Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып, қазақ журналистикасының жандануына саналы ғұмырын арнаған бірегей тұлға, Жетісу жерінің төл перзенті Бейсен Құранбек есімін ел есінде сақтау, артында қалған шығармашылық еңбектерін насихаттау мақсатында көптеген игілікті істер қолға алынған. Жампоз журналистің шырағданын одан әрі маздату жолындағы ілкімді іс өзінің жалғасын тауып, күні кеше Талдықорған төріндегі Журналистер үйіне ардақты азаматтың есімі салтанатты түрде берілді.
Жұмақ мекенге келген соңғы сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ардақты азаматтың есімін Журналистер үйіне беруді қолдайтынын, бұл ел тілеуі, көп пейілінен туындаған жақсы бастама екенін айтқан болатын. Ел Президентінің пәрменінен кейін оң сүрдекке түскен осынау жайдарман істің куәсі болдық. Аталмыш салтанат орын алмас бұрын Жастарға қызмет көрсету орталығының мәжіліс залында «Қоғамдық интеллектуалды журналистиканың қалыптасуы» аймақтық медиафорумы өтті.
Аталмыш форум әр бағытта өрнек тапты. Мәселен «Халықты ақпараттандыруда республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері мен өзекті мәселесі» тақырыбындағы сессияда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ардагер журналистер Тілеуқабыл Мыңжасар мен Қайнар Олжай, «Түркістан медиахолдинг» ЖШС директоры Жанахмет Ағыбаев, «Заң медиа» корпорациясының президенті Досымбек Өтеғалиев сөз алып, қазақ журналистикасының бүгіні мен өткені һәм келешегі туралы ойларын ортаға салды. Заман туындатқан сауалдардың шешімін табу жолдарын айшықтап, қазақ журналистерінің заңдық тұрғыдағы тұғырнамасын, рухани ұстынын бекіту сынды өзекті тақырыптарда әңгіме қозғады. Бұл ретте Жетісу жеріне келген зиялы қауымның бір парасы «Әлеуметтік желілердің қоғамдық рөлі», «Баспасөз қызметі: жетістіктері мен кемшіліктері» тақырыбында өткен жиында ой тарқатты.
Қазақтың біртуар перзенті Бейсен Абайұлының есімін Журналистер үйіне беру салтанатына келген көпшіліктің қарасы қалың болды. Аталмыш жиында алдымен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Б. Құранбектің ағасы Бейісбай Құранбек ғимарат қабырғасына ілінген тақтаның ашылу рәсімін өткерді.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев көпшілікті осынау орны бөлек оқиғамен құттықтады.
– Бұл ғимаратқа Бейсен Құранбек есімінің берілуі кездейсоқ емес. 2010 жылы Бейсеннің «Өңірдегі барлық журналистердің басын біріктіретін ғимарат қажет» деген ұсынысына сол кездегі және одан кейінгі облыс басшылығы қолдау көрсеткенін білеміз. Журналистер үйінің алғашқы нобайын әзірлеу жұмыстарының басы-қасында да Бейсен жүрді. Сөйтіп 2015 жылы осы ғимарат пайдалануға берілді. Демек, бұл ғимараттың бой түзеуінде Бейсен бауырымыздың еңбегі зор.
Арда азаматтың елгезек, кішіпейіл, жанашыр да жарқын бейнесі бәріміздің көз алдымызда. Оның өзгелерге деген қамқорлық қасиеті ерекше болатын. Ол Абайдың «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деген көзқарас-ұстанымын үнемі жадында ұстады. Азаматтығы, ұлтжандылығы, отаншылдығы өз алдына бір төбе еді. Бейсеннің бейнесі күллі қазақ жұртына «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы жақсы танылды. Ол осы бағдарламалары арқылы қаншама адамның тағдырына оң ықпал етіп, қаншама ізгі қадамдарға жол ашты. Жүздеген адамның жүрегінде шындыққа, әділдікке деген сенім ұялатты, – деген облыс әкімі көпшілікті руханият ордасының Бейсен атымен аталуымен құттықтады.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Б. Құранбектің бауыры Сәрсен Құранбек игілікті іс туралы тебіреністерін, жампоз журналист жайлы жылы естеліктерін жеткізді.

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінің фойесінде бірегей тұлғаға арналған көрме, өмір жолынан сыр шертетін бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Өз кезегінде облыс әкімінің сыйлығы үздік деп танылған журналистерге табысталды. Марапаттау салтанатында аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы сөз алып, журналистика туралы толғамын ортаға салды. Сондай-ақ, сегіз аталым бойынша топ жарған өңірдегі ақпарат саласының майталмандарын, жастарын марапаттап, арнайы статуэтка, 500 мың теңгелік сертификатты табыс етті. Айта кетерлігі, жүлдегерлер сапында ата басылым «Jetisy» газетінің тілшісі Гүлжан Тұрсын «Әлеуметтік желідегі үздік материал», фототілші Жұмабай Мұсабек «Үздік фотосурет» аталымы бойынша жеңіс тұғырынан көрінді.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы





