Қазақ әдебиетінің есігін «Курляндия» романымен ашқан Әбдіжәміл Нұрпейісов ол шығармасын қайта өңдеп, толықтырып «Күткен күн» атымен 1958 жылы қайта басып шығарды. Сол жылдары мектеп оқушысы болсақ та, ол кітапты іздеп жүріп оқитын едік. Қолдан-қолға өтіп, беттерінің сарғайып кеткенін де көрдік. Ол кезде қазекемнің де кітап оқуы қызық болатын. Әр бетін ашарда сұқ саусаққа бір түкіріп алып парақтағанда кітаптың астыңғы жағындағы сол жақ бұрышы ақжемденіп, кейбір әріптері көрінбей де қалатын. Ол жерге газет қиындысын кілейлеп жапсырып алатынбыз. Әсіресе, соғыс жылдары Сәбит Мұқанов құрастырған, латын әрпімен басылған жуан кітап «Тоғыз батырға» тіпті обал болды. Бір ауылда бір-ақ кітап. Үй-үйді қыдырып жүретін. Бес-алты үй бірігіп, бір жерге жиналып, ағам Кәдір Қасымбековті аттай қалап шақырып алып, сол кісіге оқытатын. Әндетіп, мақамына келтіріп оқығанда ұршық иіріп отырған кемпірлер мен сақалдарын тарамдап отыратын шалдардың көздінен жас ағып, көлдей орамалдарымен суланған беттерін қайта-қайта сүртіп отыратын.
Ағам мені қасынан тастамайтын. Ол шаршаған кезде кезек маған келеді. Халық ақыны Келімбет Серғазиевтен үйренген әуенмен мен де зулата жөнелем. Ол кезде әрпіміз криллица болса да латын әрпін бір кісідей-ақ үйреніп алғанмын. Ара-арасында жұрт қоймай отырып, Кенен атамыздың «Сорлы ақ ешкі» әнін орындатады. Аға екеуіміз қосылып орындаймыз. Мұрындары қорсылдап, көздерден парлап аққан жасын үлкендер әрең тоқтататын.
Жұрттың сол жылдары іздеп жүріп оқитындары М. Әуезовтің «Ақын аға» («Абай» романының сол кездегі атауы), С. Мұқановтың «Ботакөз», Ә. Нұрпейісовтың «Курляндия», т.б. романдары болатын.
Алпысыншы жылдары басылып шыққан «Қан мен тердің» бірінші, екінші кітаптары «Ымырт» пен «Сергелдеңді» жұрт бір қолдан, бір қолға өткізіп оқитын. Соның ішінде біз де бар едік.
Ә. Нұрпейісов атты әдебиеттегі жаңа есіммен мен осылай таныстым. Шығармаларын жастанып жүріп оқыдым десем де болады.
«Қан мен тердің» 3-ші кітабы «Күйреуді» де жұрт асыға қүтетін. Осы үш кітап кейін «Қан мен тер» атанып, оған «Соңғы парыз» қосылып, жазушының есімін әлемге танытқанын қалың оқырман жақсы біледі. Романдарын оқып отырсақ ауыл тұрмысы, ел басына түскен қиыншылықтарға өзіміз араласқандай боламыз. Өйткені соған ұқсақ жағдайлар басымыздан өткен. Жазушы соны дәп басып отыр. Елмен бірге күңіренеді, солармен бірге көз жасын да сығып алады. Еламан мен Ақбала тағдыры оқушысын бей-жай қалдырмайды. Ауыр да азапты балықшылар өмірі қабырғаңды қайыстырады.
Ел іші болған соң әртүрлі мінезді адам болмай тұрмайды.
Өсек тасымаса жүре алмайтын Қарақатын, сужұқпас Судыр Ахмет т.б. ел өмірінен ойып алынған бейнелер. Бұрын-соңды қазақ әдебиетінде болмаған дара кейіпкерлер десек, артық айтқандық емес. Роман – осынысымен де құнды.
Сол жылдардың өзінде-ақ аты жиі аталып, мыңдаған оқырманының сүйіспеншілігіне айналған, бір көрсем деп армандап жүрген жазушыммен қауышудың сәті өткен ғасырдың алпысыншы жылдары түсе кеткен-ді. Ол кезде аты Одаққа жайылып, дүркіреп тұрған Үңгіртас мектеп-интернатында оқу-тәрбие ісі жөнінде директордың орынбасары болып істейтінмін. Директорымыз атағы жер жарған Ленин орденді Жұмабай Жадрин деген ұлағатты ұстаз еді. Ол басқарған мектеп-интернат малшылар балаларына арналып салынған-ды. Мектеп-интернаттың негізін елуінші жылдары Қазақ ССР Министрлер советін басқарып отырған қазақтың бір туар ұлы Жұмабек Ташенов қалаған-ды.
Мектеп-интернаттағы оқушылар өмірін көру үшін шетелдік делегациялар жиі келетін. Сонау қиыр шеттегі Вьетнам, Камбоджо, Индия, Жапония, Моңғолия, Эфиопия, Гана, Қытай, Франция, Германия, Канада, Мали, т.б. елдерден келіп, олардың жататын орнын, класс-кабинеттерді, асханасын көріп таңғалып, өнерлерін тамашалайтын, кітапшамызға жылы лебіздерін жазып кететін.
Бір күні Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Аймұхамбет Мансұров директорды, мені, кеңшар директоры Социалистік Еңбек Ері Шайхыслам Мусинді «тез келсін!» деп шақыртыпты. Ол кісі шұғыл тапсырма берерде не ауылда бір оқыс жағдай болғанда осылай ететін. Жолда Жұмекең Мусинге: «Шәке, не бүлдіріп қойдық? Бізді бюролап жүрмей ме?» – деп жалтақ-жалтақ қарайды.
– Құдай сақтасын! Ауыл да, ел де тыныш қой, – дейді кеңшар директоры.
Хатшы қыз: «Сіздерді тосып отыр. Тез кіріңіздер!» – деді.
Кірдік. Ол кісінің бір әдеті, ұйысқан қою қастарын тарағымен тарайтын. Сол әдетін жасады да төрдегі орнынан біздің жанымызға келіп отырды. Жүзі жылы. Біз де іштей қуанып отырмыз.
– Сендерді шақыртқаным, – деді бір қағазды қолына ұстап, – Әбдіжәміл Нұрпейісов деген жазушыны білесіндер ғой. Обкомнан мына хат келді. Ол кісінің «Қан мен тер» романын француз тіліне аудармақ болып, Лили Дени деген аудармашысы Алматыға келіпті. Әй, Ешенқұлов, әдебиетшісің ғой, оның кім екенін білетін шығарсың?
– Білем, Айеке. Күйеуі дүниежүзіне әйгілі француз әртісі Филипп Жерар. Жақында қайтыс болды. Өзі атақты аудармашы.
– «Қан мен терді» оқып па едің?
– Ол – жастанып жатып оқитын кітабым.
– Оқысаң… Сол кітапта аталатын қазақ тағамдарының бәрін қағазға түсіріп, маған әкелесің… Әдет-ғұрып, дәстүрлерді де ұмытпа! Жақында сол жазушы біздің ауданға келеді аудармашысымен. Оларды қонақ етіп, карсы алуды мына Жадрин мен Мусинге тапсырамын. Үңгіртастың батысындағы Қозыбасы жайлауы өте ыңғайлы жер екен. Кеше барып көріп қайттым. Сол жерге 4-5 үй тігіп, қонақтарды сонда күтесіңдер! Олар жалғыз келмейді ғой. Бірнеше жазушы-қосшылары еріп келетінін білесіндер. Сонда қонады. Жақсы аттарды дұрыстап әбзел жабдығымен дайындаңдар! Қазақтың ат құлағында ойнайтынын көрсін. Ұлттық спорт ойындарын да ұмытпаңдар. Айтпақшы, сонау елуінші жылдары Москвада өткен ат спортының жүлдегері, Буденныйдың қолынан алтын кубок алған Райхан Әбілехатова деген атақты шабандоз қыз, Жадрин, сенде мұғалім болып істейді деп естідім. Сол қыз өнерін көрсетсін. Ат жабдықтарының бәрін айтып түсіндіресің.
– Ал дастарқандарыңда мына Ешенқұлов кітаптан тізіп әкелген дәмнің бәрі болсын. Өйткені аудармашы оның дәмін татып, дайындалуы қалай, соны білгісі келеді екен. Ауылдарыңа барыңдар да, дайындыққа кірісіңдер. Қай күні келетінін бір күн бұрын өзім айтам. Азық-түлік жағынан қиыншылық болса, қазы-қарта, жал-жая дегендей, маған хабарлаңдар. Көмектесеміз… Келістік пе?
– Келістік, Айеке! – деді Мусин
– Айтпақшы, ана атақты шопандарың Мұқан Көккөзов мал жағдайын жақсы біледі. Алқамбай, Талқамбай деген ағалары да жылқышы. Солардан да кеңес алыңдар. Ал сен, Жадрин, мұғалімдеріңнің ішінде әнші, күйші, биші қыз-келіншектер болса, оларды да дайындай бер. Бір аптадан соң өзім барып, дайындықтарыңды тексеріп қайтам…
Жолда келе жатып, екі директор өткізудің нобайын өз ара келісіп, міндеттерін жүктеп алысты. Ал менің жұмысым – «Қан мен терге» қайта шұқшиып, өзіме қажетті нәрселердің тізімін жасау.
Дайындықты бүкіл ауыл болып бастап кеттік. Бір аптадан соң аудан басшысы келіп, дайындық барысымен танысты. Той сценариін менің жазуыма тура келді. Айекең ерінбей-жалықпай, үтір, нүктесіне дейін қалдырмай оқып шығып, кей жеріне өзінің ұсынысын айтып түзетіп, машинкаға қайта бастырып, бір данасын өзіне әкеліп беруді өтінді. Солай жасадық.
Бір күні құрметті қонақтарымыз да келіп жетті. Атақты жазушымен бірге Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов, Мүсілім Базарбаев, т.б. да мен жыға танымайтын оншақты ақын-жазушы ілесіп келді. Сол кездегі дәстүр бойынша құрметті пионер қатарына қабылдап, мойындарына алқызыл галстук байладық. Интернатты аралап көріп болған соң, кеңшардың Мәдениет үйінде оқушылар өз өнерін көрсетті. Қонақтар өнертанушы ғалым Гүлзада Есбергенова, академик, профессор Адамбек Татенов, музыка пәнінің мұғалімі Исахан Исабаев, көпжылдар театр режиссеры болған, марқұм Шайманкүл Жұмалиева, қазақтан тұңғыш шыққан кларнетші қыз Күнсұлу, Мұхтар Закариянов, т.б. да шәкірттеріміздің өнерлеріне қол соғып, риза болды. Бірінші болып сөз алған жазушы жерлесіміз Сейдахмет Бердіқұлов ақ батасын беріп, өнер жолына түсулеріне кеңес берді.
Түстен кейін қонақтар мінген машина керуені Қозыбасы жайлауына қарай бет алды.
Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер көздің жауын алады.
Асхана үйі ғана бөлектеу тігіліпті. Қазанда бұрқырап қайнап жатқан ет пен тоқаш-бауырсақ иісі кең далаға тарап, қонақтардың да тәбетін ашқандай.
Алты қанат ақ үйге қонақтар кең-молынан сыйысты. Қызмет ететін қыз-жігіттер көрші үйлерге жайғасқан.
Ал кешке қонақтар жататын үйлер алыстау тігіліпті. Дастарқан үстінде қазақтың ұлттық тағамдары иін тіресіп тұр.
Асабалықты Асқар Сүлейменов қолға алды. Лили Дениге әрқайсысының атын атап, үстел үстіндегі тағамдарды таныстырып шықты. Аудармашы блокнотын алып, жазып алып жатты. Сұрақтар да қойып жатыр. Созақта, нағыз қазақ ауылында өскен Асқардың жауабы отырғандарды таңғалдырды. Лили оның сөзін жанында отырған Франциядан бірге келген құрбысына өз тілінде түсіндіруде. Ол да басын жиі шайқап, таң-тамаша болуда. Ас келгенде де Асқар әбжілдік танытып, басты кімге, не үшін қоятынын, жамбас пен төстің, жіліктің кімге лайық екенін өзге де рәсімдерді айтып түсіндіргенде француздықтардың таңғалысында шек болмады. Тамақтан соң шай келетінін де түсіндірді оларға. Ара-арасында Әбдіжәміл ағамыз да сөзге араласып, ол да романның кейбір эпизодтарына тоқталып, қазақтың әдет-ғұрпына, өзіндік психологиясына түсінік беріп отырды. Лили Дени олардың әрбір сөзін дәптеріне жазып алып: «Енді шығарманы аудару маған оңайға түсетін болды. Көп мағлұмат алдым», – деді. Қонақтар таза ауада біраз серуендеген соң шайға отырды. Француздар: «Жаңа ғана тамақ жедік, енді қай жағымызға ішеміз», – деді. Тағы да сөз тауып кеткен Асқар: «Шай… шай ішсең – көңілің жай» дейді қазақтар. Ал орыстар болса: «Если чай не пьешь, откуда силы возмешь…» дейді. Бұл сусынды сонау Абессинадан бастап, бүкіл шығыс елі қасиет тұтқан», – дей келе шығыс елдерінен шыққан ғұлама ғалымдар, ақындар жайлы мәліметті, олар ашқан жаңалықтарды ал кеп төкпелесін. Шығыс шайырларының өлеңдерін бірінен соң бірін жатқа соғып, олардың мазмұнын орысшалап отырды. Ал Махамбет пен Абай өлеңдерін жарты сағат бойы орысша да, қазақша да жатқа соғып, қонақтарды таңғалдырды. «Енді шайды қалай ішеміз» деп отырған қонақтарымыз өзгелермен бірге бірнеше самаурын шайды қалай тауысқанын білмей де қалды. Әбекең өте көңілді. Көп сөйлемесе де қас-қабақ арқылы ризашылығын білдіріп отырды.
Ертеңіне таңғы астан соң ат ойындары басталды. Қыз қуу, аударыспақ, көкпар әлементтері көрсетілді. Мұнда да Асқар Сүлейменов жетекшілік етіп, жұрт қошеметіне бөленді.
Түс кезіндегі аста Әбдіжәміл Нұрпейісов көпшілікке, аудан басшыларына көрсеткен қошеметіне дән риза екенін айтып, кітаптарын сыйлады. Ол кісінің үстіне мектеп директоры Жұмабай Жадрин шапан жапты. Өзге ақын-жазушылар да сый-құрметсіз қалған жоқ. Ал Лили Дени болса, мұндай құрметті қазақстандықтардан басқа ешбір елде көрмегенін, Мұхтар Әуезовтей, Әбдіжәміл Нұрпейісовтей жазушыларды, Әміре Қашаубаевтай әншілерді туғызған қазақ халқының меймандостығына риза болып аттанатынын көзіне жас алып тұрып жеткізді. Жоғарыда аты аталғандардың есімі француз халқына жақсы таныс екенін айтып өттік. Әбекең бастаған көш-керуен түстен соң Алматыға қарай жол тартты.
Ә. Нұрпейісовтың шығармашылық керуені исі қазақ тұрғанда осылай көш-керуен болып, ғасырдан ғасырға ұласа беретіні сөзсіз.
Мектебімізде түсірілген Әбекеңнің архивімде жарты ғасыр бойы сақталып сарғайған суреті осы жолдарды қағаз бетіне түсіруіме сеп болды.
Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,
Алматы облысы





