Кез келген мемлекеттің дамуы мен жетістікке жетуі ең алдымен сапалы маманға тікелей байланысты. Осыған орай біз мемлекеттік қызмет саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларын білу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат БЕЙСЕҚҰЛОВАМЕН сұхбаттасқан едік.
— Ләззат Мұқатайқызы, мемлекеттік қызметке іріктеуді цифрландыру қалай жүзеге асырылады?
— Негізгі міндет — кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кіру үшін артық кедергілер мен тосқауылдарды алып тастау және одан шығу тәртібін жеңілдету, мемлекеттік қызметтің кез келген азаматқа ашық болуына қатысты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту, яғни, артық қағазбастылықтан және ешкімге қажеті жоқ жиындардан босату үшін жұмыстар жүргізілуде.
Өздеріңіз жұмыс жасап жүрген «Е-қызмет» базасында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесі толық цифрландырылуда. Ал, 2023 жылы басқа да кадрлық өзгерістер, мысалы, ротация, тағылымдама (стажировка), біліктілікті арттыру және басқа да қызметтер автоматтандырылады. 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметке іріктеуді прокторинг технологиясын қолдану арқылы онлайн түрде өткізуді жоспарлауда. Алматы облысында меритократия қағидатын ілгерілету жұмыстары қарқынды жалғасуда, бүгінде бұл көрсеткіш 68,5% құрады.
— Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
— Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттыру — сервистік аппаратты қалыптастырудың негізі. Адамға бағдарланған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі әрдайым өзекті. Мысалға, өңірімізде 15 сервистік әкімдік ашылып, 96 346 қызмет көрсетілді және 1244 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары департаментпен ұйымдастырылған.
— Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын бұзған фактілер тіркелді ме? Егер тіркелсе, қандай шаралар қолданылды?
— Мемлекеттік қызметшінің әдебі – қоғам айнасы. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, халық арасында мемлекеттік қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптастыру қажет.
Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бізге қадағалаушы органдардан бірқатар мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға әуестігі және ойын-сауық мекемелерінде табыстарына сәйкес келмейтін соманы жұмсау фактілері бойынша мәліметтер келіп түсуде. Кодекспен мемлекеттік қызметшілерге қарапайым болу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан сынға себепкер болмау талаптары қойылған. Мемлекеттік қызметшілерге басқа да азаматтармен қатар қандай да бір ойын-сауық орындарына баруға тікелей тыйым салынбаған. Алайда олардың жеке табысынан бірнеше есе артық ақшаны ойын-сауық орындарында жұмсауы қоғам тарапынан сын тудыруы ықтимал.
Ерекше ескертетін жайт, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану талаптары сақталған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, қоғамдық тәртіпке қол сұғумен ұштасқан, қоғамға қарсы мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
— 25 қазан – Республика күніне орай қандай шаралар атқарылуда?
— Республика күніне орай «Қамқорлық» айлығы аясында әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарды қолдау мақсатында «Жанашыр жүрек» акциясы өтуде. Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің», — дейді. Біз өзін қоя тұрып, өзгені ойлап, тұрмысы төмен отбасыға, тағдыры қиын ағайынға қолда барын бөліп беретін дарқан мінезді, кеңпейіл ұлт емеспіз бе?!
Сондықтан, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкерлері аталмыш акцияға бірінші болып атсалысты. Біздің қызметкерлер Қонаев қаласы мен Қарасай, Кеген, Талғар, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Ұйғыр, Іле, Балқаш аудандарына барып, көпбалалы отбасына азық-түлік себеттерін, ауылдағы жалғызбасты, тыл ардагерлерінің үй шаруаларына көмектесіп, қолдау білдірді. Сонымен қатар, «Өнерім саған, Қазақстан» атты бейнеқұттықтау челенджі жолданды.
Біздің міндет – халыққа көмектесу. Мемлекеттік қызметші өзінің емес, елдің игілігін ойлауы керек. Мен үшін қашанда ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт жоқ. Сондықтан, біздің департамент жүйелі жұмыстар атқарып, өз құзыреті аясында халыққа қызмет көрсетуін жалғастыра береді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан — Айдар ҚАЛИЕВ
Жетісу облысы





