Қазіргі таңда пандемияға байланысты үй тамақтарына онлайн тапсырыс беру көбейді. Бірақ біз дәл осы тұста қандай тәуекелге барамыз? Қандай қауіптің барын білеміз бе? Бұл туралы «Жетісу» газеті Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Үй жағдайында дайындалған тамақтарды (торттар, тәтті нандар, суши, чебурек, нан-тоқаш өнімдері және басқалары) әлеуметтік желілер арқылы өткізу жыл сайын қарқынды дамуда. Себебі өте айқын: қазіргі адамдардың көпшілігі өмір темпі өте қарқынды саналатын қалаларда өмір сүреді. Қалалық абыр-сабырдың әсері бәрінен байқалады, тіпті тамақтануда да!
Уақыттың тығыздығына байланысты, тапсырыс беріп тамақтану әдетке айналуда. Бірақ әлеуметтік желілерден тағамға тапсырыс берер алдына оны қайда, қалай және кім дайындайтыны жайлы ойлаңыз. Мүмкін өнімді лас үй-жайда, дайындауға қажет қарапайым жағдайлар жоқ жерде пісірген шығар? Бәлкім, шикі және дайын өнімдерді бір ыдыста, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнімдерді қоса салған болар? Әрине, сіз мұны білмейсіз.
Ал тамақты дайындайтын адам бактерия тасымалдаушы болуы немесе жұқпалы аурулармен науқастанып, сізге және сіздің балаларыңызға зиян келтіруі де мүмкін екенін есте ұстаңыз! Бұл жағдайдың орын алмауына сізде ешқандай кепілдік жоқ.
Сіздің және сіздің балаларыңыздың денсаулығы бәрінен маңызды! Егер сіз ауырып қалсаңыз және оған желі арқылы тапсырыс берілген тағам себеп болса, интернеттегі белгісіз тұлға жауапкершілікке тартыла ала ма? Сондықтан, өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыздар! Үйге тамақ тапсырыс берерде сақтанып, дайындалуы күмәнді болса, мұндай қадамнан бас тартыңыздар.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





