Қазақ отбасында қашанда әженің орны ерекше. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы. Бала ата-әженің кенжесі саналып, немерені сол кісілер тәрбиелеп, бағып-қағады. Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік. Әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні таниды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, үй шаруасына бейім, елгезек тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әже мен атадан тәлім алған немере рухани жағынан тәрбиелі, көргенді, елдің аузына ілігер азамат болып қалыптасады.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар». Әулетіміздің ұйытқысы, ақылшымыз, шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отырған асыл әжем жөнінде айтылар ой да ерекше. Мен асыл әжемнің қолында өстім. Әжемнің әрбір айтқан даналық сөздері, аңыз-әңгімелері жаныма қуат береді. Менің әжем – Сабихан Қантайқызы 1936 жылы 1 қыркүйекте Жыланды округіне қарасты Майқан ауылында дүниеге келген. Әкесі Қантай Ерғожанов 40 жыл басқармада істеген. Ұлы Отан соғысына қатысып, ел басқару ісін атқарған. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады». 1958 жылы Қарлығаш ауылындағы Нұрахметовтар әулетіне келін болып түседі. Сол шаңырақтың түтінін түтетіп, инабатты, ибалы келін бола білді. Әжем бір сөзінде енесінің көп ауырғандығын айтқан. Енесіне жақсы қарап, еш ренжімеген. Есесіне батасын алған. «Менің көп жасағаным енемнің батасын алғандықтан шығар» деп отыратын. Әжемнің еңбегі зор, «Қазақ-станның 30 жылдығы» ұжымшарында бірнеше жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Жұмыспен қатар бала тәрбиесімен де айналысты. Дана әжем алтын алқа иегері. Атам екеуі 3 ұл, 5 қызды тәрбиелеп өсірді. Осы ұл-қыздарынан бүгінде 16 немере, 10 шөбере бар. Әжем бізге өзінің ғибратты әңгімелерін көп айтатын. Көңілі қазақтың жеріндей кең. Үйге келген қонақтың аты-жөнін сұрамай төрін ұсынатын. Мен қонақ күту мәдениетін әжемнен үйрендім. Әжеммен бірге өткізген күндерімді сағына еске аламын.
Осы орайда балалық шағымдағы бір естелікпен бөліскім келеді. Бірде әжем аяғын ауыртып алды. Енді мен әжемнің қасынан бір елі шықпайтын болдым. Ата-анам таңның атысы күннің батысы жұмыста. Мен әжеммен кішкентай сіңіліме қарайлаймын. Әжемнің айтуы бойынша тамақ жасауды да үйрендім. Үйдің барлық шаруасын әжем үйретті. Бірде мектепте қыздар сайысы өтті. Мен ол сайысқа әжеммен бірге дайындалдым. Өлеңім мен өнерімді өзі үйретті. Әжемнің арқасында бас жүлдені жеңіп алдым. Үйге жүгіріп кіре салысымен сүйінші сұрап, бетінен сүйдім. Бұл менің емес әжемнің жеңісі еді. Кейінгі кездері әжем жиі ауыратын болды. Бала сияқты әр нәрсеге ренжіп қалатынды шығарды. Үнемі қан қысымы көтеріледі. Қасында жүріп қан қысымын өлшеуді де үйреніп алдым. Қан қысымы көтеріліп тұрса да білдірмей, қалжыңдап көңіл-күйін көтеруге тырысамын. Дәрісін беремін. Сабақтан келгенімше сағынып қаламын. Әжем маған үнемі: «Сабағыңды жақсы оқы. Оқыған адам ғана өз арман-мақсатына жете алады. Жалқау болма, еңбекшіл бол. Өтірік айтпа. Қиянат жасама», – деп айтатын. Ол мені адалдыққа, білімге құштар болуға үйретті. Мен әжемнің асыл қасиеттерін бойыма сіңіріп өстім. Өтірік айтпауға, орынды сөйлеуге, үлкенді құрметтеуге ұмтылдым. Ол менің ибалы да, иманды қыз болып өсуімді қалады.
Әже – тәжірибесі мол ұстаз. Ол өмірді көбірек көрген. Сол себепті де «көп білгеннен емес, көпті көргеннен сұраған» қазақ ұлт тәрбиесінде әжені жоғары қояды. Мен әжемнің арқасында әр ісімді бағамдап келемін.
Балжан Құмарғали,
11-сынып оқушысы
Қарлығаш ауылы,
Алакөл ауданы





