Облыс орталығындағы ғарыш зертханасында балғын өнертапқыштар Айға адамдарды жеткізетін және жүк тасымалдайтын аппарат құрылысын ойластырды.
«Идеяны жүзеге асыру барысында оқушылар ғарыш техникасын құрастыру және есептеу алгоритмі тұрғысындағы білімдеріне сүйенді. Сөйтіп, жұмыстың ретін анықтап, қолайлы материалдар мен жанармай компоненттерін таңдады. Сонымен қатар олар элементтердің орнықтылығы мен ұшу траекториясын, жанармай мөлшері мен сыйымды жүк салмағын есептеді», – дейді жоба жетекшісі, космонавтика үйірмесінің тәлімгері Серік Дәуталиев. Айға қонатын кешенге түрлі міндеттер тиесілі. Ұшуды басқаратындықтан және арнайы жүк рейстерінің жұмысын қамтамасыз ететіндіктен оның қону және ұшу кезеңдері өте ыңғайлы.
Бірыңғай ғарыш аппаратының құрылымдық және макеттік негізі пайдаланылған сатыларды, жанармай цистерналарын, зымыран қозғалтқыштарын ай базасын құруда қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
«Бұл принцип бүкіл жүйені орналастыру уақытын қысқартуға көмектеседі. Қаржылық шығындарға келетін болсақ, бұл басқа планеталарға ұшуды қамтамасыз етуді жеңілдетуі мүмкін», – дейді Серік Дәуталиев.
Талдықорғандағы жас техниктер станциясы өрендерінің бұл бірінші жұмысы емес. Биыл олар космонавтика күні қарсаңында ғарыш техникалары мен технологиялар бойынша Алматыда өткен «Kazakhstan Smart Space» халықаралық конкурсының жеңімпазы атанды. Олар жасаған айға қонатын кемелер қазақ жерін мекен еткен дала қырандарының атын иеленді.
— Бұл идеяны іске асыру үшін әуелі бірнеше ай кемесін ойластырдық. Ол үшін біз тиісті жүкті өзі тиеп, өзі түсіріп жинайтын «Сұңқар», шынжыр табанды техниканы Айға жеткізуге арналған «Қаршыға», сол сияқты, «Сапсан», «Бүркіт» атты ай кемелерін құрастырдық, – дейді тәлімгер.
Серік Дәуталиевтің айтуынша, қазіргі уақытта талдықорғандық өнертапқыштардың алдында маңызды міндет тұр. Ол – Ай базасын жасау және 2025 жылға қарай Айды игеру тұжырымдамасын әзірлеу.
Н.ҚОҢЫР
Талдықорған қаласы,
Жетісу облысы





