Қазақта айналайын дейтін керемет сөз бар. Аяулы сөздің астарында ананың ыстық махаббаты мен мейірімі, асқар тау әкенің ықыласы, ерекше жылылық пен өмір жатқандай. Талдықорғанда әр баланы осы бір керемет сөзбен еркелетіп, бауырындағы балапандарының бәріне мейірімін теңдей бөлген «Айналайын» балалар үйі бар. Аталмыш орталық Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай думанды шара өткізді.
Бүлдіршіндердің ауа райының қолайсыздығына қарамай ұйымдастырған шараны тамашалайық, жауған қар жас жеткіншектердің аппақ ниеті, ақ қарға жаққан оты деп, «Айналайын» балалар қалашығына бардық. Ғимаратқа кірген бойдан-ақ қазақы оюланған шапандарын, үкілі тақия мен бүрмелі көйлегін киіп, жадырап жүрген балдырғандарды көріп, көңіл-күйіміз бірден көтерілді. 83 балаға мейірімін төгіп отырған орталықтың іші де қазақы нақышқа сай безендіріліпті. Асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндер бізді көріп, қуанып, шұрқырай алдымыздан жүгіріп шығып, ұлдар «Ассалаумағалейкүм», қыздар «Сәлеметсіз бе?» деп ізетпен амандасып жатты. Дана халқымыз баланың амандасқанына қарап-ақ тәрбиесіне баға берді емес пе?! Біз де балалардың қонақжайлылығы мен жақсы тәрбие алып жатқанын амандасқаннан-ақ байқадық. Мерекелік шара басталғанша бүлдіршіндермен әңгімелесіп отырдық.
Үйге қонақ келсе кез келген бала қуанады. Ал балалар үйінің тәрбиешілері қонақты асыға күтеді. Себебі, балалар ашылып сөйлеп, концерттік бағдарлама ұйымдастырып, дайындалады екен. Жоғалған жақыны табылғандай бізге де ішінтеді арман-мақсаттарын айтты. Бірі өнер жұлдызы, енді бірі ғалым, дәрігер болғысы келеді екен. «Арманым орындалу үшін сабағымды жақсы оқып жүрмін», – деді біреуі. Өмірге енді қадам басқан өрімдей өрендердің жанарынан үміт сәулесі жарқырайды.Қуаныштысы, ұлтқа бөлінбейді. Бір-бірін бауырым деп сыйлайды. Қазақ елінен, қазақ жерінен бақыт тапқан өзге ұлт өкілдері де қазақшаға ағып тұр. Наурыз айы жайлы сұрап ем, салт-дәстүр, ұлттық тағам мен ойындарымыз жаңғыратынын, Қыдыр ата келеді деп барлық есік ашық тұратынын жарыса айтты. Салт-дәстүрді жаттап өсіп келе жатқан болашақ ұрпақты көріп риза болдық.
Осыдан кейін мерекелік шара басталды. Думанның шырайын кіргізген балалар мен тәрбиешілердің бірдей киген ұлттық киімдері болды. Күнделікті қазақша көйлек емес, қолдан кестеленген ерекше кимешек түрлері жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, балалардың қолөнер туындысы қойылған көрме де ерекше. Шарада тәрбиешілер мен балдырғандар шағын көрініспен қазақ халқының Наурыз мейрамын қалай қарсы алатынын көрсетті. Қыдыр ата бата беріп, жеткіншектер әуелетіп ән салып, мың бұралып би биледі. Былдырлаған бүлдіршіндердің әр қимылына сүйсінесің. Шараға келген жұрт балалардың өнеріне тәнті болды. Сондай-ақ, баланы бесікке бөлеу, қырқынан шығару, тұсаукесер, еңбектейтін баланың бауырынан табақ алу ырымдары жасалып, келген қонақтарға сый-сияпат үлестірілді. Содан соң барлығы дастарқанда бас қосып, наурызкөжеден дәм татты.
Салтанатты шара барысында Жетісу облысы прокурорының орынбасары Серікқали Кушалиев сөз алып, мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.
– Құрметті бүлдіршіндерім! Еліміздің болашағы – сендердің қолдарыңда. Бұл ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Сондықтан талапты, өнерлі болыңдар. Сендердің шат күлкілерің мен бақытты балалық шақтарың біз үшін үлкен байлық. Бақытты сәттерің көп болып, жүректерің мейірімге толсын, – деді.
Келесі кезекте Талдықорған қаласының прокуроры Бақытжан Ашеев, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының директоры Ерлік Жуасбек бала бақыты бәрінен биік екендігін айтып, балдырғандарға ізгі тілегін арнады.
Мерекелік жиын аяқталған соң бүлдіршіндер бізге: «Сау болыңыздар! Біздің үйге келіп тұрыңыздар», – деп шығарып салды. Біз осы бір сөзді естігенде жанарымызға жас үйіріліп, толқып, «міндетті түрде келіп тұрамыз» деп уәде беріп қайттық. Ал жәудіркөз жеткіншектер тау-тау армандарын құшақтап,соңымыздан қол бұлғап қала берді.
Айдар ҚАЛИЕВ





