Жаркент өңірі талай дарынды түлеткен қасиетті мекен. Жеті өзен өрнектеген өлкенің перзенттері де ешқашан ізгіліктен шөліркеп көрмеген. Бұл ретте бүгінде жетпіс жасқа келіп, ел құрметіне бөленген Ермек Келемсейіт ағамыз да дәл сондай туған жерінің қадір-қасиетіне кіндігімен байланған жан. Жоғары лауазымды тұлға болдым, қарапайым халықпен етене араластым, жастардың қамқоршысына айналдым деп мақтанса да ешкім жоқ дей алмайды. Мейлі, жүргізуші, механизатор, бригадир, әкім, депутат болсын, тез тіл табысып кететін білімдарлығы тағы бар. Үлкенге, кішіге ізеттілігі өз алдына. Қысқасы, Ермек Әбілмәжінұлы 70 жылдық өмірінде айналасындағыларға адами асыл қасиеттерімен жарқырай көрінді. Қарапайым жүргізушіден халық қалаулысына, кеншар басшысынан аудан әкімі, облыстық мәслихаттың хатшысына, ауыл баласынан облыстық ардагерлер ұйымының тізгінін ұстаған ел ағасына дейінгі барлық сатыдан өтті. Өмірі өнегемен өріліп, жұрт сүйсінетін жетістіктерімен ерекшеленді. Осы жазбамызда сол жайлы сөз етпекпіз.
Әке көрген оқ жонар
Әр адамның өмірде үлгі алатын, өнеге тұтатын, кейінгі жетілуіне бағдар беретін адамдар болады. Алдыңғы буынның жақсы істерін бойына жиып, ойына азық еткен адам келешегі де көркем істермен өрнектейді. Жастарға айтар тағылымы, кейінгі буынға көрсетер көсемдігі көп болады. Дүниедегі барлық жақсы істер мен жетістіктер, міне, осындай саналы ұрпақ жалғастығымен бірден-бірге кемелденіп отырады. Қазақтың қарапайым отбасында өмір есігін ашқан Ермек Келемсейіттің өміріне шуақ шашқан жақсы жандар көп болды. Солардың басында табандылық, шыдамдылық, ізеттілік, тазалық, кеңпейілділік, салмақтылық сияқты асыл қасиеттерді еншіге қалдырған атасы Келемсейіт пен әжесі Бибиша, малға жұтаң болса да парасатқа бай, көңіл көкжиегі кең, ізгілікке жаны құмар жайсаң мінезді әкесі Әбілмәжін мен шешесі Мағрипа тұрды.
Атасы Келемсейіт жас кезінде қайтыс болып, әжесі Бибиша апамыз екі ұлы мен екі қызын төркініне көшіріп апарып, өсіреді. «Нағашы жұрт сыншыл келеді» дегендей, Әбілқажым мен Әбілмәжін бала күнінен нағашыларының қамқорлығында ержетеді. Ол тұстағы қазақтың атакәсібі төрт түлік мал болғандықтан Әбілқажымды сол ауылдың қызына үйлендіріп, қойшының таяғын қолына ұстатады. Өйткені, үйдің үлкені, оның үстіне әкеден ерте айырылғандықтан анасы мен іні-қарындастарына көмектесу міндеті оның иығына артылған-ды. Ал 1910 жылы туған Әбілмәжін ауыл мұғалімдерінен алғашқы сауатын ашып, хат таниды. Бірақ 13-14 жасқа келген тұсында «Қойшы бала» атанғысы келмей, ел аралап, жер шалып өзіне ұнаған кәсіппен айналысуға аңсары ауа береді. Сол арманмен жер шалып жүріп Жасыл көлдің бойындағы қарағай кесетін жұмысышылар тобына қосылып, екі жылдай олардың барып кел, шауып кел жұмыстарына қолғабыс етеді. Жұмысқа ынтасы, мінезінің жайлылығының арқасында ағаш кесушілермен тез тіл табысып кетеді. Техниканың тілін біліп, өресі өспегенмен ағаш кесетіндермен араласа жүріп орыс тілін қадімгідей меңгереді. Бұл оның кейінгі өміріндегі жетістіктеріне көп көмегі тиді.
Дәл сол тұста «Техникалық мамандықтар бойынша ұлттық кадрларды көбейту керек» деген жоғарының тапсырмасы түседі. Өкінішке қарай, ол кездегі қазақ жастары орыс тілін білмейтіндіктен техникалық мамандыққа көп бара алмайтын. Бірақ бұл бастама Әбілмәжіннің арманын үкіледі. Сұрастыра жүріп: «Жаркентте механизаторлар дайындайтын оқу орны жастарды қабылдап жатыр екен» деген хабарды естіп, өзімен бірге істейтін жігіттердің көмегімен арманы орындалып, Жаркент өңіріндегі қазақ жастары арасынан ең алғашқылардың бірі болып техникалық мамандар даярлайтын оқуға қабылданады.
Сол тұстағы қазақ жастары үшін бұл үлкен жаңалық еді. Қысқасы, содан кейін сол өңірден жүздеген, мыңдаған механизатор шықса, солардың көшбасшысы Әбілмәжін Келемсейітұлы деп айтуға әбден болады. Оқу орнын бітіргеннен кейін сынақтан өтіп, Еңбекші ауылындағы МТС-ке жұмысқа орналасып, «МТС-5» маркалы трактор жүргізеді.
Талай жүректі сыздатып, сан адамды өмірлік қайғыға батырған Ұлы Отан соғысының салқыны бұл отбасын да айналып өтпеді. Соғыстың алғашқы жылдары Әбілқажым мен Әбілмәжінге майданға шақырту келеді. Олар Жаркенттен аттанып Сарыөзекке келіп, енді ұрыс майданына жүргелі тұрғанда: «Әбілмәжін Келемсейітті соғысқа жіберуге болмайды, оның МТС-те атқаратын міндеті көп» деген жоғарының бұйрығымен ауылына қайтады. Бірақ «Еңбекші» кеңшарынан соғысқа аттанғандардың тізімінде «Әбілмәжін Келемсейіт соғысқа жіберілді» деп көрсетіледі. Десе де сұрапыл ұрысқа қатыспаса да МТС-те механик, бас механик бола жүріп жеңісті жақындатуға бір кісілік үлесін қосты. Соғыстан кейін Қоңырөлең ауылына қарасты Ынталы ауылының бригадирі болып, күйреген шаруашылықты қайта қалпына келтіру үшін жан-тәнімен еңбек етті.
Әбілмәжін Келемсейіттің талапшыл да табанды мінезі балаларына өнеге болды. Олар қандай биік белеске шықса да әкелерінің сол ізгі мұратын жалғастыруды армандады. Ермек Әбілмәжінұлының еңбек жолын жүргізушіден бастап, осы мамандықта оқып, өмірінің алты жылын жүргізушілікке арнауының құпиясы да осында. Әбілмәжін ауылда бригадир болып тұрған тұста ауылдың барлық техникасы сол кісінің басқаруында болды. Көктемгі егін жұмысы, жазғы шабын, күзгі жиын-терін науқаны қыза түскен шағында 3-ші сыныпты оқып жүрген Ермекті жанынан тастамай, техниканың тетігін меңгертіп, еңбекқорлыққа баулиды.
Әкесінің еңбекқорлығы мен шыдамдылығы, шешесі Мағрипа Мылтықбаеваның сабырлылығы мен сырбаз мінезі бойына дарып, бұл қасиеттер қызмет, отбасы, адамдармен қарым-қатынас барысында көп көмегі тиді. Оның азамат болып қалыптасуына нағашы ағалары Қанапия, Сапарғали Мылтықбаевтардың да үлесі көп болды. Нағашы ағаларынан өмірге құштарлық пен қатал тәртіпке бағынуды үйренді.
Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орына түсуге мүмкіндік болмады да, әкесі мен нағашы ағаларының жолын қуып, екі жыл жүргізушілік оқуын бітіреді. Сосын Моңғол Халық Республикасының астанасы Ұланбатыр қаласында әскери борышын өтеуге аттанады. Ол жерде де екі жыл жүргізуші болып шыңдалады. Ауылға оралған соң «Басши» ұжымшарындағы Калинин атындағы мектепке жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Сол жерде өзінің болашақ жары Күлиша анамызды жолықтырып, отбасын құрады. Одан кейін тағы да екі жыл Қоңырөлең ауылында жүргізуші болады. Сөйтіп, аттай алты жылын жүргізушілікке арнайды. Қысқасы, Ермек Келемсейіт жүргізушіден халық қалаулысына, елдің ардақты азаматына айналды. Осы арқылы қарапайым адамның да ел үшін адалдықпен еңбек ете білсе халықтың құрметіне бөленген тұлғаға айналына болатынын дәлелдеп берді.
Қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп, өзінің қызметіне керекті білім алуды да ұмытпады. Сол кеңшарда жүргізуші болып жүріп 1973 жылы Алматыдағы Ауылшаруашылығы институтының «ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығына сырттай оқуға түседі. Техниканың тілін жетік білетіндіктен екінші курста оқып жүрген студентке бірден кеңшардағы көлік тұрағының меңгерушісі міндеті жүктеледі. Бұл жұмысты екі жыл істеген соң оны бас инженерлікке көтеруге ұсыныс түседі. Бірақ сол тұста кеңшардың бас инженері болу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының рұқсатын алу керек еді. Алайда, сол тұстағы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас инженері Виктор Хан оның жастығын ескеріп, бас инженерлік қызметке жолдама бермейді. Бір қызығы, сол жылы күзде Қостанайда ауылшаруашылық техникаларын құрастыруға қатысты оқып-үйрену курсына шақырылады. Сол курста Виктор Ханмен бірге біліктілігін шыңдауға мүмкіндік туады. Сол барыста Ермектің техникаға жақындығын және талабы мен талпынысын түсінген Виктор Хан ауылға қайтқаннан кейін бұрынғы ұсынысты қайта қарап, «Қоңырөлең» кеңшарының бас инженері етіп бекітеді. Ол бұл қызметті 7 жыл атқарды.
– Мен кеңшардың бас инженері болғанда әкем қатты қуанды. «Менің ұлым Помин Владимирдің орнын басты» деп мақтанып жүрді. Бала күнімізде кеңшарда Помин Владимир атты бас инженер болып еді. Ауылдастар сол кісінің біліктілігін үлгі ететін. Көп оқымаса да білімі терең, техниканың сан түрін жетік меңгерген білікті маман еді. Әкем менің сол кісінің орнын басқаныма қуанғанының себебі осы болатын. Ал қызмет барысында Өкен Әбілмәжінов, Әділшайық Ыбыраймолдаұлы, Сүлеймен Көшкінов сияқты үлгі тұтар ағаларымыз тәжірибе топтауыма көп ақыл-кеңесін берді. Жұмыс барысында жетілуіме септігі тиген замандастарым да көп болды, – дейді Ермек Әбілмәжінұлы.
Ерекең 1985 жылы кеңшардың партия ұйымының хатшысы болып сайланып, екі жарым жыл жұмыс істеді. Сол кезде кеңшар директорларын сайлау арқылы тағайындау қолға алынады да, Ермек Әбілмәжінұлы «Әулиеағаш» кеңшарының директорлығына сайлауға қатысып, басым дауыспен жеңіп шығады. Бұл қызметті 1995 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланғанға дейін 8 жыл атқарды. Сол тұстарда қызметтің талабы бойынша Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде «Құқықтану» мамандығы мен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Орман шаруашылығы ісінің» бакалавры бойынша оқуын жалғастырады.
Жүргізуші болып жұмысын бастап, одан бригадир, бас инженер, кеңшар директоры болып, бірден Парламент Мәжілісінің депутаты болып шыға келуі де тосын жайт еді. Оған, ең алдымен, елмен етене жұмыс істеген еңбекқорлығы себеп болса, екіншіден, Әулиеағаш ауылындағы ізгілікті істері сеп болды. Оның бәрін айтып отырмасақ та, бүгінде әулие ағаш ауылындағы 700 жылдық тарихы бар Әулие ағашқа бара қалсаңыз айналдыра қоршалған темір қоршау көзіңізге шалынады. Бұл Ермек Келемсейіттің қолтаңбасы. Ал 1991 жылы Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанованың ұйымдастыруында Әулиеағаш ауылында халықаралық деңгейде ұлттық өнерді насихаттайтын фестиваль өтеді. Оған Франция, Жапония, Түркия, Дания, Ресей, ТМД және тағы да басқа елдерден танымал қолөнершілер, суретшілер жиналады. Фестиваль аясында әулиеағаштықтар шетелдіктерге қазақтың ұлттық өнерін таныстырып, тәнті етсе, суретші Людмила Зайцева мен Татьяна Томашенская Әулиеағаштың суретін салып шығады. Сол картинка Ермек ағаның үйінде әлі күнге сақталуда. Ал 2005 жылы жер-жерден «Жасыл ел» штабтары құрылып, алғашқы жұмысын Әулиеағаштан бастағаны баршаға мәлім. Бүгінде республиканың жер-жеріндегі «Жасыл ел» штабының эмблемасына айналған Әулиеағаштың суреті сол картина негізінде дайындалғанын да біле жүрген дұрыс. Әулие ағаш ауылындағы осындай ізгі істері Ермек Әбілмәжінұлының ҚР Парламенті Мәжілісінің екі мәрте депутаты болуына себепкер болады.
Елге қызмет
Жоғырыда айтып өткендей, Ермек Әбілмәжінұлы 1995-2004 жылдар аралығында екі мәрте Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ол кезде депутаттарды сайлау бүгінгідей партиялық тізіммен емес, жергілікті жердің тұрғындарының қалауы бойынша жүзеге асатын. Сондықтан жергілікті жерден сайланған депутаттар өздерінің ел алдында берген уәдесін орындау үшін барын салатын. Ермек Келемсейіт те сайлаушыларына берген уәдесін орындау үшін Парламент қабырғасында жұрттың толғақты мәселесін шешіп, бірталай бастаманың авторы атанды. Соның бірі – қайта құру кезінде шаруасы шатқаяқтап қалған шаруа қожалықтарын қолдау үшін қолға алған «Оңтайландырылған салық салу» және «Бірыңғай жер салығы» жүйесінің енгізілуіне мұрындық болғаны. Расында, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жекешелендіру шаруашылықтардың жұмыс ритмін өзгертіп жіберді. Сол тұста Үкімет қаулысы бойынша шаруа қожалықтары табысының елеулі бөлігін салық ретінде төлеу қарастырылған. Алайда, бұл жаңадан құрылған шаруа қожалықтарының қалтасын қаға бастады. Ең алдымен, халық қалаулысы салауатымен осы мәселені назарға алған Ермек Әбілмәжінұлы өзінің кеңшарда жұмыс істей жүріп жинаған мол тәжірибесі бойынша Ақмола облысы, Целиноград ауданының Мәншүк Мәметов кеңшарындағы «Тельман» шаруа қожалығын, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы шаруашылықтарды, Панфилов ауданындағы жүгерімен айналысатын «Сақашев» шаруа қожалығын аралап, олардың кіріс-шығысын есептеп, тексеріс жүргізіп, Үкімет бекіткен салық жүйесінің шаруа қожалықтарының жұмысына көп кедергі келтіріп отырғанын анықтайды. Сонымен Үкіметке шаруа қожалықтарының жұмысын жетілдіру үшін оларды салықтан 80 пайыз босату туралы депутаттық сауал жолдайды. Бұл ұсыныс Үкімет жағынан қолдау тауып, «Оңтайландырылған салық салу жүйесі» ресми бекітіледі. Содан бастап табысының 50 пайызын салық ретінде төлеп келген шаруа қожалықтары енді 20 пайыз салық төлейтін болады да ауыл және мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың кірісін арттыруға сеп болады. Алайда, бұл салық салу жүйесі шаруа қожалықтарына пайда әкелгенімен, азын-аулақ жермен айналысатын диқандарға үйлесімді болмайтынын байқайды. Сондықтан осы мәселені қайта қарастырып, аз жермен айналысатын шаруаларға тиімді болатын «Бірыңғай жер салығы» жүйесін тағы да Үкіметке ұсынып, бекіттіреді. Осы жүйе бойынша аз мөлшерде жер өңдеумен айналысатын диқандар әр гектарға төлейтін салықтың азайтылған мөлшерін ғана салық ретінде төлейтін болады. Бұл диқандардың көптеген түйткілді мәселесін түбегейлі шешуге көмек болды. Ермек Келемсейттің мұрындық болуымен енгізілген осы екі салық жүйесі 2021 жылға дейін атқарылып, еліміздегі шаруа қожалықтарының шығынын азайтып, кірісін көбейтуге, жер емшегін емген диқандар кірісінің артуына көп көмегі тиді. Бүгінгі іріленген, өркендеп-өскен шаруа қожалықтарының бәрі Ермек Әбілмәжінұлы ұсынып, бекіттірген екі салық жүйесінің шапағатын көргендер десек, артық айтқандық болмайды.
Осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Яғни, жекешелендіру кезінде таратылмай қалған кооперативтердің бұрыннан қалған қарызы көбейіп, салықтарын уақытында төлей алмай, қатты қинала бастайды. Тіпті кейбірі банкроттық жариялаудың аз-ақ алдында тұрады. Осы мәселені шешуге кіріскен Ермек Келемсейіт Ескелді ауданындағы «Хильнченко», Алакөлдегі «Башиев», тағы да басқа кооперативтерді аралап нақтылы жағдаймен танысады. Бір ғана «Хильнченко» серіктестігінің сол жылдардағы қарызының өзі 6,5 миллион теңге көлемінде болған. Сосын Үкіметке кооперативтерді сақтап қалу үшін олардың бұрынғы қарызын үш жылға тоқтата тұрып, содан кейін қарызды 5 жылға бөліп төлеу туралы депутаттық сауал жолдайды. Бұл ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылады. Жалпы сегіз жылдың ішінде кооперативтер қайта ес жиып, оның үстіне инфяцияның әсерімен жиылып қалған қарызды төмен мөлшерде өтеп алуына мүмкіндік туады. Егер бұл іс дер кезінде қолға алынбағанда қаншама кооператив банкрот болар еді. Соған орай қазіргі еліміздің жер-жерінде шаруасын шалқытып отырған кооперативтердің Ермек Келемсейттің азаматтық және халық қалаулысы ретіндегі уәдесін орындаудағы ұстанымының арқасында жетістікке жеткенін ескере жүргені абзал.
Осы тұста бүгінде Текелі қаласының бюджетіне қомақты қаржы құйып келе жатқан сыра ашытқысын өндіретін зауыттың сақталып қалуына Ермек Келемсейіттің көп көмегі тиеді. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы және орман шаруашылығы туралы Заңды жасаған жұмыс тобының құрамында аталмыш заңның қабылдануына еңбегі сіңіп, соның нәтижесінде депутаттық мерзімі бітуге бір жыл қалғанда жоғарының талабы бойынша ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің төрағасы болып сайланады. Бұл қызметті бар-жоғы бір жылдан аса уақыт атқарды.
Осы тұста Ермек Келемсейітті тағы бір жауапты қызмет күтіп тұрған еді. Сол кезде Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшіріліп, аудандарды өркендету бастамасы көтеріліп жатты. Сонымен қатар, Қазақстан – Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасы нығайып, Панфилов ауданын басқару ісі Емек Келемсейітке жүктеледі. Әрине, комитет төрағасы болып жүрген лауазымды тұлғаның шалғай ауданға әкім болуға келісім беруі талай адамды таңғалдырады. Бірақ туған жерін түлетуден артық байлық жоқ деп есептеген Ермек Әбілмәжінұлы 2005 жылы Панфилов ауданының әкімі болып тағайындалады. Сол ауданда 8 жыл қызмет ете жүріп, туған жерін өркендетуге барынша күш салды. Ең алдымен жергілікті жас кадрларды тәрбиелеу ісіне баса назар аударды. Бүгінде сол аудан тізгінін ұстап жүрген азаматтардың дені Ермек Әбілмәжінұлының тәрбиесін көргендер. Сонымен қатар, 7 мектептің және бірнеше балабақшаның салынуына, Дәнеш Рақышев атындағы өнер мектебінің, Жаркент театрының ашылуына мұрындық болды. Ауданның теміржол құрылысын өркендетіп, табиғи газбен қамтамасыз етуге жол ашты. «Қорғас» ерекше экономикалық аймағының жұмысын жүйелеуге бір кісідей үлес қосты. Ең бастысы, Жаркенттен шыққан Желтоқсан көтерілісінің батыры Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың ақталуына араласып, олардың ескерткішін салуға жан-тәнімен кірісті. Қысқасы, бүгінгі көркейіп, гүлденген Панфилов ауданындағы барлық жетістіктердің басы-қасында болып, атқарылуына жетекшілік етті. Расында, кез келген адам биік лауазым иесі атануға болады. Бірақ биік лауазымда жүріп туған жерінің өркендеуіне үлесін қоса алмайтындар да жеткілікті. Ал Ермек Келемсейіт биік лауазымды жұмыстарды да атқарды, сол қатарда туған елінің де өркендеуіне үлес қосып, елдің құрметіне бөленген тұлғаға айналды. Ал 2012 жылдан кейін төрт жыл облыстық мәслихаттың хатшысы ретінде аймақтағы өркенді істердің атқарылуына бір кісідей еңбегі сіңді.
Болашаққа жол
Аймағымызда ардагерлерді ардақтау ісінің қолға алынғанына да біраз жыл болды. Айталық, 1986 жылы желтоқсанда Бүкілодақтық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының құрылтай конференциясы өтіп, онда ұйымның орталық атқару органдары сайланып, оның міндеті мен негізгі бағыты белгіленді. Сол Бүкілодақтық құрылтай конференцияның шешіміне сәйкес республика, облыс, қала, аудан, ауыл, ұжымдарда соғыс және еңбек ардагерлері ұйымдарын құру жаппай қолға алынды. Осыған орай Алматы облыстық ардагерлер ұйымы өз жұмысын бастады. Аталған ұйымды 2016 жылдан бері Ермек Келемсейіт басқарып келеді. Ермек Әбілмәжінұлы осы ұйымның тізгінін ұстағалы көптеген игілікті жұмыс атқарды. Ең алдымен ардагерлердің құқығын қорғаудың тетіктерін реттеді, сосын республикалық ардагерлер ұйымының жарғысының кейбір бөлімдерін қайта қарауға мұрындық болды. Облыс ардагерлерінің әлеуметтік жағдайын түзеудің құқықтық жолын қалыптастырды. Сондай-ақ, ардагерлердің өмірі мен өнегесін өскелең ұрпаққа жеткізетін бірнеше кітаптың жарыққа шығуына бастамашы болса, облыстық, республикалық ардагерлер конференциясын ұйымдастырып, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасының жаңаша бағытта жүргізілуіне қолдау танытты. Облыстық ардагерлер ұйымы мен басқа да үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер арасындағы қарым-қатынасты реттеп, ортақ мақсатта жұмыс істеудің негізін қалыптастырды. Осындай жүйелі басшылықтың арқасында облыстық, аудандық, ауылдық ардагерлер ұйымдарының жұмысы жетіле түсті.
Осындай жетістіктерінің арқасында Ермек Әбілмәжінұлы «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Парасат» ордендерімен, тағы да көптеген мерекелік медальмен марапатталды. Сонымен қатар, салиқалы ұрпақ өсіріп, мерейлі отбасын құра білді. Өмірдің ыстық-суығын осы күнге дейін бірге өткеріп келе жатқан ғұмырлық серігі, өмірін еліміздің білім беру саласына арнаған Күлиша апамызбен ынтымағы жарасқан отбасын құрып, Назерке, Айдын, Жасұлан, Назым, Еркебұлан сияқты ұл-қыздары мен Кәрім, Жұлдыз, Лаура, Бақтияр, Ақбаян сынды күйеубала-келіндерінің құрметіне бөленді. Айбын, Әли, Елдана, Әбдіжәми, Мәриям, Інжу, Бекмардан, Айман, Шолпан, Әлижан, Жанайым, Ережет, Қасым-Жомарт, Нұрәли, Жанәли тәрізді қылығы балдан тәтті немерелерінің ақылшы атасына айналды.
Иә, біз Ермек Келемсейіт өмірінің қадау-қадау тұстарына ғана тоқталдық. Бірақ ол кісі жайлы әлі талай дүние жазылып, өмірбаяны толықтырыла беретіні анық. Өйткені, ел үшін ерінбей еңбек еткен адамның елеулі істері ұрпақ жадында әрқашан жаңа қырымен жаңғыра бермек. Әрбір жас жетпіске осындай жетістікпен жетсе, одан артық байлықтың да керегі жоқ-ау.
Қажет АНДАС,
Алматы облысы





