Сарқан ауданына ресми сапармен келген облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен жергілікті тұрғындарды қабылдап, халықты алаңдатқан мәселелер жайын тыңдады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Алдымен жеке шаруа қожалығының басшысы Балтабек Абылқасымов субсидиялау мәселесін көтерді. Негізінен қант қызылшасын өсірумен айналысатын кәсіпкердің сөзінен белгілі болғанындай, ол 420 млн. теңгеге қант қызылшасын сеуіп, жинауға арналған техника сатып алған. Аталған қаражаттың 50 пайызы субсидия түрінде қайтарылуы тиіс. Алайда ақша әлі түспей жатыр. Оны қазіргі уақытта бұл ақшаның қай кезде түсетіндігі толғандырып отыр.
Өтінішке мұқият құлақ асқан Бейбіт Өксікбайұлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев пен аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевқа мәселенің мән-жайын анықтауды, қажет болған жағдайда оны шешу жолдарын қарастырып, тиісті министрліктің алдына мәселе қоюды тапсырды.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, субсидия ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің порталы арқылы беріледі. Демек, субсидия қатаң кезек бойынша төленеді. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға 1 млрд. теңге қарастырылып отыр.
– Аз шыдаңыз. Бұл толығымен төленетін қаражат. Өңірде 420 млн. теңгеге техника сатып алған сізден басқа шаруашылық жоқ. Қыркүйек айына дейін төленеді, – деді облыс басшысы Бейбіт Исабаев.





