Еңбекшіқазақ ауданындағы А. Бубенцов атындағы орта мектебінің оқушысы Ербол Медетбекұлы 2-сыныптан бастап өлең жазып келеді. Оған негіз салған бастауыш сынып ұстазы болса, әкесінің де өлең жазғыштық қасиеті балғынның бойына дарыған. Талабы таудай жас өрен биыл Мұқағали оқуларының аудандық, облыстық сынында 1-орын, республикалық байқауда 2-орынды еншіледі. Бұған дейін де бірқатар сайысқа қатысып, бабын сынаған талапты шәкірт республикалық «Ұлы Дала ұрпағы» байқауының бас жүлдегері, «Жастар заман жаршысы» байқауының 1-орын, «Туған жерге туыңды тік» байқауының “Жас Ақын” аталымы бойынша 3-орын, «Ғасырдың үні – Абайдың әні» атты жас ақындар байқауында 2-орын иегері атанған. «Дарынды шәкірт» төсбелгісін де иеленген.
Жуырда Мұқағали ақынның туған жері Райымбек ауданының Қарасаз ауылында өткен республикалық бәйгеде облысымыздың абыройын асқақтатқан дарынды ұлдың мұзбалақ ақынға арнаған жырын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Өлеңнің Хантәңірі
Алаштың асқақ арқалы ұлысың,
Әдебиетімнің қан тамырысың.
Аласармайтын ешбір ғасырда,
Сен қара өлеңнің Хантәңірісің.
Талайды жырмен таң қылып кеттің,
Айтады өмірді мәңгілік деп кім?!
Алақандай-ақ, ауылда туып,
Алатау мұра қалдырып кеттің.
Поэзияға әкеп жаңа саз үлгі,
Әрбір сөзіңе қарасам құнды.
Мұқағалидай мұзбалағымен,
Таныды әлем Қарасазымды.
Бұл Мұқаң осы балаңның пірі,
Біте қоя ма адамның мұңы.
Ән қылып тұрар Алашың мәңгі,
Жаңғырып тұрар бабамның жыры.
Көңілім менің жай таба алмайтын,
Жыл жаңарса да қайтара алмайтын,
Ақыны елдің әлемде мынау
Енді тумайтын, қайталанбайтын.
Жиналды мұнда бір қауым өрен,
Жатыр өзіңе шырқалып өлең.
Өлмейді бабам, жасайды мәңгі
Біздей еске алар ұрпағыменен!
***
Мен біреуді білуші ем жырға ғашық,
Жыр жолында жығылып жүрді адасып.
Жырыменен алысқа сапар шегіп,
Жырыменен жүретін қырдан асып.
Ол жайлы естігенмін көптен бері
Жырымен ғашық қылып кеткен мені.
Сатқындықты жалғанда көрсе дағы,
Ешкімге қастық ойлап кектенбеді.
Жыр деген сол ақынның таңбасы ма?
Бақыт болып орнаған жан басыма.
Жырдың дәнін тап-таза жинап кетті,
Арнасынан тасытып қамбасына.
Өлеңімен заманның жүгін артып,
Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.
Ақынсымақ жандардың өлеңінен,
Қара өлең деп басталған жырың артық.
Білесің бе,
Менде өзіңдей таласам күресуге,
Жыр ғұмырың әлі де тұр есімде.
Өлеңнен өз еншіңді алсаң-дағы
Өмірде берілмепті үлесің де.
Өзің жайлы талай жыр естігенмін,
Мерейім саған қарап өсті менің.
Жауапсыз арамдықты жапыратын,
Әділдік деп тасыған көшкін едің.
Ербол Медетбекұлы,
А. Бубенцов атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы
Ащыбұлақ ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы





