Талдықорғанда облыстағы онкологиялық қызметтің 70 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мерейтойлық іс-шара аясында Қазақстан мен Ресейдің жетекші онкологтары бас қосып, қатерлі ісікті анықтау мен емдеудің заманауи әдістерін талқылап, аймақ дәрігерлеріне арналған шеберлік сабағын өткізді.
Конференцияға Мәскеуден профессор Алексей Лотов, Тула қаласындағы хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Владислав Ившин және Астанадан белгілі хирург Абай Төлемісов арнайы қатысты. Бағдарламада интервенциялық онкологияның бүгінгі жетістіктері, криоабляция, радиохирургия, лимфография, сондай-ақ аз инвазивті емдеу тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Шара барысында мамандар алдымен консилиум өткізіп, жағдайы ауыр науқастардың клиникалық жағдайларын саралады. Одан кейін өңірде сирек орындалатын күрделі хирургиялық оталарға дайындық жүргізілді.
Тула қаласындағы хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Владислав Ившин мұндай тәжірибе алмасудың өңірлік медицинаның дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.
Бұл – жағдайы өте күрделі науқастар. Оларға мұнда бұрын жасалмаған немесе сирек орындалатын жаңа әдіспен ота жасалады. Осындай шеберлік сабақтары дәрігерлердің тәжірибесін арттырып қана қоймай, клиниканың кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтереді, – деді профессор.
Өңірде интервенциялық радиология мен аз инвазивті хирургия бағытындағы жұмыстар 2021 жылдан бері жүйелі дамып келеді. Былтыр медициналық тәжірибеге HIPEC технологиясы енгізілді. Өңірде жыл сайын 800-ге жуық аз инвазивті ота жасалса, оның жартысына жуығы онкологиялық науқастар. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсілдердің басты артықшылығы – отаның аз жарақатпен жасалуы, науқастың тезірек қалпына келуі және емнің тиімділігінің артуы.
Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының дәрігері Мадияр Өмірбаевтың сөзінше, өңірде артерияішілік химиотерапия мен химоэмболизация әдістері кеңінен қолданылып келеді.
Бүгінде біз ісікті қоректендіріп тұрған қан тамырларын жауып, дәрілік емді тікелей ісік ошағына жеткізуге мүмкіндік беретін аз инвазивті технологияларды қолданамыз. Жыл сайын мұндай оталар 800-1000 науқасқа жасалады, – деді дәрігер.
Жетісуда медициналық туризм де қарқын алуда. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен орталыққа ем алуға 300-ге жуық науқас келеді. Әсіресе сүт безі обыры кезінде жасалатын күрделі хирургиялық емдеу тәсілдері бойынша аймақ республикадағы жетекші орталықтардың біріне айналды.
Екі күнге жоспарланған халықаралық конференция барысында жаңа клиникалық хаттамалар негізінде оннан астам күрделі ота жасалмақ. Дәрігерлердің пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу өңірдегі онкологиялық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде алуына мүмкіндік береді.





