І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ҚР Парламент Сенатының депутатын сайлау шарасы өтіп, Жетісу облысындағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары таңдау жасады.
Алқалы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың атқарушы хатшысы Гүлнар Тойлыбаева сайлаудың тәртібі мен кандидаттарды таныстыру үшін сөз кезегін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітовке берді. Биылғы сайлаудың маңыздылығы туралы арнайы есеп берген олбылтыр 26 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен 2023 жылғы 14 қаңтарға ҚР Парламент Сенатының депутаттарын сайлау тағайындалғанын жеткізді. Соған орай тиісті дайындық жұмыстарын жүргізген Облыстық сайлау комиссиясыөзін-өзі ұсынған 7 кандидаттантүскен өтінішті қарап, үміткерлердің ҚР Конституциясында және «ҚР Сайлау туралы» Конституциялық заңында көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеріп, тиісті хаттама жасайды. Одан кейінгі жүргізілген іріктеу шараларынан кейін тек екі кандидаттың – Сенат депутаты Амангелді Төлемісов пен Жетісу облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбайдың есімі белгілі болды. Осыған орай жабық дауыс беру шарасы өтетінін жеткізген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы қажетті тәртіпке де тоқталып өтті.
Одан соң біртіндеп дауыс беру бұрышынан шыққан облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары өз таңдауын жасады. Мәдениет сарайының фоесында бюллетень салынған жәшікті ашып, дауыстарды санаған облыстық сайлау комиссиясының қызметкерлері ҚРПарламент Сенатының депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санаудың нәтижесін таныстырды.Атап айтқанда, сайлауға қатысқан барлық деңгейдегі мәслихаттардан 132 депутаттың басым бөлігі Амангелді Төлемісовке дауыс берген. Яғни, халық қалаулыларының 100-і сенім білдірген. Ал, Ғабит Тұрсынбайға 29 депутат дауыс беріпті. Одан бөлек екі депутат«барлығына қарсымын» деп таңдау жасаса, бір бюллетен жарамсыз деп танылды.
Осылайша ҚР Парламенті Сенатына Жетісу облысынан 6 жылға сайланған Амангелді Төлемісов көпшіліктің алдына шығып, ризашылық білдірді. Өзіне артылған сенім үдесінен шығатынын жеткізген сенатор мойнындағы жауапкершілік жүгін терең сезінетінін атап өтті.
Мәди ӘСЕТҰЛЫ,
Жетісу облысы





