«Адам жанының арашашысы» атанған дәрігерлердің адамзат баласы үшін еткен еңбегі зор. Шыбын жанымыз шырқырағанда денсаулық сақшыларын паналаймыз. Емін қабылдаймыз. Жақсылығы үнемі жанымызда тұрады. Әсіресе, соңғы жылдары дәрігерлер тынымсыз еңбек етті. Індеттен денсаулық сақшыларының арқасында шықтық. Олар күн-түн демей еңбектенді. Отбасына бармай, қоғамдық орында тұрып жұмыс істеген кездері де болды. Ол жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Пандемия туындатқан дағдарыс бізді көп нәрсеге үйретті. Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық» – деп атап өтті. Біздің бүгінгі мақаламыз да білікті дәрігер, жылы жүректі адам жайлы болмақ.
«Адам денінің сау болғанына не жетсін?! Халқымыз «Басты байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Алдыма келген ем қабылдаушылардың тәнімен бірге жанын да емдегім келеді. Себебі, адам ауруға көбінесе көңіл-күйі болмағандықтан ұшырайды. Екіншіден әрине, ем алған адам күтіну керек. Сол себепті ем алушылардан байланысымды үзбеуге тырысамын. Денсаулығын күтіп жүр ме, дәрігер айтқан кеңестерді орындады ма қадағалаймын. Себебі қазір адамдар жұмысбастылықтан өздеріне қарай алмайды».
Кейіпкеріміз – дәрігер Дидар Сейфуллақызы бір сәт үнсіз қалып, терезеден сыртқа қарады. Аурухана ауласына келіп жатқан адамдар арасынан өзінен ем қабылдаған таныстарды іздеді ме екен?!
Иә, бүгінде аудан халқының алғысына бөленген дәрігер Дидар Көбегенова Балқаш ауданының Бақанас ауылында дүниеге келді. Мектепте барлық пәндерді үздік оқыды. Әсіресе биология, химия пәндеріне бейімі ерек болды. Ол 2000 жылы №1 Бақанас (қазіргі М. Сеңгірбаев атындағы) орта мектебінен білім алған соң Асфендияров атындағы медицина университетінің емдеу факультетінің студенті атанды. Бір айтарымыз, сол жылы аталған мектепті тамамдаған 40-тан аса оқушыдан үш түлек жоғары оқу орнының грант иегері атанған еді. Дидар Сейфуллақызы сол үш грант иегерінің бірі. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде, медицина ғылымының докторы, уролог дәрігер М. Алчинбаев, патология физиономиясының білікті маманы, профессор Н. Нұрмұхамметов сынды білікті ғалым-дәрігерлерден дәріс алды. Қандай қиын сәттер болмасын ғалым ұстаздарының айтқан ақыл-кеңесін үнемі жадында ұстайды. Олардан алған білімін ел игілігі үшін пайдалануды мақсат тұтады.
Жоғары оқу орнында көптеген достарымен бірге тәжірибеден өтті. Практика теориялық білімді жетілдірудің ізденіс алаңына айналды. Медицина саласының қыр-сырын терең меңгеріп, ақыры медицина университетін де тәмамдады. Еңбек жолын Алматы қалалық №17 емханада дәрігер болып бастады. «Қайтсем де шалғай өңірдегі туған жерде еңбек етемін» деген арман жетегімен 2009 жылы Бақанас орталық ауруханасына дәрігер болып ауысты. Дидардың басты ерекшелігі – ізденімпаздығында.лгінгі мақаламыз да білікті дәрігер, мейірімді жүрек иесі жайлы болмақ.і зор. Медицина саласы үнемі жаңарып отырады. Емдеудің жаңа әдістері қолданысқа енеді. Жаңа препараттар шығады. Заманауи құрал-жабдықтар алынады. Егер ізденісті тоқтатсаң, жаңалықтан кеш қаласың. Сондықтан ол үзбей біліктілігін жетілдіріп отырады. Өз тәжірибесін ортаға салып, өзге дәрігерлердің де ойын біліп, олардың тәжірибелеріндегі қолданыстарды саралап, сараптайды. Тағы бір ерекшелігі медицина саласындағы жаңалықтарға жаны құмар. Жаңадан енген ем-домды қолдануды мақсат етеді. Осыдан бес жыл бұрын ауданға ультрадыбыстық аппарат келді. Ол кезде дәрігер тапшы. Сырттан дәрігер алдырсақ, оған баспана керек. Олар адам көп жағдайда қайта кетуге асығады. Жүрдім-бардым жұмыс істейтіндері де болады. Осындай қиын шақта Дидар Көбегенова ультрадыбыстық сәулелік диагностика (таңдау) бойынша «ультрадыбыстық диагностика» бағытында төрт айлық қайта даярлық курсынан өтіп, арнайы сертификатқа ие болды. Қазіргі кезде тәжірибесі толығып, біліктілігі артқан терапевт-дәрігер Дидар жайлы аудан халқы тек жақсы лебіз білдіруде. Аудан халқының сеніміне ие болған жас терапевт-дәрігер Дидар Сейфуллақызына аудандық аурухана әкімшілігі үлкен сенім артып, 2010 жылы аудандық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Содан бері он екі жыл қатарынан осы лауазымды міндетті абыроймен атқарып келеді.
Жалпы терапия бөлімі 23 адамға арналған. Бірақ сырқаттар саны күрт көбейген шақта бір уақытта 29 адамға дейін қабылдауға тура келеді. Ондай кезде ол әрқашан сабыр сақтап, дұрыс шешім шығаруға тырысады. Көп адамды бір тәулікте емдедім деп бәлсінбейді. Қайта оларды бар жан-тәнімен емдейді. Аурухана төсегінде жатқан адамдардың көбі қамкөңіл, кінәмшілдеу болып келеді. Сондай сәттерде жүзінен мейірім төгілген Дидар Сейфуллақызы әрқайсысының тілін таба біледі. Тіпті әр науқастың сырқатының пайда болуы, оның сол сәттегі жағдайын анықтап, нақты диагноз қойып, емдеп шығарады.
Оның сыртында бөлімде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау, ауруларға тиісті дәрі-дәрмекті уақытында қамтамасыз етуге өтінім беру, дәрілерді сақтау талаптарын жүзеге асыру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қаптаған шаруаларды жүзеге асыруға уақыт тауып, төзімділік танытуда Дидар Сейфуллақызының қажыр-қайратына таңғаласың. Терапия бөлімінде жатқандарға қызмет ететін мейірбикелермен де жеке сұхбат жүргізіп, тапсырмалар береді. Олардың біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді. Әсіресе, жас мейірбикелерді тәрбиелеуде тәжірибесін аямай, көмек беріп отырады. Қазіргі таңда терапия бөлімінде еңбек етіп жатқан мейірбикелер Н. Даулетпахова, Н. Аймағанбетова, Н. Сейдахметова, А. Нұрмағанбетова, А. Жаңабаева, А. Айтмағанбетова мен шаруашылық жөніндегі медбике Гүлсім Мұсаеваның тамаша маман болып қалыптасуында да Дидар Көбегенованың сіңірген еңбегі зор. Оның бірлескен жұмысты тиімді ұйымдастыруының арқасында бүгінде терапия бөлімі ел сеніміне ие болып, жұртшылық алғысына бөленуде.
Біз жолыққан Бақанас ауылының тұрғыны Ақмарал Құрманбекова Дидардың біліктілігі жайлы тебірене толғанды. «Жасымнан денсаулығым дұрыс болмады. Жүрек ауруы, қан қысымының жоғарылығы сияқты кеселдер әбден мазалады. Кейін ауруханада бірнеше рет жатып ем қабылдадым. Бағыма қарай емді Дидар Көбегенова жасады. Оның басты ерекшелігі, адамның көңілін жылы сөзімен емдейді. Тіпті сырқатыңды ұмытып кетесің. Аурулардың денсаулығын қадағалап, зерттеп отырады. Емнің қалай әсер етіп жатқанын бақылайды. Көп жағдайда оның алдына еңбектеп келген адам еңсесін тіктеп шығады. Мен де сондай жақсы, дұрыс ем алдым. Әрине, тікесінен келген ауру денеден алып тастайтын тікен емес. Бірақ, жағдайым жақсарып, денсаулығым түзелді. Бұл орайда, Дидар дәрігерге айтар алғысым шексіз.
Бізді қойшы. Біраз жас жасадық. «Бірде ауруханаға бір жас бала түсті. Биіктен құлаған баланың мұрнынан қан тоқтамайды. Дәрігерлер қан тоқтата алмай естері шықты. Баланың ата-анасы ақыры ұрыс шығарып, Алматыға алып кетті. Әлгі баланың мұрнына мақта ма бірдеңе тығып беріпті. Қан әлі тоқтамайды. Ауруханада жатқандардың бәрі сол жас бала үшін алаңдадық. Тілеулес болдық. Бірақ, біздің қолдан не келеді?! Сол сәтте Дидар сабырлылық та танытты. Тыным таппады. Ақыры сол баланы емдеп шығарды. Қалай жазғанын маман емеспін, білмеймін. Бірақ біз керемет қуандық. Ал баланың ата-анасы мәз. Бәрінен де сол кездегі еңбегін ерекше бағалаймын».
Қазіргі кезде елімізде сырқатқа шалдыққандар саны өте көп. Оның бір себебі, дене қимылының аздығынан. Бұл жағдайды дәрігерлер жиі айтуда. Сырқаттар көбейіп, ауырып жатқандар қатары өсіп барады. Коронавирустың салдары да жетерлік. Ол кеселден қалай шыққанымыз баршаға аян. Еліміздегі барлық дәрігерлер сияқты Дидар да бұл қиын-қыстау сәтте демалмады. Оның үстіне коронавирус басқа сырқаттардың да шығуына себеп болды. Дидар дәрігер бірде ауруларды қабылдаса, келесі сәтте ультрадыбысты емдеу кабинетінде жұмыс істейді. Қолы босаған сәттерде Алматы қаласындағы дәрігерлермен тәжірибе алмасты. Жаңа аурудың сипаттары көп. Дәрі-дәрмектердің де әсерлері толық нақтыланбаған шақ. Сырқат жайлы білікті дәрігерлермен пікір алмасты. Қандай дәрінің тиімді екенін сарапқа салды. Сөйтіп, тынымсыз еңбектің нәтижесінде адамдардың денсаулығын сақтауға ерекше үлес қосты. Көптеген кеселге шалдыққан адамдарды ажал аузынан алып қалды. Аудандық аурухананың жасы үлкен, тәжірибесі мол, білікті дәрігері Мейрамбек Құдагелдиев Дидар дәрігердің біліктілігін мақтанышпен жеткізді. «Кейінгі жас дәрігерлердің ішінде Дидар Көбегенованың еңбекқорлығын ерекше атап өтуге болады. Ол тәжірибелі терапевт-дәрігер Роза Қарқынбаеваның орнына жап-жас кезінде келген. Жұмыс істей ала ма деп күдікпен қарағанымыз рас. Бірақ, ол өзін тез арада біліктілігімен көрсетті. Көпшіліктің құрметіне бөленді. Ол – ізденімпаз дәрігер. Көп оқиды. Жаңалық атаулының жаршысы. УЗИ аппаратын бірден меңгеріп алды. Техникалық аппараттарды меңгеру оңай емес. Сонымен бірге оның жүргізген емі науқастардың көңілінен шығады. Бәрі адамшылық қасиетіне риза. Олар Дидарды мақтағанда біз де қуанып қаламыз. Дәрігерлік мамандық өте қиын. Үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дәрігерге жаңылысуға болмайды. Оны Дидар Сейфуллақызы әбден сезінеді. Олардың қолында адам тағдыры. Адамның жаны сау болса, қоғам – сау». Көпшіліктің пікірінен соң мақсаттары туралы білгіміз келетінін айттық.
Дидар Көбегенова: «Үшінші мыңжылдықта адам денсаулығына өте үлкен назар аударуымыз керек. Себебі, техникалық ғасырда адамдардың дене қимылы аз. Сондықтан, аурулар да көбейе беруі заңдылық. Біз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді» мақсат тұтып, насихаттаймыз. Елдің спорттық жаттығулармен айналысуының маңызы зор. Әрине, ең бастысы, алдыңа келген науқас адамды бар жан-тәнімен емдеу – біздің міндет. Бірақ ем жасау аз. Олардың диагнозын дұрыс қойып, дұрыс ем жасау – біздің басты мақсатымыз. Біз жоғары оқу орнын тамамдаған Гиппократ антын қабылдадық. Сондықтан, сол антқа адал болу жолында ізденісімізді үзбей, жауапкершілігімізді арттырып келеміз. Алда да мақсат көп. Міндеттеріміз ауыр. Біз сол жолда аянбай еңбек етеміз», – деп аяқтады ол сөзін.
Дидар Сейфуллақызының еңбегі ақталып, бірнеше рет аудандық денсаулық сақтау бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудан әкімдігі де ақ желеңді абзал жанның мерейін өсіріп, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыс етті. Ол 2021 жылдың қорытындысы бойынша аудан дәрігерлері арасынан «Жыл дәрігері» номинациясына ие болды.
Дидар Көбегеновадан ем алған науқастар мен басқа да адамдардың алғысы шексіз. Халық – сыншы, халық – таразы. Сондай жандардың пікірінен соң ауданымызда Гиппократ антына адал дәрігерлердің арасында ерекшеленіп Дидар дәрігер тұрғандай сезіледі маған.
Жетпісбай Қойшығұлов,
Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі
Бақанас ауылы
Балқаш ауданы





