Шәкірт тәрбиелеу ұлағатты іс. Саналы ғұмырын осы салаға арнап, оның ішінде дене тәрбиесі мен спортты жанына серік еткен арда ұстаз Сатай Балхашев өткен жылы өмірден өтсе де, артында игі іс қалдырды. Ол мектепте футбол командасын құрып, қаншама жеткіншекті соңынан ертті.
Спортты сүюге, елінің патриоты болуға, намыс пен жігерге баулыды. Осы орайда өзі қызмет істеген №15 орта мектебі ұстазды ұлықтап, Талдықорған қаласындағы орта мектеп мұғалімдері арасында волейболдан еске алу турнирін өткізді.
Жарысты мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Хамит Нұрғизатұлы ашып, Сатай Шакерұлы тірі болғанда биыл 45 жасқа толатынын, аз ғұмыр сүрсе де соның 18 жылын осы мектепке арнап, табан аудармастан осында еңбек еткенін, ұлағатты ұстаздың орны бүгінде ойсырап тұрғанын жеткізді.
Шараға арнайы қатысқан Сатай Балхашевтің ата-анасы да сөз алып, Шакер қария ұжымы ұмытпай, еске алып, үлкен турнир ұйымдастырып жатқанына алғыс айтса, анасы Рая апа ұстаздар мен оқушыларға мол жетістік тілеп, мектептің аты білімді, өнерлі шәкірттерімен таныла беруіне тілектестігін білдірді. Ал әріптесі Азамат Қапарұлы көзіне жас алып, ұзақ уақыт бірге қызмет еткен адал дос, сыршыл ініден қапыда айрылып қалғанына әлі де көңілі сенбейтінін күңірене жеткізді.
Сатай Шакерұлының өмір жолына қысқаша тоқталар болсақ, Кербұлақ ауданы Онжас ауылында туып, өскен. Жастайынан спортқа жақын болып, мектеп бітірген соң І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне оқуға түскен. Еңбек жолын ауыл мектебінде бастап, 2003 жылдан Талдықорған қаласындағы №15 орта мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі болып қызмет еткен. Зайыбы Шырақгүл Кебекбаева да осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінде жарының көзіндей болған Бақдәулет, Шерхан есімді ұл, Ақжүністей қыз тәрбиелеп отыр.
– Балаларымыз да әкелерінің жолын қуып спортқа жақын болып өсуде. Мен, Сатай, үлкен балам Бақдәулет үшеуміз қала көлеміндегі отбасылық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдік. Бүгінде әкесінің жолын екінші ұлым Шерхан жалғастырып, волейболдан облысымыздың намысып қорғап республика көлеміндегі түрлі жарыстарға қатысып жүр. Үш мәрте жеңімпаз атанды. Сатай да мектептің волейбол командасында ойнап, талай мәрте мектеп абыройын асқақтатқан, – деді жарын есіне алып Шырақгүл Тілебалдықызы.
Жарысқа жалпы 9 команда қатысып, №15 орта мектебінің ұжымы 1-орынды жеңіп алды. Островский атындағы №8 орта мектебі 2 орын, Е. Берліқожанов атындағы №11 орта мектебі 3-орын, М. Арын атындағы №24 арнаулы лицейінің командасы 4-орынды еншіледі. Жеңімпаз командаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Алма ЕСЕНБАЙ,
Алматы облысы





