Жасыл кенеп керілген мәрмәр тастың бетіндегі он бес шарды шашып жіберер қызыл сақаны туралап қойып, көздеген ұяшыққа күмп еткізді. Алғашқы соққының әсерін сезініп үлгермеген қарсыласы жеделдете басып, түсуі оңай шарды алуға тырысты. Алайда келесі шар да көп ұзамай бұрыштағы ұяшықта тулап жатты. Ендігі ұрыс сырттан жасалған соққы арқылы орындалып, ыңғайлы тұсқа жылжыған қызыл тастың шыр көбелек айналуымен тоқтады…
Республикалық біріншіліктің шешуші ойынында озық шығып, командалық есепте бас жүлдені жұлып алған Тоқтар Есімовтің бильярд атты сиқырлы спортқа қызыққанына біраз болды. Өзі құрған Алматы облыстық бильярд федерациясының аяғынан тік тұрып, күллі республика бойынша алдыңғы орыннан көрінуіне күш салған ол жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенді.
Басши ауылының оңтүстігінде жатқан Айғайқұмның сыршыл әуенін қаршадайынан құлағына сіңіріп, табиғаттың тылсым сырына терең үңілуді жақсы көрген бозбала Тоқтар мектепте есепке жүйрік, математика пәніне құмар болды. Соның әсерімен болар 1965 жылы Қоңырөлең орта мектебін күміс медальмен бітірген талапты жас Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының есеп-экономика факультетіне түсіп, әкесі Есім мен анасы Қайшаны қуантты. Сегіз баласының ішіндегі бітім-болмысы ерекше, арманшыл да ақылды, айналасына жанашырлық танытатын Тоқтар болғандықтан бата-тілегін арнап: «Е, Алла, құлынымызды тіл мен көзден сақтай гөр!» – деп дұға жасайтын. Оның үстіне, соғыстан кейінгі ауыр күндердің қиындығын көрген ата-анасы балаларының білім алып, өмір жолын дұрыс тапқанын, сол арқылы қатарынан қалмай жетістікке жеткенін қалайтын. Әке-шешесінің ақ батасы жанына демеу болған Тоқтар жоғары оқу орнын үздік бітіріп, еңбек жолын туған ауылынан бастады.
Білімді, іскер әрі ұйымдастырушылық қабілеті бар жас маман көп ұзамай басшылықтың көзіне түсіп, Сарқан ауданындағы «Қарабөгет» кеңшарының бас бухгалтерлігіне шақырылады. Қант қызылшасын өсіретін шаруашылықта еңбек ете жүріп, тәжірибе шыңдады. Кәсіби тұрғыдан өсуін, білімінің толығуын, біліктілігінің артуын ауыр еңбек ұштап, ел-жұртпен сыйласудың, халықты тыңдаудың, көнекөз қарттардың ақылына құлақ түрудің тиімді екендігін ұғынды. Жергілікті жұртшылықты «Саялы Сарытөр» атап кеткен Сарқан өңірінің сұлу табиғатын тамашалап, сол тұста айтылмайтын тарихқа қанықты. Өз қызметін мүлтіксіз атқарған бас бухгалтердің жинақтаған тәжірибесі мен артқан біліктілігін бағалаған аудан басшылығы кеңшар директорлығына тағайындайды. Он жылдан астам директор болған Тоқтар Есімұлы шаруашылықтың қарқынды дамуы елдің жағдайына тікелей байланысты екендігін ескеріп, халықтың жай-күйін жетік білуге ұмтылды. Соның арқасында ауылдың абыз ақсақалдарының ақылын алып, істің тетігіне қосты. Оларда Қарабөгет тұрғындарының көзіне зеректігімен түсіп, ынталылығын көрсеткен талапты жасты жақын тартып, білгені мен көргенін айтудан жалықпады. Сонда көбіне күллі республиканы шекермен қамтамасыз ететін қант қызылшасын өсірудің қыры мен сырын сұрайды. Ерте көктемнен басталып, алғашқы қар түскенге дейін жалғасатын қызылшаның ауыр еңбегі көптің қолын қажет етеді. Тебіндеп шыққаннан топырағын қопсытып суару, суға қанған топырақта қаулай жөнелетін арам шөптен тазарту, толықсып піскенінде кешіктірмей жинау, дайын өнімді зауыттарға жеткізіп, түскен түсімді төкпей-шашпай кеңшардың есепшотына құйдыру секілді аса жауапты міндеттерді қиналмай атқарып, қол ұзартқан жұмысшыларының жағдайын ескерусіз қалдырмаған Тоқтар аға ауыл өнерпаздарын жинап, «Ауыл әуендері» атты фольклорлық ансамбль құрады. Аудан, облыс көлемінде шеберліктерін асырған өнерпаздар республика деңгейіне көтеріліп, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді. Қызығы мен қуанышы қатар жүрген сол күндерді кейіпкеріміз сағына еске алады.
Сол тұстағы ауылдың әлеуметтік жағдайын жетік білген жан әрбір жұмыскердің жағдайын ойластырады. Себебі қажетіне жарамаған басшыны жұртшылық жақтырмайтынын жақсы біледі. Ондай адам керекті кезде кедергі келтіріп, кеңшардың жұмысына тұсау болады. Өмір жолына көз жіберсек, Тоқтар Есімұлының алдына кірген жанның ешбірі қолдаусыз шықпапты. Оған шаруашылықтың мыңғырған қойы мен ірі қарасының тыным таптырмас әуресін қосыңыз! Жаз шықса жайлауға, қар жауса қыстауға көшкен малшы қауымның сақман, қой қырқу сияқты науқандық жұмысын қараусыз қалдыруға болмайды. Сол арқылы мемлекетке белгіленген жоспар бойынша ет, сүт, жүн, бидай, арпа өткізу тағы бар. Қысқы мал азығын дайындау, тозығы шыққан техниканы жөндеу сынды қабаттаса жүретін шаруа шаш етектен. Кеткен кемшілікті, нақтыланбаған мәліметті аудан орталығындағы штаб қатаң бақылап, әрбір дерек үшін түсініктеме сұратады. Кеңшардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші үнемі жоғары болуын талап ететіндер табылары анық. Соның бәріне үлгеріп, әр саланың жұмысын бақылауда ұстау директордың тынышын алады. Құдайға шүкір, келісті келбетіне салмақты мінезі сай, кішіпейілдіктен аспай әркіммен емен-жарқын араласып, тіл табуға шебер кейіпкеріміз жауапкершілігі мол мұндай істі қиналмай көтеріп, азаматтық абыройына еш сызат түсірмеді. Керісінше қол астындағы жұртшылықтың қажетін өтеп, айтқан сөзінде тұрған шаруашылық директорының іске мығым, уәдеге беріктігі аудан басшылығы мен депутаттардың назарын аудартып, Сарқан аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуына ықпал етеді. Қызметі өрлеген сайын жауапкершілік жүгі артатынын терең ұғынған азамат табиғаты көркем өңірдің әлеуметтік-экономикасының, мәдениеті мен тұрмыстық деңгейінің өсуіне зор үлес қосты. Өйткені, орынбасар ретінде өзіне жүктелген салалардың жетілуін алдыңғы орынға қойған Тоқтар Есімұлының көздегені ел мен жердің өркендеуі, жергілікті жұртшылықтың бір шетіне шығысу болатын.
Осылайша қызылша өсіретін өңірдің ақсақалды қарттары мен ақ жаулықты аналарынан, ауыр еңбек көрігін қыздырған қатардағы жұмыскерден алған тәлім-тәрбиесі, тәжірибесі жетілдірген Т. Есімовті сол тұстағы Талдықорған облысының басшылығы 1992 жылы Ауылшаруашылық министрлігінің бұйрығымен облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. КСРО атты алпауыт мемлекет тарап, Қазақстан Республикасы өз алдына жеке мемлекет атанған жылдардағы тоқырау, қиындық көз алдында. Ұлттық валюта – теңге қолданысқа еніп, ғасырлар бойы бабалар аңсаған арманның орындалғандай болғаны күні кешегідей есінде. Сол тұста кейбір салалардың жұмысы тоқырап, егістік ауқымының күрт азайып кеткені жасырын емес. Сондай кезең белең алған 1995 жылы кейіпкеріміз 22 Еңбек Ері шыққан Н. Алдабергенов ауылындағы «Жанатов және К» атты агрофирмаға директордың қаржы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаруға шақырылды. Содан 2010 жылға дейін тынымсыз еңбек атқарған тындырымды Тоқтардың Отан, қоғам алдындағы сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қайтадан құрылған Алматы облысы басшылығымен бірге облыс орталығы Талдықорған қаласының көркеюіне үлес қосты. Жер жаннаты саналатын Жетісу халқының сонау өтпелі кезеңде басынан өткерген қиындықты көппен бірге көріп, ауыртпалықтан бас сауғалаған жоқ. Нарықтық экономикаға біртіндеп енген елімізде сауда-саттық жолға қойыла бастаған еді. Сол күндерде жері берекелі, елі мерекелі Н. Алдабергенов ауылынан шыққан қымыз, шұбат сияқты ұлттық сусындарды облыс орталығына жеткізіп, ауыл тұрғындары сауданың көрігін қыздырды. Осылайша сауда-саттықты меңгерген қарапайым еңбек адамдары өңірдің өркендеуіне үлес қосты. Оған өз ықпалын тигізген Тоқтар Есімов кейіннен зейнеткерлікке шыққан соң облыс орталығындағы «М. Амиров» атындағы фирманың бас бухгалтері, заңгері қызметтерін атқарып жүр.
Бірталай ұжымда еңбек етіп, көптеген шаруашылықтың өркендеуіне үлес қосқан кейіпкеріміз өмір жолында ұстаздық етіп, тәлім-тәрбие берген жандарды еш ұмытқан емес. Солардың көшбасында адамға жақсылық жасауда алда жүретін Көшкінбай Жанатов ақсақалдың бейнесі тұрады. Жастықпен сүрінген шағында сүйеген, жығылғанда түзеген алдыңғы буын ағалардың қамқорлығы мен жанашырлығын қалай ұмытсын?! Масайраса сабырға шақырып, қамыққанын қабағынан таныған жақсы жандардың жасына бүгін өзі де жетіп отыр. Биыл 75 жасқа шыққан ел ағасы кейінгі толқынға жанашырлық танытып, өскелең ұрпаққа үлгі болудан танған емес.
1947 жылы 27 мамырда Панфилов ауданы, Басши ауылында дүниеге келген Тоқтар Есімұлы өмірдің осынау белесіне дейін талай игіліктің істің ұйымдастырушысы, жақсылықтың жаршысы болыпты. Сарқан аудандық Халық Кеңесінің депутаттығына 4 рет сайланған кейіпкеріміз жастардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануын қадағалаудан танбайды. Өйткені Қоңырөлең мектебінде волейбол, футбол, баскетбол сынды спорт түрлерінен аудандық, облыстық біріншіліктерге қатысқан командалардың құрамында өнер көрсеткенін ұмытқан емес. Кейіннен студент кезінде Алматы халық шаруашылығы институты командасының намысын бірнеше жыл қорғаған ағамыз Қарабөгет ауылы жастарының спортпен шұғылдануына жағдай жасайды. Соның арқасында шағын ауылдан спорт шеберлері көптеп шығып, ауданның, облыстың атын шығарды. Тау етегіндегі шағын ауылдың тарихы мен еңбек адамдарының ерлігіне арнап 1987 жылы «Көркейген Қарабөгет» атты кітап жазған Тоқтар Есімұлы аудан басшылығының ұйғарымымен «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Қаршадайынан спортқа құмартқан Тоқтар Есімұлы жасы 50-ден асқанда бильярдпен шұғылданып, Алматы облыстық бильярд федерациясының құрылуына күш салғанын әңгімеміздің басында айттық. Содан бері көптеген жетістікке жетті. Атап айтқанда, 2016 жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған республикалық турнирде зейнеткерлер арасында облысымыздың атын асқақтатып, жеңіс туын желбіретіп қайтты. Сол жылы күзде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық Ардагер ұйымы өткізген чемпионатта бірінші орынды иеленді. Келер жылы, яғни, 2017 жылы Астана қаласында өткен Қазақстан ардагерлерінің 30 жылдығына арналған республикалық біріншілікте 4 орын алып, «Көрермен көзайымы» сыйлығына ие болды.
Міне, ақсақалдық жасқа жетіп, 75 атты белесті бағындырған Тоқтар Есімұлының еңсерген биігі осындай. Саналы ғұмырын мағыналы әрі мәнді етіп өткізген кейіпкеріміз Құдай қосқан қосағы Гүлжамаш апамыз екеуі төрт ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді. Балаларынан өрбіген 16 немере, 4 шөбересінің қызығын көріп, қуанышына ортақтасқан ата-әженің арманы таусылған ба?! Әрқашан туып-өскен ауылы Басшиге, ержетіп, оң мен солын таныған Қарабөгетке жиі барып тұрады. Көзтаныстар мен сырласқан, сыйласқан жұртшылықтың жайын біліп, көмек қолын созады.
Ел мен жердің қамын ойлаған азаматтың алар асуы биіктей беруіне бізде тілектеспіз. 75 атты асқар шыңнан асып, ел-жұртының құрметіне бөлене берсін!
Мәди Алжанбай,
Алматы облысы





