«Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны 1998 жылы иммунобиологиялық препараттар мен медициналық өнімдерді өндіретін жекеменшік мекеме ретінде ашылған болатын. Мұнда алғашқы кезеңнен бастап иммунобиологиялық препараттардың 17 түріне жататын 30 атаулы диагностикалық тест жүйелері, реагенттер, қоректік және тасымалдау орталарына қатысты препараттар және екі медициналық өнім шығарылып келген.
Бүгіндері 127 адам еңбек ететін кәсіпорында 3 ғылым докторы, 8 ғылым кандидаты, 11 PhD докторы, 8 докторант пен 14 магистрант ғылыми және өндірстік жұмыспен айналысып келеді. 38 адамның медицина, биотехнология, ветеринария саласы бойынша түрлі ғылыми атақтарының бар екені ұжымның шығармашылық қауқарын аңғартса керек. Шетелдердегі танымал оқу орындарында білім алған, бірнеше тіл білетін жастардың қатары артып келе жатқаны да қуантады.
– Алғашында үш адамнан басталып, уақыт оза келе қанатын кеңге жайған мекеменің өндірістік ғимараттары бүгінде 5 мың шаршы метрді құрап отыр, – дейді «Антиген» кәсіпорнының басшысы Нұрлан Ахметсадықов. – Мұнда орнатылған қондырғылар халықаралық стандарттарға сай, озық әрі заманауи технологиялармен жабдықталған. Оның ветеринария және медицина салаларына арналған бөлімдері бір-бірінен дербес жұмыс жасап келеді. Биыл облыс әкімінің қолдауымен жалпы құны 400 млн. теңге болатын жаңа технологиялық құралдарды әкеліп орнаттық. Осы қондырғыда «Qazvac» вакцинасының валитациялық (тексеру) серияларын құйдық. Мұны Отардағы ғылыми-зерттеу институтының өндірістік алаңы ретінде жүзеге асырып отырмыз.
Иә, бүгінгі күні коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жайлы айтылғанда осы «Антиген» кәсіпорны жиі ауызға алынып жүргені мәлім. Себебі, вакцинаны жасап шығару бар да, оны тұтынушыларға сапасын жоғалтпай, жарамды күйде жеткізу бір бөлек. Елімізде осы жұмысты талапқа сай атқара алатын мекемені іздеген кезде «Антиген» кәсіпорны лайықты деп табылғаны көп жайды аңғартса керек. Мемлекет тарапынан жасалған қосымша көмектің нәтижесінде бес ай ішінде жаңа қондырғылар түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, «Qazvac» вакцинасын құтыларға құю құқығына ие болып отыр. Яғни, кәсіпорын Отардағы ғылыми-зерттеу институтымен арадағы келісімшарт бойынша өндірістік алаң ретінде танылған. Мұнда құйылған вакцина халықаралық дәрежеде мойындалып, сұранысқа орай шет мемлекеттерге шығару мүмкіндігіне ие болып отыр. Мұның сыртында «Антиген» кәсіпорнында коронавирус инфекциясын анықтайтын тест тампондарын сақтайтын, тасымалдайтын шыны және пластикалық қоректік орта өндіріп келеді. Яғни, мұрын мен тамақтан алынған вирус таяқшалары зертханаға дейін сыртқы әсерлерге ұшырамай жеткізілуіне қажетті сұйықтық пен құты да осы жерде жасалады. Бұған дейін шет мемлекеттерден жеткізіліп келген мұндай құралдар тек осы жерде өндірілетінін де айта кету керек. Мұның сыртында кәсіпорын еліміздегі биологиялық зерттеу институттарының кез келген препараттарын өте жоғары тазалық деңгейінде құтыға құю жұмыстарын атқара алады.
Жоғары білікті мамандардың араласуын қажет ететін мұндай жұмыста әріптестерінің сый-құрметіне бөленген адамдардың болуы да заңдылық. Атап айтқанда, жұқпалы аурулар саласының маманы, шет мемлекеттермен жұмыс тәжірибесі мол, медицина ғылымдарының докторы Сәуле Тоқанбаева кейінгі жастар үшін үлгі болып келеді. Сол сияқты, ғылым кандидаты, бактериялогиялық және тамақ қауіпсіздігі саласының маманы Шынар Ахметсадықованың, физикалық, химиялық зертхана меңгерушісі Мөлдір Нұрсейітованың еңбегін ерекше атап өткен орынды. Негізінен тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатын бұл зертханада тамақтың, ара балының құрамындағы зиянды заттар, пестицидтер мен ауыр металдар анықталып, халықаралық дәрежеге сай сараптама жасалады.
Несіне жасырамыз, Қазақстанда қарапайым медициналық құралдар мен препараттар өндіру қолға алынғанымен, күрделі процестерді қажет ететін дүниелер қат болып отыр емес пе? Осы орайда Отардағы ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарияның бастауымен және мемлекет қолдауымен «ҚазБиоФарм» деген холдинг құру қолға алынуда. Осы жоба жүзеге асырылғаннан кейін ауру қоздырғышының негізінде өндірілетін, өте қауіпті препараттарды шығару қолға алынады деп күтілуде. «Антиген» мекемесі осындай ірі жобаларға қатысып, халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге лайықты үлесін қосуға қазірдің өзінде дайын.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Абай ауылы,
Қарасай ауданы





