Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Асан Дарбаев «Қонаев су арнасы» МКК нысандарын тексеру үшін облыс орталығына арнайы келді. Жұмыс сапары барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті аталған мекемемен бірлесіп, баспасөз турын ұйымдастырды.
Оған қатысушылар сүзгі және кәріздік сорғы стансыларына барып қайтты. «Қонаев су арнасы» МКК Қонаев қаласын сумен қамту және су бұру қызметін көрсететін базалық нысан. Аталған мекеме директоры Мәди Темірәлиев биыл кәріздік сорғы және сүзгі стансыларына жүргізілген жұмыстар жайында айтып берді. Соның ішінде №3 кәріздік сорғы стансысының қайта жаңғыртылуы сөз болды.
Аталған мекемеде бекітілген тарифтік смета шеңберінде инвестициялық бағдарламаны іске асыру жүргізілуде, онда сумен жабдықтау бойынша көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жабдықтарды жаңғыртуда ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру көзделген.
Инвестициялық бағдарлама – трансформатор, қысымды кәріз учаскесін ауыстыру жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ, желілердің табиғи тозуын және авариялық жағдайларды азайтуға мүмкіндік беретін негізгі құралдарды сатып алуды қамтиды.
Бүгінгі таңда субъект жалпы сомасы 169 436,58 мың теңгеге бекітілген 2021–2025 жылдарға арналған жаңа бес жылдық инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыс істеуде. Осы жылдар ішінде мекемеге қажет жабдықтар сатып алынып, жаңаланбақ.
– Жақында Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында желілердің тозуын азайту және салаға инвестицияларға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Сол себепті халықтың желілердегі қандай да бір себепсіз аварияларды сезінбеуі үшін сапалы қызметтермен қамтылуы тиіс. Тұтынушылар төлейтін ақысы үшін сапалы қызмет алуға құқылы. Инвестициялық бағдарламада қарастырылған іс-шаралар осы талаптың орындалуын қамтамасыз етуі керек, – дейді Асан Дарбаев.
Соңында аталған мекеме өкілдері инвестициялық бағдарлама аясында қарастырылған барлық іс-шара қала тұтынушыларын сумен жабдықтау және су бұру бойынша сапалы әрі үздіксіз қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Қонаев қаласы,
Алматы облысы





