Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиналыс барысында Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Прімжанов жолдағы құқықбұзушылыққа байланысты статистикамен таныстырып, облыста бір айдың ішінде 16 889 жүргізуші жол ережесін бұзғанын атап өтті.
– Облыстың барлық жолдары Алматы қаласына бағытталған. Бұл аймақ арқылы халықаралық маңызы бар екі трасса өтеді: Алматы – Бішкек және Батыс Еуропа –Батыс Қытай. Тиісінше, облыста көлік ағыны жоғары. Жазғы маусымда трафик жүйелі түрде артады. Жыл басынан бері облыста 919 жол-көлік оқиғасы тіркелді, қаза тапқандар саны – 169, 1311 адам жарақат алды. Осыған байланысты полиция департаменті «Қауіпсіз жол» іс-шарасын ұйымдастырды, – деді Руслан Пірімжанов.
Бұдан ары облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Ерғалым Керімбеков жыл басынан бері есірткінің синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына байланысты 28 құқықбұзушылық дерегі анықталғанын мәлімдеді. Нәтижесінде 25 килограмнан астам синтетикалық есірткі және психотроптық заттар тәркіленген.
– Бүгінгі таңда есірткінің синтетикалық түрлерінің таралуы белең алды. Бұл қылмыстың алдын алуға кедергі болатын бірнеше жайт бар. Оның бірі – онлайн сату. Бұл жүйеде есірткі таратушылар ғаламтор мүмкіндігін, сайттар мен әлеуметтік медиа аккаунттарды кеңінен қолданады. Есірткінің таралуын азайту мақсатында пәтер иелері, саяжай кооперативтері, ата-аналар комитеттері арасында өзара қарқынды іс-қимыл орнату қажет. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ, – деді подполковник Ерғалым Керімбеков.
Облыста маусым-қазан айлары аралығында «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аймақта есірткі өсімдіктері өсетін үш орын анықталған. Осы орайда облыс аумағында заңсыз өсімдіктерді отырғызу орнын анықтау және жабайы өсімдіктерді өсіру үшін камерасы бар «квадрокоптер» аппаратын сатып алу кажеттілігі туындауда. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов жауапты мамандарға қысқа мерзімде қажетті құралды сатып алып, орналастыруды тапсырды.
Бұдан соң отырысқа қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын талқылады. Облыстық полиция департаментінің өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 39 адамның жауапқа тартылғанын атап өтті. Ал осы Заңның 73-бабына сәйкес азаматтардың 1311 шағымы қаралған.
Ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында 45 қылмыс тіркелген. Оның 31-ін адамдар мас күйінде жасаған. Сондай-ақ, жыл басынан бері Алматы қаласының Ана мен бала құқықтарын қорғау орталығына 30 әйел, 91 бала жеткізілгенін атап өткен жөн.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева да есеп беріп, 15-17 жас аралығындағы үш жасөспірімнің таксикомания бойынша есепке алынғанын атап өтті.
Кездесу соңында облыс әкімнің орынбасары Лаззат Тұрлашов аудандық және қалалық әкімдікке полиция бөлімшелерімен бірлесе отырып, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алуды тапсырды. Сонымен қатар, жиынға қатыспай, өз орнына жауапты орынбасарларын жіберген аудан, қала әкімдерін сынға алып, мұндай маңызды жиынға басшылардың өзі қатысуға тиіс екенін қадап айтты.
Алма ЕСЕНБАЙ
Алматы облысы





