Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, шебер журналист, қарымды қаламгер Күмісжан Байжанның «Туған жер – тұмарың» атты кезекті бір кітабы жарыққа шықты. Осыған орай аудандық кітапханада жинақтың тұсаукесері болды. Бұл – қазақ журналистикасына қырық жылдан астам уақыт қызмет етіп, өңір баспасөзін дамытуға елеулі еңбек сіңірген жазушының сегізінші кітабы.
Шараға алыс-жақыннан зиялы қауым өкілдері, автордың ет жақындары мен рухани шәкірттері келді. Жиын тізгінін қолына алған белгілі жазушы-журналист Манарбек Ізбасар сиясы кеуіп үлгермеген кітаптың маңызына тоқталып, кеш барысында автордың жүректен шыққан жазбаларынан сыр тарқатып отырды.
Әр үйдің төрінен орын алар рухани қазынада аудан туралы мол мәлімет қамтылған. Ет жүрегі елім, жерім деп соққан Күмісжан Құдайбергенқызы бұл кітабында осы өңірдің тарихы, ел мен жер байлығы туралы толғанып, осындағы атпал азаматтардың қоғамдағы орны мен рухани келбетін жаңа қырынан ашады. Кітапта әсіресе ана туралы толғанысты ой иірімдері, ата-анаға деген перзенттік махаббатқа толы жазғандары өте әсерлі.
Тұсаукесер рәсімі орындалып, рухани дүниенің алғашқы даналары оқырманға таратылды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев сөз алып, баспасөзге өзіндік қолтаңбасымен айшықты із салған авторға деген ізгі тілегі мен ілтипатын жеткізді.
Жинақ туралы толымды ой-пікірлерге кезек беріліп, автордың еңбегі сан қырынан атап өтілді. Алматыдағы «Арда» баспасынан шыққан кітаптың мән-маңызы жөнінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтаев тебіреністі ойларымен бөлісіп, жан-жүрегімен жазылған еңбекте қаламгердің жүрек лүпілі анық сезілетінін жеткізді. Академик журналист, «Жетісу» газетінің ардагері, еңбек жолын осы ауданнан бастаған Жұмаш Арғымбайұлы сонау оқушы кезінен-ақ Күмісжан қыздың журналистикаға деген құштарлығын байқағанын, мектептен жазған мақалаларын аудан орталығындағы редакцияға Жамбыл ауылынан жаяу әкеліп тапсыратын еңбекқорлығына сол кезде тәнті болғанын айтты.
Күмісжан Байжан аудандық газеттегі ұзақ жылғы басшылықтан кейін біраз жыл республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде Алматы облысы бойынша меншікті тілші болып жемісті жұмыс істегені белгілі. Соған орай еліміздің басты басылымынан арнайы келген журналист Айнаш Есали «егемендік» әріптестерінің ыстық ықыласын жеткізді. Ақын Гүлнәр Өмірзақова авторға арнаған өзінің «Жан әпке» өлеңін оқыса, ардагер ұстаз әрі өңір баспасөзінің штаттан тыс тілшісі қарғалылық Виктор Никитин әсерлі сөзін айшықтады. Сондай-ақ, ауданға белгілі кәсіпкер, руханият жанашыры Жанжігіт Байжігітұлы автордың жүректен шыққан дүниелерін оқығанда алған керемет әсерімен бөлісті.
Аңқылдаған ақ жүрек әпкем менің,
Ақталар-ау түбінде төккен терің.
Ұл-қызына еліңнің пана болып,
Жақсылықтың шапағын сепсем дедің.
Жанартаудай долданып күйіп-жанып,
От-жүрегің тұрады шамырқанып.
Алды-артыңды аңдамай отқа түсіп,
Хан алдына барасың киіп-жарып.
Жұбатасың байқамай құлағанды,
Соқпағынан түзейсің бұралаңды.
Жетім менен жесірді жебеп жүрсің
Жинап алып жаныңа жылағанды.
Маған осы ұнайды шапқыласың,
Жоқ-жітікті көргенде тақ тұрасың.
Баз кешіп кеткенді де дүниенің
Тұңғиық тереңінен ап шығасың.
Сендей адам аз мына күресінде,
Өзге үшін Сіз осы өмір сүресіз бе?
Уақыт таппай дертінен емделуге
Белсеніп-ақ шығасың күресуге.
Содан жаның керемет күй кешеді,
Басқа болса дәл сіздей күймес еді.
Шындық үшін шырылдап отқа түсіп
Неге осы әпкеміз жүр деседі…
Ал сіз үшін осының өзі бақыт,
Ақ тілекті арнайсыз сөзі жақұт.
Өзің жаққан отыңа жылынып ап,
Сөйлейікші біздер де асып-тасып, – деген жыр жолдарымен кешті түйіндеген Манарбек Ізбасар өзі еңбек ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің баспасынан шыққан «Жамбылдың мәңгілік жарқын жолы» жинағының он данасын жамбылдық оқырмандар үшін әкелгенін алға тартып, аудандық кітапхана директоры Бибінұр Ыбырайжановаға табыстады.
Шара соңында аудандық «Сүйінбай сазы» ансамблінің әншілері Гүлниза мен Әнуар туған жер туралы әндер орындады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы





