Ел арасында «Темірадам» лақап атымен таныс 63 жастағы Бақытжан Бектенов облысымыздың құрылғанына 1 жыл толуына орай және Астана күніне арнап Алакөлден Жаркентке дейін велосипедпен жүріп шықпақ. 2 шілдеде айдынды Алакөлден басталған велошеру – 4 шілдеде Талдықорғанға келгенде Жастар спорт сарайының алдынан қалың адам күтіп алды. Келесі бағыт: Балпық би – Сарыөзек – Жаркент.
Әуелі облыстық дене-шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл жиналғандар алдында сөз алып «Бұл іс – көпке үлгі. Арнайы мерекеге арналған велошеру сәтімен аяқталсын» деген ниеттес пікірін білдірді. Бақытжан Бектенов жалпы 592 километрді қамитын аумақты велосипедпен жүріп өтпек. «Темірадам» өз сөзінде «Күннің ыстық-суығына, желмен шөлге қарамастан жоспар бойынша келе жатырмын. Спорттық жарыс болмағандықтан уақыттан бұрын белгіленген қашықтықты ойдағыдай жүріп өту керек. Негізгі мақсат – халықпен жүздесу, жастарға үлгі, мерекені ел арасында насихаттау» деп айтты.
Еске сала кетейік, Бақытжан Бектенов 5 мәрте ҚР триатлоннан «Темір адам» кубогының иегері, 2012 жылдан бастап көптеген респбуликалық, халықаралық жүгіру, триатлон жарыстарының жеңімпазы, жүлдегері.





