Бірінші сыныпты Нарынқол жақта оқыдым. Мектепте бар орысшамыз «это окно», «эта школа» дегеннен ары аспайтын. Онда да ол сөздерді тек орыс тілі сабағында ғана айтамыз, естиміз. Қазақы ауыл болғандықтан орыс тілі – біз үшін шын мәнінде шет тілі еді. Ал екінші сыныпта 1996 жылы Есік қаласына көшіп келдік. Менің жаңа қала, мүлдем басқа ортаға үйренуімнен бұрын ондағылардың тілін түсінуім әлдеқайда қиынға соқты.
Жаңа айтқанымдай, орыс тілі – шет тілі болса, Есік те, мен үшін шетел сынды көрінді. Бәрі орысша сөйлейді. Қожанасырдың ұн алуға «Ұн, ұн» деп баратыны секілді, көшенің басындағы дүкенге жеткенше «Хлеб. Адна булка» деп баратын болдым. Одан кейінгі жақсылап жаттаған сөзім «Остановите» еді. Өйткені, отырған таксиді қазақтың тілімен тоқтата алмай, талай рет үйден өтіп кетіп жүрдік. Содан таксиге кіргеннен дайындалып отырып, үй жаққа жете бере бар дауыспен «Астанавите!» дейтінмін. Ол сөздің ерекше дайындық, ерекше күшпен айтылатыны сонша, көлік жүргізушілері естіген сайын әркез кішігірім «шок» алушы еді. Мұны қазір күліп еске алғаныммен, ол кезде осы бір жалғыз сөзді мейлінше түсінікті әрі дәл уақытында айту – мен үшін өмір мен өлім сұрағымен тең дәрежедегі дүние болатын. Өйткені, өзіміз жаңа көшіп барғанда адасып кетсем, арты не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Қорқыныштың тағы бірі – базарға барғанда тауарлардың сыртында бағасының болмауы, жазылмауы. Алар азықтың бағасын білу үшін сатушыдан сұрау да, оны естігенмен қазақшаға аудару да оңай шаруа емес-тін. Дүкенге бару, такси тоқтату ғана емес, өзім қатарлы балалармен ойнау үшін де орыс тілі керек болды. Онсыз ойлай да, ойнай да алмайтынымды түсіндім әрі сол үшін де бұл тілді іштей жек көрдім. Балалық қой. Бірақ менің ішкі сезімдерім кімге қызық? Өмір сүру керек. Ал ол үшін көпшілік сөйлейтін тілді меңгеру маңызды. Осылайша амалдың жоғынан сегіз жасымда орыс тілін үйренуге кірістім. «Доктор Айболит», «Тимур и его команда» сынды көптеген кітапшаларды кітапханадан құшақ-құшағымен әкеліп оқуды әдетке айналдырдым. Бұл әрекетім әдебиетке, не оқуға деген ерекше қызығушылықтан емес, әрине. Тілді меңгеруге бір пайдасы болар деген ой. Нанды уайымсыз сатып алып, таксиге де қорқынышсыз отырғым келсе, орыс тілін үйренуге тиіс едім. Ешкім басымды иіп қинамай-ақ, мәжбүрлі түрде орыс тілін осылай қажеттіліктен үйреніп алдым. Бұл сол кездегі ауылдан келген көп қазаққа таныс жағдай. Тәуелсіздікті енді алып, егемен ел ретінде енді ғана таныла бастаған 90-жылдар болса, қазір азаттықтың 30 қыс, 30 көктемі өтсе де, өкінішке қарай, жағдай айтарлықтай өзгере қойған жоқ. 90-жылдары дүниеге келген сәби – бүгінде өзі де ұрпақ тәрбиелеп отырған әке не ана. Ал олардың балаларының тілі қай тілде шықты? «Ертеңгі күні далада қалмасын» деген баяғы қорқынышпен көп қазақ баласын орыс сыныптарына бергені – тағы шындық.
Әрине, барды жоқ деуге болмайды. Бір кездегімен салыстырғанда қазақ тілінде сөйлеушілердің саны әлдеқайда артқан. Дегенмен, қазақ елінде тұрып, мұндағы қазақ тілінің қолдану деңгейімен мақтана алатын жағдайда емеспіз әлі. Әлі күнге дейін өзіміздің ана тіліміз емес, орыс тілі үстемдік құрып тұрғандай. Ішкі-сыртқы саясатты ескеріп, ұлтаралық тыныштықты ойлап, мұны қанша жасырғанымызбен, айдан анық жағдай. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік нысандарда орыс тілінде қызмет көрсететін ағайын көп. Жақында ғана сұрағына сатушының қазақ тілінде жауап беруін талап еткен қазақ азаматының бейнежазбасы әлеуметтік желіде ғана емес, қоғамда да қызу талқыланды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазаққа «Қазақша сөйле» дегені үшін түрік азаматы, филология ғылымдарының докторы, өзін қазақ тілінің сақшысы ретінде таныстырған Оғыз Доғанның да талай дауға қалғаны есімізде. Ал «Til Maydani» Youtube арнасының иесі, белсенді тіл жанашыры Қуат Ахметовтің сауда орындарын аралап, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап еткен видеоларын кейбір тұлғалар теріс бағалады. Өз еліңде өз тіліңде сөйлеу үшін жалтақтау, меніңше, азат күні қол-аяғыңды тұсап, матап қойғанмен тең.
Иә, жанымызға батса да, шындық жалғыз. Ол – жоғарыда келтірген мысалымдағыдай қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы. Ал ол қажеттілікті тудыратын жалғыз жан болса, ол – қазақ, яғни, өзіміз. Қазақ пен қазақ бір-бірімен шүлдірлеп, орыс тілінде шүйіркелесіп тұрғанда қазақ тілі кейін қала бермек. Қазақ екі сөзінің біріне орысша қосып, мақтанып жүргенде Абай айтқан, Мұхтар мен Сәкендер сөйлеген бай тіліміз қапаста қалмақ. Қазақтың тілін тұғырына көтеретін де, аяққа таптап, жоқ қылатын да – өзге ешкім де емес, жалғыз қазақ. Ендеше, тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры екенін ескеріп, өзгеге жалтақтауды қоятын кез келді. Тіл майданында әрқайсымыздың саптағы сарбаз екенімізді естен шығармайық! Бұл айтпағым, қазақ тілін білмейтіндерге бас салып, күш қолдану емес, әрекетті өзімізден бастау. Қазақша ойлау, қазақша сөйлеу. Қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыру.
ҚР Тіл туралы заңын мұқият оқысаңыздар, оның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», – делінген. Өкінішке қарай, осынау парыз әлі күнге орындалмай қалып жатыр. Ал оның орындалуы, қазақ тілін – ұлтаралық тілге айналдыру ана тіліміздің мәртебесін асқақтатар қадам болар еді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ,
журналист





