«Кең дала» бағдарламасы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына несие береді. Биылғы жартыжылдықта аталған бағдарлама аясында 2,5 мыңнан аса диқанға жалпы сомасы 70 млрд.теңге қаржы бөлініп, 3,7 млн. гектардан аса егістік алқап игерілді. Бұған қоса, 70 млрд.теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі түбегейлі шешілуге тиістігін және көктемгі егіс науқанын қатаң бақылауда ұстау керегін тапсырған еді. Биыл «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс пен күзгі жиын-терінге 88,8 млрд.теңге бөлінді. Биылғы қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсті, – дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.
Қарыз алушы корпорацияның аймақтық филиалдарына немесе орталық аппараттағы менеджердің кеңесіне жүгінуі керек.
Несие мал шаруашылығына, егіншілікті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларына беріледі. Несиелеудің бір бағыты — тауарлы-сүт фермасын құру және жаңғырту. Ірі жобалармен қатар, корпорация шағын және орта бизнеске де несие береді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы





