Адамзат тарихында биікке ұмтылу мен арманына жету үлкен қасиет десек, оның болмысы мен түп-тамыры адамның өз қолында екені айдан анық. Жылт еткен дүниені өзіне тартып, қызығушылық танытатыны, оның ішкі сыры мен құпиясын ашуға ұмтылу – асыл қасиеттердің бірі десек, алдымыздағы айтар кейіпкеріміз тура сол қапталдан шығады. Дүниеге келді, мектепке барды, оқыды, тоқыды, армандады, биікке жетті. Енді сәл кейінге шегінейік.
Күздің тамылжыған бір сәті еді. Университеттің бас ғимаратында ректорат бөлімінде тұрмыз. Қасымызда қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, тәжірибелі педагог Күлтай Әбілқасымқызы бар. Жоспарымыз – сол кездегі ректор Жомарт Жаппарұлына кіріп, кафедраға оқытушылық қызметке сұрану. Сол сәтте үстіне гүлді кофта, қысқа шалбар киген қыз келді. Қысқа, сәнді қиылған шашы да үйлесімді. Сәл жымиып өзін таныстырды. Аты Мәмилә екен. Көксудың Талапты ауылынан болып шықты. ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. Тұрмысқа шықпаған, уылжыған бойжеткен кезі.
Мәмилә бала кезінен оқуға құмар болып өскен. Әсіресе, тіл-әдебиетке жақын. 1989 жылы Талапты орта мектебін медальмен бітірген. Сол кездегі ереже бойынша мектепті медальмен бітіргендер егер оқуға түсетін емтиханның алғашқысын «5» деген бағаға тапсырса, қалған емтихандардан босатылып, бірден қабылданатын. Мәмилә Тұрғамбайқызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне бірінші емтиханын, шығармадан 5/5 алып, бірден университетке қабылданды. 1994 жылы университетті үздік дипломмен бітіріп, жолдамамен Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушылық қызметке қабылданды.
2001 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің үшжылдық аспирантурасына түсіп, екінші жылында жеделдетіп «Ерлікті бейнелеудің ұлттық өрнектері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Қасиетті қазақ жерінде құрылған атақты 28 гвардиялы панфиловшылар турасында зерттеу жоқтың қасы еді. Сондықтан болар, басылымдарда небір ойға сыймайтын, долбар деректер айтылып, сан-саққа жүгіретін сөздердің соңғы нүктесін қою, уақыт талабы-тұғын. Жетекшісі – белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали диссертанттың еңбегіне үлкен үміт артып, лайықты нәтиже беретініне шүбәсі болған емес. Екі жылдың ішінде кандидаттық диссертацияның толық аяқталып, қорғауға жіберілгені еңбегінің еленгені еді.
Әрине, ғылым жолы – күрделі жол. Бірден жаза сала қорғаудың сәті түспеді. Оның түрлі машақаты алда еді. Ол айға, тіпті жылға созылып, ғылым деген қияметтің азабын көргені Мәмиләні шынықтырды, ширықтырды. Сол сәтте қиындықтың басы-қасында жүрген Берік секілді жан жары, зайыбына демеу, қолдау жасап, бірге небір кедергілерді жеңіп, армандарына жеткен сәттің куәгері болдық.
Жолдасы Берік те педагог, мектепте физика-математика, дене шынықтыру пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Поэзиялық шығармалар мен нәзік лирикаға жақын болғандықтан, үйлерінде үнемі Мұқағалидың, Абайдың өлеңдері жиі оқылады. Мәмилә да өнерге жақын, халықтық, дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындап, ортасын әрдайым қуандырады.
Мәмилә аталған университетте 28 жылдан бері қызмет жасап келеді. Докторантурада «Жоғары мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін оқыту», «Академиялық хат», магистратурада «Жоғары мектепте филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі» пәнін, бакалавриатта «Қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Қазақ ауыз әдебиеті», «Бағалаудың өлшемдік технологиялары», «Мектептегі қазақ әдебиеті курсы» пәндерін жүргізеді.
Ғылыми жұмысқа белсене кірісіп, осы күнге дейін 2 монография, 2 оқу құралы, 75 ғылыми мақаланың авторы екенін айта кеткен жөн. Оның ішінде, 18 мақаласы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылыми сараптау басылымында, 4 мақаласы Scopus деректер базасына енгізілген шетелдік журналдарда шықса, 1 мақаласы Clarivate Analytics WoS базасында, 4 мақаласы шетелдік журналдарда, атап айтсақ, Токио, Түркия, Польша, Иран мемлекеттерінің әлем мойындаған басылымдарында жарық көрген.
Республикалық курстарда, Coursera платформасындағы халықаралық курстарда, атап айтқанда, «Communication strategies for a virtual age» Торонто университетінің курсында, «Encouraging Student Collaboration with Padlet» бойынша біліктілігін көтеруі – әріптестер арасында үлкен бедел. Өткен жылы 76 оқу орнының Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастырған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауында 718 үміткердің ішінен жеңімпаз атанып, университетіміздің мақтанышына айналды. Яғни, қазақстандық 45 жоғары оқу орнындағы 150 оқытушының әрқайсысына 2000 АЕК көлемінде сыйақы (шамамен 6 миллион теңге) және төсбелгі берілді.
Мәмиләнің әлеуметтік белсенділігі де басқа әріптестермен салыстырғанда көш ілгері. Айталық, 2019-2020 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі, 2017-2021 жылы оқу, оқу-әдістемелік құралдарды баспаға ұсынатын сараптау тобының мүшесі, 2019-2021 жылы гуманитарлық факультеттің әдістемелік жұмысының жетекшісі, 2021 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті республикалық әдістемелік бірлестігінің мүшесі, бүгінгі күнге дейін 20-ға жуық магистрантқа жетекшілік жасап, диссертацияларын сәтті қорғатты. Қазір бір докторанттың жетекшісі ретінде, ғылым мен білім саласының құпиясы мен қыр-сырын үйретіп, жастарды ізгілікке, жақсылыққа баулуда.
Мәмилә 1995 жылы шаңырақ көтерген, бүгінде үлгілі отбасының отанасы. Тұңғышы Жанерке 2016 жылы дарынды балаларға арналған Мұхтар Арын атындағы №24 экономика және бизнес арнаулы лицейін «Алтын белгімен» бітіріп, Қазақ-Британ техникалық университетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығын тамамдап, бүгінгі таңда осы университеттің ақпараттық жүйелер департаментінде сарапшы болып қызмет жасайды.
Ортаншы ұлы Жасын да №24 арнаулы лицейінің 9-сынып оқушысы, оқу озаты. Оқу-білімге жақын, түрлі білім мен жарыстарының жеңімпазы. Кенже қызы Жаннұр №19 Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы. Әке-шешесінің үміт артар балалары аман болғай.
Мерейлі Мәмиләнің болмысы осындай!
Мұратбек Иманғазинов,
Ілияс Жансүгіров атындағы
университеттің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор





