Үштөбеде «Qazaq oil» жанармай құю бекеті ашылды. Шағын және орта кәсіпті дамыту мақсатында ашылған бекетте шағын маркет те бар.
Бекеттің ашылу салтанатында сөз алған «Qazaq oil» компаниясының атқарушы директоры Нариман Әбілшайықов:
– Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында біз әр ауданнан осындай бекеттер ашудамыз. Кәсіпкер ашқан осындай бекеттерге біз қажетті тауарларды уақытында тасымалдауға дайынбыз. Оншақтысы біздің франшиза бойынша Қазақстанда жұмыс істеуде. Болашақта осы санды 60-қа дейін жеткізу жоспарымызда тұр. Елімізде «Qazaq oil» компаниясының 381 жанармай құю бекеті бар. Соның екі жүзден астамы жаңартылды. Қалғаны келесі жылдың соңына дейін халықаралық стандартқа сәйкестендіріліп, жоғары сапада қызмет көрсететін болады, – деп бекеттің жұмысы жайлы толықтай баяндады.
Тәулік бойы жұмыс істейтін жанармай бекеті соңғы үлгідегі техникамен жабдықталыпты. Енді жүргізушілерге күн-түн демей кофе ішіп, тәтті тоқаш секілді түрлі тағам алуға мүмкіндік бар.
«Qazaq oil» компаниясы мен жеке кәсіпкер арасындағы әріптестік байланыс негізінде ашылған жанармай бекетінің алаңы кең әрі жанармай бағасы да арзан. Бүгінде мұнда 9 адам жұмысқа орналасты. Барлығы жергілікті тұрғындар. Мамандар болашақта кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істеп, басқа да аудандарға жанармай бекетін салатындығын айтты.
Қайырхан АМАНДОСОВ





