Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың қатысуымен Алматы облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар баяндалып, Алматы облысының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы таныстырылды.
«Біздің елде мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше көңіл бөлінеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет сыбайлас жемқорлықпен толықтай жойылғанға дейін күресуге тиіс. Ешкім де заңнан жоғары бола алмайды», — деп атап өткен», — деген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл кездесудің өзекті мәселелерді талқылап, бірлесіп шешу бағытында тиімді диалог алаңына айналатынын сөз етті.
Саян Қылышұлы бұған дейін агенттік тарапынан әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, өңірлер үшін жемқорлық тәуекелдер картасы әзірленгенін, онда әкімшілік кедергілердің болуына, қызметшілердің озбырлығына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген мәселелер тізбесі айқындалғанын, сол себепті қазір агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі – осы тәуекелдер картасы екенін тілге тиек етті.
Алматы облысында осы картаға енгізілген салаларда біраз дерек тіркелген.
Мәселен, білімде қаражатты тиімсіз жұмсау тәуекелі мен ақша жинау, медицинада азаматтарды бағасы қымбат сапасыз дәрі-дәрмектермен қамту, медициналық жабдықтар сатып алу, денсаулық сақтау нысандарын асығыс салу, олардың сметалық құнын арттыру, жер қатынастары бойынша жерді мақсатты пайдаланбау, ауыл шаруашылығы мен коммерциялық мақсаттағы және жеке тұрғын үй құрылысына қажет жерлерді заңсыз бөлу деректері тіркелген. Бұл тұрғындарды жиі мазалайтын көрінеді. Сондай-ақ, құрылып жатқан аймақтардың әлеуметтік-экономикалық қалпына келуіне теріс әсер етуі мүмкін ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдері аталып өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серік Орымбетов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков, жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлованың баяндамалары тыңдалды.
Белгілі болғанындай, жыл басынан бері Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 99 қылмыс тіркелген, олардың басым бөлігі парақорлықпен байланысты. Қылмыстық жауапкершілікке 68 адам тартылған, олардың 13-і түрлі дәрежедегі бірінші басшылар.
Марат Елеусізұлы соңында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны жою мәселесіне үлкен көңіл бөлініп, бірқатар проблемалық мәселелердің көтерілгенін айтты және бұл бағытта әлі де көп жұмыс атқарылатынын назарға салды.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Қонаев қаласы,
Алматы облысы





