл аяғына дейін аяқталады.
Аудан орталығын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы да дәл бүгін біте қоймайды. Ауызсу жүйесінің басты гидроторабын қайта құрылымдау үшін қосымша су құбырларын, резервуарлар салу қажет болып тұр. Жобаға жергілікті тазалау стансысын қайта құрылымдау жұмысы да енгізілмек. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Жалпы жоба құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын болады.
М. Мәметова орта мектебіне модульді жапсаржай салу мен ауыл көшелерін жөндеу, т.б. жұмыстарды уақытында жүзеге асыру да басты назарда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, ел тілегі алдағы уақытта да ескерусіз қалмақ емес.
Сұрақ-жауапқа кезек келгенде Пограничник ауылының тұрғыны, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жасұзақ Әбішев сауалына округте мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізетін мәдениет үйі жоқтығын арқау етті. Көтерілген мәселеге байланысты аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев жобалау-сметалық құжаттамасын жасау үшін 26 миллион теңге қаражат керектігін айтты. Мәселеге түсіністікпен қараған облыс әкімі ауыл мәдениетін қолдауға қажетті қаражат бөлуді тапсырды.
Тополевка ауылының тұрғыны Бақытжан Тоқпақова ауылдағы Тәуелсіздік көшесіне асфальт төсетіп беруді сұрады. Аудан басшысы Ғалымжан Маманбаев атап көрсеткендей, 450 адам мекендейтін ауылдың 1,7 шақырымды құрайтын көшесінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, бұған қоса осы ауылда 300 балаға лайықталған лагерь құрылысы жүргізіледі. Сондықтан жолды орташа жөндеуге қаражат бөлу – уақыт еншісіндегі мәселе.
Жиында суармалы жердің тапшылығы туралы жазбаша түскен сауалға аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев жауап берді. Ауданның жер қорындағы суармалы жердің бір бөлігіне қыркүйек айында конкурс өткізіледі, конкурс нәтижесі бойынша жер иесі анықталады.
Екіаша ауылының тұрғыны Светлана Исаханова Екіаша мен Тополевка ауылының ортасындағы 18 шақырым жолды жөндеуге көмек қолын созуды сұрады. Бұл сауалға да аудан әкімі жауап беріп, облыстық бағыныстағы жолды орташа жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттамаға 3 миллион теңге қаражат қажеттігін еске салды. Көтерілген мәселеге орай облыс әкімі келесі жылдың екінші жартыжылдығына жөндеу құжаттамасын жасап, 2025 жылы іске кірісуді міндеттеді.
Алмалы ауылының тұрғыны Ерлан Біліскелдінов дизель отынының нормативі, бағасы туралы сауалына қанағаттанарлық жауап алды. Ауданның Құрметті азаматы Жанат Мұқашевтің даңқты жерлесіміз Құман Тастанбековтің аты берілген Сарқан аудандық Мәдениет үйінің алдына талантты актердің бюсті орнатылса, облыс орталығы Талдықорған қаласында Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбайұлының ескерткіші сомдалса деген ұсынысы да облыс әкімі тарапынан қолдау тапты.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша қабылданған шешімдер мен облыс әкімінің әрбір сауалға қайтарған тұшымды жауабы жұртшылық көңілінен шықты. Мұның өзі де халық пен билік арасының уақыт өте келе жақындап бара жатқанының айғағы.





