Ардагерлер саябағы – қаламыздағы көрікті орындардың бірі. Қаланың шетінде орналасқан әдемі саябақ жастың да, жасамыстың да демалатын орнына айналғанына біраз жыл болған. Кезінде қалың тоғай болып, көркі қашқан ардагерлер паркі бүгінде адам танымастай өзгерген.
Күрделі жөндеуден өтіп, қала тұрғындарының демалысына қолайлы жағдай туған. Ішінде демалыс орындықтары қойылған, шамшырағы жарқырап, жан-жағы абаттандырылған. Жаяу жүргіншілерге тақтайдай тегіс жол төселіп, саябақтың қақ ортасында түрлі мәдени шара өткізетін кіші сахналық театр орын тепкен. Жыл он екі ай халыққа қызмет көрсететін ардагерлер саябағы жазда салқын, көлеңке, таза ауасымен келушілердің көңіл сарайын көтереді. Қыс мезгілінде таза ауамен демалып, саябақ ішін аралап жүруге өте ыңғайлы. Тек бір ғана кемшілігі бар, ол – саябақ ішіндегі үлкен, биік ағаштар. Көп жылғы теректер ескіріп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Тамыры тереңге тартылғанмен басы қурап кеткен теректер демалушыларға қауіп тудыруда. Жуырда саябақ кіреберісінде қураған ағаш құлап, әдемі стелла бүлінген. Сондай-ақ, тағы бір қураған ағаштың құлауына байланысты заман талабына сай салынған әжетхананы да жарамсыз еткен.
Міне, осындай қауіпті тудыратын қураған теректер жетерлік. Саябақты күтіп-баптауға «Көркейту» ЖШС жауапты. Олар өз міндетін сапалы атқарып, ішіндегі тазалық жұмыстарын жүргізіп отыр. Десе де мекеме қызметкерлері: «Қауіпсіздік шарасын тез арада қолға алмаса, ертең кеш болады. Әсіресе жаз мезгілінде саябаққа келіп демалушылар өте көп. Жас балалар, қарттар жүреді. Тұрғындарды сақтандырып жүреміз, біздің де жұмыс істеуімізге кедергі келтіреді. Ертең бір адамды басып қалса, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін»,– деп атап өтті. Бұл жайында тиісті орындар жақсы біледі. Ескірген ағашты кесу үшін қоғам белсенділері, орман шаруашылығы, құзырлы органдармен бірлесіп арнайы комиссия құрып, нақты шешім шығарып, қауіптің алдын алу керек. Кесілген ағаштардың орнына жаңадан тал егіліп, саябақтың одан әрі жақсаруына мүмкіндік туғызған абзал. Бұл – табиғатқа зиян емес, керісінше, жанашырлық таныту деп есептейміз.
Ришад ТҰРҒАНБАЙ,
Талдықорған қаласы
Жетісу облысы





