Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Облыс басшысы есепті баяндамасында экономикалық көрсеткіштерге де тоқталып өтті. Ағымдағы жылы жеке инвестициялар есебінен 95 жұмыс орнын құрумен 9,4 млрд. теңгеге 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда жалпы қуаты 13 МВт болатын «Баскан пауер» ЖШС ГЭС-2 және ГЭС-3 құрылысы ірі жобаның бірі. Алтын кенін өндіру және қайта өңдеу бойынша «Аксенгер» ЖШС тау-кен металлургиялық кешені жылына 183 мың тонна кен өндіретін болады. Жалпы алғанда 2023-2025 жылдар аралығында 243 жұмыс орнын құра отырып, 12,1 млрд. теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкіміне іске асыруға жоспарланған жобаларды уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді және ауданға ірі және орташа инвесторларды тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ауданда 3 647 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 6 221 адам жұмыспен қамтылған, өткен жылы олар 43,8 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Осы шағын және орта бизнестен мемлекеттік бюджетке барлығы 545,2 млн. теңге салық түсті, бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,6 есе көп.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық белсенді шаралары көзделген. Бұл шараларды іске асыру үшін жобаның 1137 қатысушысына 618,6 млн. теңге бөлінген. 2023 жылғы маусымда «Сайранбек Агро» ЖШС-нің жалпы сомасы 50 млн. теңгеге жоспарланған жобасы қолдауға ие болды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жоба. Осы жобаны іске асыру шеңберінде аудан бойынша жалпы сомасы 343 млн. теңгеге 50 өтінімнен тұратын пул қалыптастырылған. Оның ішінде 1113 бас ірі қара мал, 88 бас жылқы, 520 бас ұсақ мал сатып алу, бетон бұйымдарын дайындау бойынша 1 цех ашу, сүт өнімдері өндірісі және көрпе тігетін цех ашу қолға алынуда. Сенім білдірілген агент – «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 43 бас ірі қара мал сатып алуға 16,4 млн. теңгеге 3 өтінім қабылдады.
Ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Биылғы жылы 6 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2022 жылғы қыркүйектен бастап жергілікті бюджет есебінен Сарқан қаласында құны 1,8 млрд. теңге болатын, пайдалануға беру мерзімі 2024 жылғы мамырға жоспарланған екі 60 пәтерлі жалға берілетін үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың тамыз айында Сарқан қаласында құны 868,6 млн. теңге болатын 5 қабатты, 60 пәтерлі жалға берілетін 7 тұрғын үйді абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желілерді салу басталады. 16 гектар алаңда жеке тұрғын үй құрылысына арналған 105 учаске үшін инженерлік желілерді салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осы көрсеткіштерге тоқталған облыс басшысы аудан әкімін биылғы жылға жоспарланған тұрғын үй құрылысының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Аймақ басшысы осы кездесуде өз орынбасарларына аудан әкімімен және тиісті басқармалармен бірлесіп, бөлінген бюджет қаражатын сапалы игеру және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтылған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.





