Әр жыл сайын мектеп жетіспеушілігі, мектептегі бала санының артуы, тозығы жеткен білім ордасында оқушылардың білім алып жатқаны жайлы келелі мәселе қозғалатыны анық. Осындай үлкен мәселені шешу үшін мемлекеттен арнайы бағдарлама құрылып, кезең-кезеңімен білім ұясының санын арттыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Сондай ауқымды шараның бірі Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласының маңында орналасқан Ортатөбе ауылында басталды.
Бұған дейін ауыл балалары Панфилов атындағы аядай ғана орта мектепте білім алып келген болатын. Енді, міне, келер жылы жаңа мектепте оқитын болады.
Ортатөбе ауылында 180 орынды мектептің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары 20 қазанда басталып, нысанды аяқтау мерзімі келер жылдың 20 қыркүйегіне белгіленген. Негізгі тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Жұмысты жүргізу мекемесі «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС.
Жаңа мектептің құрылысына келісімшарт бойынша облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Бүгінде оның біршама бөлігі игерілген. Қазіргі уақытта мектептің жертөлесі қазылып, бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Учаскенің басшысы — Е.Ниетбаев.
Аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Расул Маңғалдың айтуы бойынша, құрылыс алаңында төрт техника, он адам жұмыс істеуде. Екі техника қазу жұмыстарымен айналысса, екі «КамАЗ» қиыршық тас төгу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан кейін құрылысшылар негізгі жұмысқа ауысады. Сол кезде құрылысқа қосымша жұмысшы тартылады деп жоспарланған.
Ауа райының қолайлы болуына байланысты құрылыс жұмыстары қарқынды, техникалар тынымсыз еңбек етуде. Қажырлы еңбектің арқасында Ортатөбе ауылының оқушылары келер жылы заман талабына сай жаңа мектепте білім алмақ. Көп жылғы түйінді мәселе оңды шешім тапқаны ауыл тұрғындарын ерекше қуантқаны анық.
Ришад ТҰРҒАНБАЙ
Қаратал ауданы
Алматы облысы





