Облысымыздағы таулы өлкеге қоныстанған ағайынның жолыға кетсең айтатын әңгімесі, кездесе қалсаң тілге тиек ететіні – жердің дауы, мал басының көбеюіне байланысты жетпей жатқан шабындық немесе жайылымдық жердің мәселесі. Бұл жағдай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев екі ауданға жұмыс бабымен келген кезде де аз айтылған жоқ. Жұртты толғантып отырған осы мәселе бойынша Кеген аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Садықовқа жолығып, бірсыпыра жайларға қанық болдық.
Үстіміздегі жылы Кеген ауданы бойынша өз мақсатына пайдаланылмай жатқан 11 783 гектар жердің бары анықталыпты.
Атап айтқанда, 6000 гектар егістік, 257 гектар шабындық және 5526 гектар жайылымдық жерге қатысты нақты шара қолдану үшін Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданыпты. Мұның сыртында Кеген ауданы әкімінің қарамағындағы жерді өз мақсатында пайдаланбай келе жатқан жекелеген жерге қатысты пайдаланушылармен келіссөздер жүргізуінің нәтижесінде Кеген ауылдық округіне қарасты «Өсімдік», Алғабас ауылдық округіне қарасты «Кеген-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің пайдаланылмай отырған жерлері анықталып, ауданның арнайы жер қорына алынды.
Кеген ауданының әкімдігі ауыл тұрғындарының жайылымдық жерлерге деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында елдімекендердің маңынан 34 753 гектар, алыста орналасқан жайылымдық жерлер үшін 19 486 гектар жайылымдық жер учаскелері белгіленіп, жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Аудан аумағындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу, тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде барлығы 7523,0 гектар жайылымдық жер анықталып, қазіргі таңда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару мақсатында құжаттары сотқа жолдануда.
Мұның сыртында Қазақстан Республикасының «Жер Кодексінің» 43-1 бабы бойынша шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша 2022 жылы 31 мамырда ауданда конкурс өткізіліп, 50 лот бойынша барлығы 455 гектар жер беріліпті.
Алдағы уақытта конкурс бойынша 57 лотпен жалпы көлемі 2723 гектар жер, оның ішінде 22 гектар егістік, 313 гектар шабындық, 2388 гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер ақпарат құралдарында жарияланады. Аудандағы шабындық, жайылымдық жерлерге қолы жетпей жүрген тұрғындар бұл мәселеден тұрақты хабардар болып отырғаны абзал.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы,
Алматы облысы





