Балалық шақ әлемі – өнер адамдарының, атап айтқанда ақындар, суретшілер, композиторлардың шығармашылығында көрініс табатын тақырыптардың бірі. Өйткені, балаларға қарап қоғамның қандай күйде екенін білуге және оның болашағына бағдар жасауға болады.
Музыка тарихына үңілсек, өткен ғасырда балалық шақ тақырыбы қалыптасып, дамығаны белгілі. Өз шығармашылығының белгілі бір кезеңінде балалық шақ тақырыбына қазақ музыкасының корифейлерінен бастап (А. Жұбанов, Е. Брусиловский, М. Төлебаев және т.б.) біздің заманымыздың композиторлары да (Н. Тілендиев, Ә. Бейсеуов, Ә. Еспаев, И. Нүсіпбаев) бар ғұмырын арнаған тартқан.
Кейбір композиторлар үшін балалар тақырыбы – сазгерлік дарынның өзіндік ерекшеліктерін сипаттайтын өте маңызды және толығымен тәуелсіз шығармашылық желіні құрайтын сала. Жетісу композиторы Әділхан Адырбаев дәл осы салада өзінің шығармашылық жолын қалыптастырды. Оның шығармашылық қызметі орындаушылық және композиторлық саламен ғана шектеліп қойған жоқ, сонымен қатар ол педагог, тәлімгер, қоғам қайраткері, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің директоры ретінде де танымал.
Әділханның өмір жолына тоқталар болсақ, ол көпбалалы отбасында дүниеге келген, ерте жастан атасы Байжұма мен әжесі Мәржикеннің тәрбиесінде өскен. Атасы Байжұма – қолданбалы өнер шебері, әрі айтыскер ақын, домбырада ән мен күйді әуелеткен әнші болған кісі. Бала кезінен Әділхан атасының ән айту және домбырада ойнау өнерін бақылайтын. Баланың өнерге деген үлкен қызығушылығын байқаған атасы оған аспапта ойнауды үйреткен. Әділханның айтуынша, ол 6-7 жасында «Елім-ай», «Кеңес», «Келіншек» күйлерін орындаған. Есейе келе домбырамен халық әндерін айта бастаған. Осылайша ол ауылда өтетін мереке, тойларда өнер көрсетіп көрерменнің ықыласына бөленді. Әділханның музыкаға деген қызығушылығын атасы барынша қолдады.
Мектепте оқып жүрген кезінде ол көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Бірінші сыныптан бастап, домбырада ән мен күй орындап, сахнада өнер көрсетті. 8-сыныпта домбырашылар ансамблін ұйымдастырып, балаларды домбыра мен мандолинада ойнауға үйретті.
Әділханның балалық және жасөспірім шағы болашақ композитордың дүниетанымының қалыптасуына, рухани бағдарын анықтауына негіз салғаны анық. Музыкант болуды армандаған жас жігіт 1980 жылы Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы педагогикалық институттың музыка және ән мамандығы бойынша оқуға түседі. Онда «Жетісу» халықтық студенттік ән-би ансамблінің құрамында болып, көркемөнерпаздармен бірге іс-шараларға белсене қатысады. Музыка теориясы мен өнер тарихы білімін бойына сіңіріп, домбыра мен баян аспабында ойнаудың қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгереді. Дәл осы кезеңде Әділхан ән шығаруға және импровизациялауға ден қояды. Алғашқы туындылары балаларға арналып, «Ойынпаз», «Жалбыр-ай», «Балбөбек» деген шығармалар дүниеге келді. Ересектерге арналған алғашқы әндері – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Бақыт құсы», «Сағыныш», «Көк туым», «Сөнбейді әже шырағың» деп аталды. Әділханның осы әндерінің барлығына педагогтары мен курстастары жақсы пікір білдірді.
Институтты бітіргеннен кейін жас маман туған өлкесі – Алакөл ауданына оралады. Осы сәттен бастап қызу, жемісті музыкалық-шығармашылық жұмыс басталады. Әділхан 1984-1995 жылдар аралығында балабақшада музыкалық жетекші, мектепте музыка пәнінің мұғалімі, балалар музыка мектебінің директоры, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. Педагогикалық қызметі барысында Әділхан балаларға арналған ән жазу қажеттілігін сезінді.
– Мен балаларды өте жақсы көремін», – дейді Әділхан Қылышханұлы, – сондықтан оларды тәрбиелейтін, жақсы әсер ететін өлеңдерді үнемі іздеймін. Мұндай өлеңдерді М. Мақатаев, Ә. Ысқабай, Ә. Әрін және басқа да жергілікті ақындардың өлең жинақтарынан таптым. Соның нәтижесінде «Балабақшада», «Біз балалармыз», «Ең бастысы не?», «Не дер ең?», «Менің атам» және т.б. әндер жарыққа шықты. Олар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған.
Мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген кезде Әділхан бастауыш сынып оқушыларына арналған бірқатар ән жазды. Олар: «Әліппе», «Мектеп», «Ана тілі». Орта сыныптар үшін «Ұлан әні», «Ана тілім ардағым», «Жарқын жүзді ұстазым», жоғары сыныптар үшін «Жайнай бер, Жетісуым», «Туған ұл қазақтың бағына», «Мың балаға ақ тілек», «Қазақстаным» және т.б. патриоттық сипаттағы әндер шығарды. Осы кезеңде Әділхан өзінің жаңа әндерін домбыраның сүйемелдеуімен аудандық мәдени-көпшілік іс-шараларда орындады. Олардың ішінде туған жерге арналған «Үшбұлақ», «Шағала», «Туған жерім», «Ауылым», лирикалық туындылардан «Мен сені іздеймін», «Аңсау», «Достық туралы ән», «Жұлдыздармен қарым-қатынас» атты әндері бар.
Осылайша шығармашылыққа тереңдей бет бұрған тұста мәдени өмір қайнап жатқан облыс орталығына ауысу қажеттілігі туындады. Талдықорғанға көшкен сәттен бастап Әділханның шығармашылық жолы, шабыты мен ізденісі еселене түседі. Ол ән жазуды тоқтатпайды, үнемі ізденісте болды. Тақырып бойынша балаларға, жастарға арналған әндердің ішіндегі ең танымалдары – «Қазақстан», «Туған жер», «Елімнің Елтаңбасы», «Мұғалімдер мерекесіне арнау», «Бақытты балалар жыры», «Бар әлемнің баласы», т.б. Осы кезеңде Әділхан қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша екінші жоғары білім алады. Композитор бұрынғыдай домбыраның сүйемелдеуімен ән жазып айтумен шектелуге болмайтынын сезінді. Шығармашылық тұрғыдан кемелденген композитор сөз бен өлең талап етілетін күрделі формадағы әндер жазуға бет бұрды. Күрделі форма ұлттық-дәстүрлі жанрларда дамып, шарықтау шегіне жеткен музыкалық-поэтикалық құрылымға айналды: «ән-толғау», «ән-жыр», «ән-терме». Осы туындылардың барлығы батырлық-тарихи және батырлық-патриоттық сипатта. Оларға: «Қаракерей Қабанбай», «Толғау», «Әнші ақын Сара», «Желтоқсан ескерткішіне», «Әлия мен Мәншүк» атты туындылары жатады.
Жалпы, автордың ән шығармашылығы туралы айтатын болсақ, композитордың өзі керемет музыкант және әнші ретінде ән жанрына адал болып қалды. Әндерінің формасы жарқын, эмоционалды. Сондықтан Әділхан Адырбаевтың шығармашылығы музыка әлемінде маңызды орынға ие.
2003 жылы облыс басшылығының жоғары сеніміне ие болған композитор Қ. Байсейітов атындағы саз колледжіне директор болып тағайындалып, бүгінгі күнге дейін осы қызметті адал атқарып келеді. Колледжде қызмет ету барысында да қарқынды, жемісті композиторлық қызметті жалғастыру оған кедергі етпеді. Әділхан колледждің әнұранын жазды, музыкасының ғана емес, мәтінінің де авторы да болды.
Ә. Адырбаев композитор ретінде көптеген шығармашылық конкурс, фестивальдар мен байқауларға қатысты. Композиторлық қызметтің нәтижесінде екі авторлық жинақ жазып және оларды баспадан шығарды. «Жер жанаты Жетісу – ән мен күйдің қанаты» атты жинақта әртүрлі жанрдағы шығармалар – әндер мен күйлер, фортепианоның сүйемелдеуімен, сондай-ақ, қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындалатын туындылары жинақталған. «Бақытты балалық шақ әуендері» атты келесі жинағында фортепианоның сүйемелдеуімен жазылған барлық әні қамтылды. Бұл жинақта балаларға, ұстаздарға арналған оқу және концерттік репертуар топтастырылған. Қазақстанның Халық әртісі, профессор Қ. Байбосынов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ж. Жүзбай, ҚазҰӨУ кафедра меңгерушісі, доцент С. Абдинуров, Қазақстан композиторлары халықаралық одағының мүшесі М. Егінбаев осы басылып шыққан еңбектерге оң пікір мен жоғары баға берді.
Балабақша бүлдіршіндеріне, мектеп оқушыларына арналған «Бақытты балалық шақ және жастық шақ әуендері» жинағындағы әндердің тақырыбы алуан түрлі, сол кезеңдегі өмірдің кезеңдерін бейнелейді. Барлық әнде адамгершілік тақырыбы басым, ұлттық реңк пен тәрбиелік мәнге ие, балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін оятады.
Ә. Адырбаевтың әндері балаларға қолжетімді музыкалық тілмен (шағын диапазон, ладтық орнықтылық, қарапайымдылық және әуен мен ырғақ, қайталанудың үлкен рөлі) көрініс тапқан. Педагогикалық міндеттерге байланысты кіші және орта жастағы балаларға арналған әндері ырғақты, бейнелі және әуезді болып келеді. Композитор баланың жеке басының қалыптасуы мен ішкі әлеміне үңіледі. Саналы түрде ол жастарды адамгершілік-рухани құндылықтарды түсінуге ұмтылдырады.
Ә. Адырбаевтың еліміздің балалар музыкасына қосқан үлесін бағалай отырып, оның музыкасы қарапайым, бедерлі және ықшамды, ән міндеттеріне толық сәйкес келетінін, балалардың оны оңай қабылдайтынын ерекше атап өтуге болады. Композитор шығармашылығының ең маңызды ерекшелігі – балалар мен жастарға арналған барлық әндерінде жақсылық, сұлулық, адамгершілік және эстетикалық құндылықтар көрініс табады.
Жақында Ә. Адырбаев мерейлі 60 жасқа және шығармашылық қызметіне 35 жыл толды. Сазгердің тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне талмай қызмет етіп, жастарға тәрбие мен музыкалық-эстетикалық білім беру саласында атқарып жатқан еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз.
Б. МҰСТАФИН,
доцент, музыкатанушы,
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі





