Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов биыл өңірде қант қызылшасы тұқымының 1200 гектар алқапқа сіңірілгенін айтты. Қазір күтіп-баптау жұмысы жүруде.
Алдағы күзде 42 мың центнер өнім алынады деген болжам бар. Жансүгір ауылының тұрғыны Асқар Айтмұхамбетұлы тәтті түбір егетін шаруаның бірі. Осыдан 10 жыл бұрын іргесі қаланып, содан бері балтамыр өсіруде мол тәжірибе жиған «Алихан» шаруа қожалығының айы оңынан туып келеді.
– Мемлекет тарапынан қант қызылшасына бөлінген қаржы қомақты, қолдау да ойдағыдай. Биыл шаруа қожалығына тиесілі алқаптың 100 гектарына қант қызылшасын ектік. Жоспар бойынша күзде 70-80 тоннадай өнім алуды жоспарлаудамыз,– дейді шаруашылық жетекшісі Асқар Карипов.
Мол өнім алу үшін 120 гектар алқапқа арпа, 93 гектарға майбұршақ, 40 гектарға көпжылдық шөп еккен шаруашылықтың қадамы нық. Ауа райының мүмкіндігін дер кезінде пайдаланғандықтан болар, егістік алқабы ұқыпты қолдан шыққандығын айғақтап тұр.
Сонымен шаруаға қажет техникаларды сайлап алған шаруашылықтың есебі түгел. Науқанның қызу кезінде жұмыс қолы жетіспегендіктен тағы 10 адамды жұмыспен қамтиды. Осылайша ерте көктемнен басталған дала жұмысы қара күзге дейін толастамақ емес.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Ақсу ауданы





