Алматы облысында жүкті әйелдер мен балаларға, лактация кезеңіндегі аналарға Pfizer вакцинасы салынып жатқанына екі аптаның жүзі болды. Вакцинаны сақтау үшін Талдықорған қаласында -80 градусқа дейін суытатын екі тоңазытқыш сатып алынған.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, тоңазытқыштан шығарылған вакцина 12 сағат ішінде келесі сақтау орнына жеткізілуі тиіс. Тасымалдау үшін арнайы термоыдыс пайдаланылады.
Бүгінде Pfizer вакцинасы барлық аудан, қала емханаларына жеткізілді. Бір құтыдағы вакцина 6 адамға арналған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова мен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Әлия Шагиахметованың жол бастауымен БАҚ қызметкерлері бірнеше ауданның вакцина салу пункттерін аралап қайтты. Мақсат – жаңа вакцинаның қалай салынып жатқаны мен қайта вакциналауға медицина мекемелерінің дайындығын көру. Әзірге қайта вакциналау Талдықорған қаласы мен Қаратал ауданында жүзеге асырылуда.
Пресс-тур аясында Қапшағай қаласы ауруханасының директоры Айман Рақышева балалардың пневмонияға шалдығуы көбейгенін айтты. «Бір тәулікте 800 балаға «Жедел жәрдем» жібердік. Бір жасқа дейінгі балалар да шетінен сырқаттанып жатыр. Бүгінде ауруханаға 70 адам жатқызылып, ем-шара жасалуда. Солардың 40-ы бір жасқа толымаған балалар. Бүлдіршіндердің қызуы көтеріліп, тамағы ауырып басталуда. Жөтел де бар. Екі бала жансақтау бөлімінде», – деп жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғандарын айтты. Бүгінге дейін қалада 54 адам Pfizer вакцинасын салдырған. Олардың 6-уы жүкті әйел. Ауруханада коронавирус кеселін емдеуге арналған екі айлық дәрі қоры бар. «Жедел жәрдем» бригадалары тоқтаусыз жұмыс істеуде.
Ал Панфилов ауданында коронавирус сырқатына шалдығушылар саны азайған. Күзден бастап жағдай біршама тұрақталған. Аудан тұрғындарының саны – 130 мың. Солардың жартысынан көбі коронавирусқа қарсы екпе алған. Ауданға 72 Pfizer вакцинасы әкелінген. Біз барған кезде соңғы әкелінген вакцинаны балалар салдырып жатыр екен. Барлығы 6 бала екпе алды.
Он сегіз жасқа дейінгі балалардың ата-аналары вакцина салдырғанда қастарында болуы тиіс. Сондықтан Жанболат есімді ұлдың анасы сол жерде екен. Ханымбүбі Нүсіпбекова ұлының вакцина салдырғанын қолдайтынын айтты. «Баламның амандығы үшін екпе салдырғанына қарсы емеспін. Уақытында салдырғанын құптадым», – дейді Жанболаттың анасы. Ауданда лактация кезеңіндегі 18 әйелге екпе жасалған.
Ұйғыр ауданында да вакцинаны салу қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін өңірде «Комирнати» вакцинасымен 72 адам егілген. Оның алтауы бала. Болашақта 5033 баланы егу жоспарлануда. Жүкті әйелдердің 334-не вакцина салынбақшы.
Кербұлақ ауданында эпидемиологиялық кезең басталғалы COVID жұқпасының 1197 жағдайы тіркелген. Оның 74-і оқушы. Алдағы уақытта 12-18 жас аралығындағы 3813 бала «Комирнати» вакцинасын салдырмақшы. Бүгінде 18 әйел екпе салдыруға ниет білдіріп отыр. Аудандық аурухана бас дәрігерінің айтуынша, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде ата-анасының жазбаша келісімімен 24 оқушы егілген. Сондай-ақ, Сарыөзек ауылы мектептерінің оқушыларына 24 доза салынған.
Екпеге қатыстырылатын дәрігерлер семинарға жіберіліп, білім-білігін көтеруде. Оларға арнайы аттестациядан өткен соң ғана рұқсат қағазы беріледі. Оқушы екпе алғаннан кейін 30 минут емханада дәрігердің қадағалауында болады. Үш күн бойы медициналық бақылау жүргізіледі. Ауданда санитарлық талапқа сай 50 егу пункті бар. Оның 18-і медициналық пункттерде, 32-сі мектептерде ұйымдастырылған.
Райымбек ауданында коронавирус жұқпасымен 210 лабораториялық расталған жағдай тіркелген. Ауданда «Комирнати» вакцинасымен 1528 баланы егу жоспарланып отыр. Барлығы 553 жүкті және бала емізетін әйелдерге екпе салу жоспарлануда. Бүгінге дейін өңірде 48 адам аталмыш вакцинаны еккен.
Медицина саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған арнайы топ бірнеше ауданды аралап шықты. Пресс-тур кезінде Pfizer вацинасының салынуын бақылау, қайта вакцинациялауға дайындықты назарда ұстау мәселелеріне жауап алынды. Вакциналау жұмысы бірқалыпты жүзеге асырылуда. Вакцина салдырғандардың жағдайы да қалыпты. Pfizer вакцинасының салынуы мен қайта вакциналау шараларының жүзеге асырылуы алдағы уақытта да арнайы топтың бақылауында болады.
Гүлжан ТҰРСЫН
Алматы облысы





