Мектеп оқушыларын патриотизмге, отансүйгіштікке, ұлттық рухы биік азамат боп қалыптасуға тәрбиелейтін «Елжандылық – 2022» айлығы сәуір айының 7-нен бастау алған. Соның шеңберінде Қарабұлақ ауылындағы №22 және Тұздыбастау ауылындағы №13 орта мектепте Талғар ауданының жоғары сынып оқушылары алғашқы әскери дайындық пәні бойынша өзара сынға түсіп, шеберліктерін сарапқа салды.
Әскери киім киіп, бұйрық бойынша сап түзеген жас қырандар бірнеше тапсырманы мүлтіксіз орындауға әрекет етті. Атап айтсақ, саптық жарғы қағидаларының орындалуы, денешынықтыру нормативтері, автоматты бұзып-жинау және қорғаныс киімдерін киіп-шешу, жүгіруден қабілет-қарымдарын көрсетті. Жинақылық пен шапшаңдықты талап ететін бұл шарттарды орындауға команда командирлері мен қатысушылар бар күш-жігерін салып, жеңімпаз болуға ұмтылды. Ел мен жерді, Отанды қорғау, оған қалтқысыз қызмет етудің алғышартын меңгерген мектеп оқушыларының бойынан өжеттік пен ептілік, төзімділік пен ұлттық рухтың лебі есті. Бәсекеге толы жарысқа Б. Момышұлы атындағы №35 орта мектеп-гимназияның алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы, лейтенант Дамир Қалиев төрелік етті.
– Оқушылардың патриоттық сезімін тудырып, ұлттық рухын көтеретін бұл айлық – Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналады. «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деп батыр бабамыз, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, Отанымызға адал қызмет ету жолында қайсарлық пен шыдамдылық таныта білетін, намысты ұрпақ тәрбиелеу – бүгіннің басты міндеті. Мұндай асыл қасиетті сапта тұрған әрбіріңіздің бойыңыздан көргіміз келеді. Сондықтан өздеріңізге артылар үміт зор, – деді жарыстың ашылуында сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының әскери патриоттық тәрбие жұмыстары бойынша көмекшісі Салтанат Алпысбаева.
«Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген екен Мұстафа Шоқай. Тәуелсіз елдің ертеңі, ел мен жердің қорғаны болар жалынды жас сарбаздардың сымдай тартылып сап түзеп, нық қадам басуымен басталған «Елжанды – 2022» айлығына қатысушы командалар реттік саны бойынша өнерлерін паш етті. Жарыс жолына ең алғашқы болып №17 орта мектептің Руслан Кулов жетекшілік ететін «Жас қыран» клубының тастүйін дайындықпен келген тәрбиеленушілері шықты.
Осы тұста айбынды, жігерлі жас сарбаздардың жетістігі мол екенін айта кету орынды. Биылғы жылдың наурыз айында Ақмола облысы Щучинск қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған «Жас сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілері арасында жасөспірімдердің жан-жақты дамуын жетілдіру, әскери қызметке дайындауда денешынықтыру және моральдық-психологиялық дайындығын жоғарылату, әскери-патриоттық тәрбиесін дамыту, бір-біріне жолдастық қолдау көрсетулері мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында I қысқы спартакиада өткен болатын. Еліміздің бас қалалары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент пен барлық облыстан 14-18 жас аралығындағы командалар қатысқан спартакиадаға Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылындағы №13 орта мектептің «Жас сарбаз» сыныбының «Қаһарман ұрпақ» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, 11 «Ә» сынып оқушысы Бақтияр Мейрамбеков пен 10 «А» сынып оқушысы Нұрәли Абай қатысып, облыс жастарының намысын қорғаған. Намыс пен қайрат, ақыл мен айла сынға түскен тартысты бәсекеде «Қаһарман ұрпақ» командасының қос қыраны жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық спартакиадада 6-орынға табан тіреуі аталған мектептің ғана емес, облыстың абыройын асырған.
– Жас өскіннің жігерлі, қайратты, табанды болып қалыптасуына «Елжанды» айлығының берер пайдасы мен ықпалы орасан зор. Осы ойынға қатысу арқылы жауапкершілікті сезінеді. Қатарынан озып, команда намысын қорғауға тырысады. Яғни, алға ұмтылдырады. Бұл жолда оқушылардың ерік-жігері мен тәжірибесі толыса түседі, – дейді жеңімпаздарды тәрбиелеуші, №13 орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің жетекшісі, запастағы старшина Ерболат Сұлтанғазиев.
Жасөспірімдерді өрлік пен ерлікке, батылдық пен табандылыққа, төзімділікке тәрбиелейтін «Елжанды – 2022» айлығының қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар анықталып, бағалы сыйлықпен марапатталды.
Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы





