Қаратал жерінде жиырма жыл тұрып, ауданда «Nur Otan» партиясын, кейіннен Кеңес одағының тарауымен бірге өшіп кеткен «Ауылшаруашылық саласы кәсіподағы» қоғамдық ұйымын құрып, соларды біліктілікпен басқарған журналист Ғабдул-Сәбит Юсуповты Қаратал халқы ұмыта қойған жоқ.
Ол қазір Алматы қаласында тұрып жатқанымен, киелі Қаратал топырағынан тамырын үзген жоқ. Қайда жүрсе де: «Қыдыр қонған қасиетті Қаратал өлкесі менің отбасыма жақты. «Мәңгілік күрес» атты тұңғыш повесім, оның артынан Сарыбұлақ ауылының тұрғыны «Батыр ана» Мәкен Смайылова туралы «Ананың ақ таңы» атты деректі кітабым осы киелі жерде жарық көрді. Сол сияқты «Кислый бандасының күйреуі» атты детектив жанрындағы көркем еңбегім де осы Қаратал жерінде жазылды. Осының бәрі қасиетті Ескелді би, Балпық баба бастаған он сегіз кие қонған әулие, көріпкел, батыр бабалар рухының мені қолдауынан», – деп ризалықпен айтып жүргенін талай естіген едік.
Өткен жылы Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Соғыстан соңғы ұрпақпыз» атты роман-трилогиясы жарық көріп, ол кітап туралы мен «Қаратал», облыстық «Jetіsý» газеттеріне оңды пікір білдірген едім.
Биыл да Қаратал ауданының тұрғыны «Жалдыбаев» шаруа қожалығының төрағасы, меценат Оразғали Жалдыбаев туралы «Орындалған әке арманы» атты деректі повесі жарық көрді. Енді, міне, арада аз ғана уақыт өткенде Ғабекеңнің «Ұстаз ұлағаты» атты кітабы басылып шықты. Жерлес журналист ағамызға: «Жазарыңыз көбейе берсін! Қызықты көркем дүниелеріңіз, әсіресе, қасиетті Қаратал ауданының атпал, абзал азаматтары жайындағы кітаптарыңыз көптеп шыға берсін!», – деген ақжарма тілегімізді білдіреміз.
Асхат ӨМІРБАЕВ





