Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалық етуімен өткен жиында 2022-2023 жылдардың жылыту маусымына дайындық және халықты қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бағлан Абылқасымов қысқа қапысыз дайындалу үшін облыстық бюджеттен 5,6 млрд.теңге, кәсіпорындардың жеке қаражатынан 2 млрд.теңге бөлінгенін жеткізді.
Бағлан Абылханұлы облыстық денсаулық сақтау нысандарына сұйық отын жеткізу шарасы кешеуілдеп жатқанын, соның ішінде, Жамбыл, Райымбек аудандары мен Қонаев қаласының әлеуметтік нысандарына сұйық отын мүлдем жеткізілмегенін алға тартты. Мұндай жағдай Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарының денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне де қатысты.
Облыс тұрғындарына қатты отынның қажеттілігі 761 мың тонна болса, Шұбаркөл, Қаражыра көмір кендері мен Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» көмір разрезі өз қызметін ұсынуда. Өлкеміздегі қоймалар мен тұйықтарда көмірдің тоннасы 13 мыңнан 16 мың теңгеге дейін саудаланып келеді.
Баяндамашы халыққа отын дайындау жұмыстары, әсіресе, Балқаш, Іле, Райымбек, Талғар аудандары мен Қонаев қаласында баяу жүргізіліп жатқанын ескертіп, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның үлесіндегі вагондардың тапшылығы және жол жүру уақытының ұзақтығы жұмысқа кедергі болып отырғанын да тілге тиек етті.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Өтегенова, Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев, Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ермек Камеловар хабарлама жасап, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыс пен болашақ жоспары жайында баяндады.
Жиынды қорытындылаған Марат Елеусізұлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашовқа, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасына, аудан, қала әкімдері мен бюджеттік құрылым басшыларына жылыту маусымына дайындықты жеделдету, халықты қатты отынмен қамтамасыз етуді жүйелі атқару жайында нақты тапсырмалар беріп, алдағы 9 айдың қорытындысы бойынша қатаң сұралатынын ескертті.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қонаев қаласы
Алматы облысы





