Жамбыл ауданында жалпы пандемия басталғалы бері 11 адам көз жұмған.
Тәжтажал жер әлемді жаулағаннан бері Жамбыл ауданында 3214 адам коронавирусқа шалдыққан. Өкінішке қарай, 11 адам індеттің ілмегінен шыға алмай, қайтыс болған. Бүгінгі таңда 36 тұрғын ауруханада ем қабылдап жатыр.
Жамбыл ауданы бойынша 1-санаттағы инфекциялық төсек-орын саны — 80. Оның толымдылығы — 45,0 пайыз. Өңірде вирусқа қарсы егу жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Вакцинаның бірінші бөлігін 70208 адам салдырса, екінші компонентті 61752 тұрғын қабылдаған.
Айта кетейік, ауданда жыл басынан бері білім беру ұйымдарында коронавирустық инфекцияға шалдығу бойынша 60 дерек тіркелген.
Індет жұқтырушылардың ең көбі №3 Қарғалы орта мектебінде, Т.Рысқұлов пен Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептерде анықталған.
Алматы облысы бойынша КВИ-дің өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,3 пайыз деңгейінде тұр. Соңғы аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Қаратал, Сарқан аудандарында және Текелі қаласында байқалды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





